ҚҰРЫЛТАЙ – ӘДІЛДІКТІҢ ҚАЗЫҒЫ
Қазақтың ұлан-ғайыр сахарасында демократия ұғымы бүгін ғана пайда болған жоқ. Оның тамыры тереңде жатыр. Хан мен қараның, би мен батырдың, ел ағасы мен бұқараның сөзін тоғыстырған дала дәстүрі халқымыздың саяси мәдениетінің қайнар көзі саналады. Қазақ шежіресіне көз салсақ, халқымыздың тағдырын айқындаған талай тарихи шешімдер ел болып ақылдасудың, алқалы басқосудың, ортақ мәміленің нәтижесінде қабылданғанын көреміз.
Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның «Жеті жарғысы» – сол дала демократиясының құқықтық негіздерін қалыптастырған тарихи белестер еді. Көшпелі өркениеттің құқықтық дәстүрі елдің бірлігі мен жердің тұтастығын, ар мен намысты, адам мен қоғам арасындағы жауапкершілікті реттеген дала заңдарымен бекіді. Қазақ қоғамында ел тағдыры елмен ақылдасып сараланды. Билердің сөзі тыңдалды. Даулы мәселе бітіммен шешілді. Көптің пікірі ескерілді. Сондықтан қазақ үшін «Құрылтай» деген сөздің қадірі де, қасиеті де бөлек. Қазақ танымындағы Құрылтай елдік шешімнің, ортақ мәміленің, халық сөзіне құлақ асудың символы.
Бүгін біз осы тарихи ұғымның жаңа дәуірдегі мазмұнына куә болып отырмыз. Жаңа Конституция еліміздің саяси жүйесіне жаңа кезеңнің негізін қалап берді. Еліміздегі жоғары заң шығарушы өкілетті органның Құрылтай деп аталуы – ұлттық мемлекеттілік дәстүрі мен қазіргі заманғы саяси институттардың сабақтастығын айшықтаған іргелі қадам болды. Құрылтайдың қайта оралуы – тарихы терең, мемлекеттілік дәстүрі қалыптасқан жұрттың өз тамырын заманауи саяси жүйемен байланыстыруын көрсетеді. Қазақта елдік ой да, билік мәдениеті де, құқықтық дәстүр де болмаған деген шала түсінікке бұдан артық жауаптың қажеті шамалы.
Тарихымызда бар Құрылтайды қайта тіктегеніміздің астарында үлкен мән жатқанын қоғам білуі қажет. Құрылтайдың аты халықтың есінде қалған тірі тарих, оның мазмұны бүгінгі күннің жауапкершілігімен толығып отыр. Жұртымыздың тағдыры таразыға түскен тұста елдің сөзін тыңдау, көптің пікіріне тоқтау – халқымыздың ежелден келе жатқан саяси мәдениетінің өзегі болған. Елдік пікір ескерілетін Құрылтайдың мінберінен халықтың сөзі естіледі, елдің мұңы айтылады, қоғамның талабы заңға айналады деген пайым жатыр. Халық пен мемлекет арасындағы байланысты бекемдеудің жолы осы болса керек.
Елдің жаңа саяси бағдарын түзген жаңа Конституция тек құқықтық нормалардың жиынтығынан тұрмайды. Ата Заң азамат пен мемлекеттің өзара жауапкершілігін жаңа деңгейге көтеретін қоғамдық келісімнің жаңа мазмұнын бекітті. Құрылтай сол келісімнің саяси мінбері міндетін атқарады. Сондықтан бүгінгі Құрылтайдың алдында тұрған міндет те айқын. Ол – халықтың сенімін ақтау, қоғамның мәселесін білу, заң шығару деңгейін көтеру. Ең бастысы, қабылданған шешімдердің халықтың күнделікті өмірінен көрінуін қамтамасыз ету.
Биылғы Құрылтай сайлауы жаңа саяси кезеңнің маңызды белесіне айналды. Сайлау барысын айтар болсақ, халықтың белсенділігіне куә болдық. Азаматтар дауыс беруге көптеп келіп, өздерінің саяси еркіндігін, ойлау мәдениетінің өскендігін байқатты. Қоғам белсенділігінің артында халықтың өзгерістерге деген үмітін, елдің ертеңіне деген сенімін байқадық. Дауыс беруге келген әр отандасымыз «Менің дауысым маңызды» деген азаматтық ұстанымын көрсетті..
Бүгінгі қоғам бұрынғыдай сырттан өзгеріс күтетін қоғамға мүлдем ұқсамайды. Бүгінгі азамат өз тағдырына өзі жауап бергісі келеді, ұмтылысы мықты. Өзінің пікірін айтып, таңдау жасау арқылы елдің даму бағытына үлесімді қосамын деген ниеті бар екенін білдіріп отыр. Міне, демократиялық қоғамның ең басты күші де осында. Өзгерісті бір ғана билік жасамайды. Өзгерісті қоғам мен мемлекет бірге жасайды. Ал оның ең мықты тірегі – жауапты азамат.
