ОБЛЫСТА ЭКОНОМИКАНЫ ӘРТАРАПТАНДЫРУ ЖАЛҒАСУДА

Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру, отандық өндірісті күшейту, импортты алмастыру және халықты тұрақты жұмыспен қамту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен Инвестициялық штабтың кезекті мәжілісі өтіп, өңірде жүзеге асырылатын жаңа өндірістік жобалар мен инвестиция тарту жұмыстары жан-жақты қаралды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, аудан және қала әкімдері, басқарма жетекшілері, сондай-ақ шетелдік және қазақстандық инвесторлар қатысты. Күн тәртібінде 2026 жылы іске асырылуы жоспарланған инвестициялық бастамалар таныстырылып, әр өңірдегі инвестициялық белсенділіктің нәтижелері сараланды.

Отырысты ашқан облыс әкімі инвестиция – экономиканың негізгі қозғаушы күші екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа жобалар өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға, жергілікті тұрғындардың табысын арттыруға және бюджетке түсетін кірісті көбейтуге мүмкіндік береді. Сондықтан әрбір аудан мен қала басшысы инвестиция тарту мәселесіне айрықша көңіл бөліп, инвесторларға қолайлы жағдай жасауы тиіс.

Нұралхан Көшеров:

– Әрбір инвестициялық жоба – жаңа жұмыс орындары, заманауи технология, қосымша салық түсімі және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадам. Біз инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетеміз. Жер бөлу, инфрақұрылым тарту, рұқсат құжаттарын рәсімдеу сияқты мәселелер жедел шешіледі. Бұл жұмыстардың барлығы Президент тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып, өңір экономикасының тұрақты дамуына негіз болады, – деді.

Штаб отырысында Түркістан қаласындағы арнайы экономикалық аймақта жүзеге асырылатын жаңа өндіріс орны таныстырылды. Аталған жоба аясында ПВХ құбырларына арналған арматура, түрлі ленталар, тамшылатып суару жүйесіне қажетті құбырлар өндіретін жабдықтар және тоқылған су шлангтері шығарылады. Бұл жоба құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларын сапалы өніммен қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті азайтуға ықпал етеді.

Сонымен қатар Сауран ауданындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында іске асырылатын бірнеше ірі жоба қаралды. Олардың қатарында «BOSHIRAN XINJIANG» компаниясының ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру және өндіру жобасы бар. Бұл кәсіпорын іске қосылғаннан кейін заманауи техникалар жергілікті жерде шығарылып, агросектордың тиімділігін арттыруға жол ашады.

«Lihua Group» серіктестігі карбамид тыңайтқыштарын және мақта майын өндіретін зауыттар салуды жоспарлап отыр. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құнын төмендетуге, химия өнеркәсібін дамытуға және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Ал «BAKS Innovations Inc. — CAESG Platform» биомассаны терең өңдеу және көміртегін байланыстыруға арналған жоғары технологиялық кешен құруды көздейді. Бұл экологиялық таза өндіріс жасыл экономиканы дамытуға серпін береді.

Бұдан бөлек, Yassy Energy серіктестігі трансформаторларға арналған гофрленген қабырғалар, қақпақтар және магнитөткізгіштер шығаратын зауыт ашуды жоспарлап отыр. Энергетика саласына қажетті өнімдерді жергілікті жерде өндіру инженерлік индустрияны нығайтып, жаңа мамандарға сұранысты арттырады.

Жобаларды жүзеге асыру үшін жер телімдерін бөлу, инженерлік инфрақұрылым жүргізу және техникалық шарттарды рәсімдеу мәселелері талқыланып, жауапты басқармаларға нақты тапсырмалар берілді. Облыс әкімі барлық ұсыныстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын тапсырды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Сарыағаш ауданы мен Арыс қаласында іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың барысы қаралды. Арман Абдуллаев мен Қайсар Маңқараев өңірлерде жүргізілген жұмыстар, шетелдік инвесторлармен өткен келіссөздердің нәтижелері және алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады.

Инвестиция тарту – тек жаңа кәсіпорындар ашу емес, сонымен қатар өңірдің экономикалық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған маңызды тетік. Жаңа өндіріс орындары іске қосылған сайын тұрақты жұмыс орындары көбейеді, жастарды жұмыспен қамту мүмкіндігі артады, кәсіби кадрлар даярлауға сұраныс өседі. Сонымен бірге бюджетке түсетін салық көлемі ұлғайып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қосымша мүмкіндік пайда болады.

Соңғы жылдары Түркістан облысы инвестициялық тартымдылығы жоғары өңірлердің біріне айналды. 2025 жылы облыс экономикасына 1,7 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім көрсеткіші 121,6 пайызды құрады. Жалпы құны 340 млрд теңгені құрайтын 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

Биыл да осы қарқын сақталып, өңірге 1,7 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа жалпы құны 369 млрд теңгені құрайтын 67 инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы қол жеткізу көзделуде. Нәтижесінде өнеркәсіп өндірісі ұлғайып, экспорт көлемі артып, ішкі нарықтағы отандық өнімдердің үлесі көбейеді.

2026–2029 жылдарға арналған жалпы құны 2,7 трлн теңгені құрайтын 122 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. Бұл жобалар толық іске асқан жағдайда 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке 100 млрд теңге көлемінде салық түседі деп күтілуде. Алдағы бес жылда жалпы өңірлік өнім көлемін 2,7 есеге, ал өзіндік кірістерді 2,3 есеге арттыру жоспарланған.

Төрт айдың қорытындысы бойынша Түркістан облысының экономикасы 125,2 пайыздық өсім көрсетіп, республикада бірінші орынға шықты. Бұл – өңірде инвестициялық саясаттың тиімді жүзеге асырылып жатқанын айғақтайды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі инвесторларға өңірге деген сенімі мен белсенді ынтымақтастығы үшін алғыс айтып, барлық жобалардың орындалу барысы тұрақты бақылауда болатынын жеткізді. Сондай-ақ жауапты мекемелерге инвесторлармен тығыз жұмыс істеп, әрбір бастаманың табысты жүзеге асуына толық қолдау көрсетуді тапсырды.

Түркістан облысында қолға алынған жаңа өндірістік жобалар Президенттің ел экономикасын нығайту және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі стратегиялық міндеттерін орындауға бағытталған. Бұл бастамалар өңірде өндіріс көлемін ұлғайтып, импортты алмастырып, экспорттық әлеуетті күшейтіп, ең бастысы – мыңдаған азаматты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.