ҒЫЛЫМ — ӘЛЕМДІК НАРЫҚҚА ЖОЛ АШУЫ ТИІС

Үкіметте ғылымды дамыту жолдары талқыланды. Олжас Бектенов ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейін арттыру, өндірістерді локализациялау бизнеске қолдау көрсету керектігін айтты.
Президент тапсырмасына сәйкес Қазақстанда ашылып жатқан шетелдік университеттердің филиалдары ғылымды дамытып, еліміздің жаһандық академиялық қоғамдастықтағы рөлін арттыруға жұмыс істеуі тиіс. Ғылым және жоғары білім министрлігіне Қазақстанға шетелдік үздік жоғары оқу орындарын тарту жұмысын жандандыру тапсырылды.
Олжас Бектенов:
«Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, ғылымға негізделген аумақтардың – ғылыми қалашықтардың құрылуы ғылымның, технологиялар мен инновацияның дамуына серпін береді.
Ғылым технологиясы жоғары, экспортқа бағдарланған жаңа кәсіпорындар ашуға өз үлесін қосуға тиіс. Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейін арттырған жөн. Өндірістерді локализациялау, экспорттық өнім шығарудың жаңа технологияларын әзірлеу барысында бизнеске қолдау көрсету керек. Әрбір институттың немесе жоғары оқу орнының ірі кәсіпорындардан өз серіктесі болуға тиіс. Олар оқу орнына мақсатты тапсырыстар беріп, шығыстарды бірлесіп қаржыландыруы керек»,
— деді.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің алдына мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, ғылыми институттар мен инновациялық өндірістердің аумақтық шоғырлануын ескере отырып, Ғылыми қалашықтар құру тұжырымдамасын әзірлеу міндеттелді.
Сол сияқты жоғары оқу орындары мен кәсіпорындар арасындағы өзара іс-қимыл бойынша табысты кейстер аталды. Металлургия және кен байыту институты «Қазақмыс» корпорациясымен бірлесе отырып, тазартылған селен алу технологиясын әзірледі. Ғалымдар инженерлермен бірлесіп, Көктал бокситтерін игеруде алюминий рудасындағы ылғал мөлшерінің жоғары болуын шешті. Ел ғалымдарына бағалы металл өндірісін ұлғайту, шахта суларын тазарту, металлургиялық қалдықтарды өңдеу бойынша тапсырмалар тізбегі түзілді.
Үкімет басшысы отандық ғылымның тиімділігін арттырып, инвестициялық тартымдылығын, барлық процестің ашық әрі бүкпесіз болуын қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын атап өтті.