Осы тарихи кезеңде «Әділет» партиясының да орны ерекше екенін атап өтуіміз қажет. «Әділет» – қалыптасқан саяси жүйеге жаңа көзқарас алып келген жаңа буын партиясы. Жаңа буын партиясы дегеніміз тек жаңа есімдерден тұрмайды. Оның мәні жаңаша ойлаумен, жауапкершілік алуға дайын екендігімен, жаңа саяси мәдениет қалыптастыруымен және азаматтармен сөйлесудің жаңа тәсілін енгізуімен ерекше болып отыр.
Кешегі сайлау алдындағы бір ай ішінде біз Түркістан облысының барлық 17 аудан, қаласын араладық. Әр ауданның ерекшеліктерін көзімізбен көрдік, қағазға түртіп алған мәселелер де жетерлік. Ауылдарға бардық, дихандармен, кәсіпкерлермен сөйлестік, мұғалімдермен кездестік, дәрігерлердің мәселесін тыңдадық, жастардың талабын естідік. Спортшылармен, өндіріс өкілдерімен, әлеуметтік сала мамандарымен, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен, қарапайым тұрғындармен жүздестік. Сол кездесулердің барлығында бір нәрсе анық байқалды. Халықтың талабы аса көп емес. Халық әділетті қоғамды қалайды, еңбегінің әділ бағалануын сұрайды. Заңның бәріне бірдей болғанын талап етеді. Мемлекеттік институттардың тиімді жұмыс істегенін қалайды.
Біздің облыс еліміздің оңтүстік шебінде орналасқан, 9 ауданымыз шекаралық аймақтар мәртебесіне ие. Жұртшылықпен кездесулерде жұртшылық өңірлердің теңгерімді дамуын қамту жөніндегі сұраныстарын жеткізді. Ауыл халқы қала тұрғындарына тән игіліктерге қол жеткізуін, шекаралық аймақтардың мәртебесін заңмен бекітуді сұрайды. Тұрғындар балаларының сапалы білім алуына жағдай жасауды, медициналық көмектің қолжетімді болуын сұрап жатыр. Жастардың тұрақты жұмыс тапқанын қалайды. Әділет партиясының бағдарламасындағы 1 миллион сапалы жұмыс орны көрсеткіші туралы айтқанымызда жастардың еңсесі кәдімгідей көтеріліп қалды. Адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы көрсеткіші 77 жасқа көтерілетінін жеткізгенімізде медицина саласына басымдық болатынын түсініп, ал 5 миллион қазақстандықты Жасанды интеллект дағдыларын оқыту жастарды айрықша қуантты. Міне, қарапайым азаматтарды толғандырған қажеттіліктер «Әділет» партиясының бағдарламасында қамтылған.
Сайлау науқаны кезінде біз бір нәрсені анық түсіндік. Халықтың саяси талабы өзгерді. Қоғам енді «не айтылады?» дегенге емес, «Қашан орындалады?» деген сұраққа жауап іздейді. Халық енді уәдеге емес, нақты нәтижеге қарайды, сөзге емес, іске сенгісі келеді. Бұл – жаңа саяси мәдениеттің белгісі, ой өзгеруінің белгісі, қоғамның әділ саясатқа ұмтылысының белгісі.
Сайлауда жеңіске жету «Әділет» партиясы үшін соңғы меже емес. Электоралды кезеңде көп дауыс алуымыз халық сенімімен түзілген үлкен жолға қадам басқанымызды білдіреді. «Әділетке» көрсетілген қолдау біз үшін мәртебе болуымен қатар, үлкен жауапкершілікті жүктейді. Бүкіл еліміз бойынша сайлауға қатысқан сайлаушылар саны 9 351 539 азамат болса, соның 1 109 975 сайлаушысы Түркістан облысының сайлаушылары екен. Облыс сайлаушыларының 92 пайыздан аса сайлаушысы сайлауға қатысып, оның 887 905 сайлаушысы немесе 79,99 пайызы Әділет партиясын қолдап дауыс берді. Халық бізге дауысымен қосып үмітін де берді. Ал үмітті ақтау үшін енді сөз емес,нақты межелерге жету нәтиже керек. Сондықтан сайлау науқанының аяқталуы біздің жұмысымыздың соңы емес. Керісінше,жаңа саяси бетбұрыстар халық алдында есеп беретін жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Ендігі міндет – айтылған уәдені орындау, көтерілген мәселелерді назардан тыс қалдырмау және сенімді нақты іспен ақтау.
Бұл жолда тек табандылық қана емес, әр салада әділетті көзқарас қажет екеніне елмен етене жақын кездесе жүріп көз жеткіздік.
Құрылтай — нағыз әділдіктің қазығын қаққан, ел сұранысынан туындаған мәселелерді заңмен реттеудің ұстыны болатынына сенеміз.
“Әділет” партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары
Қалыима Жантөреева
