МҰНАЙ ТАСЫМАЛЫ ТОҚТАТЫЛДЫ

Түркістан облысында 11 тоннадан астам заңсыз мұнай тасымалы тоқтатылған. Бұл туралы облыс әкімі орынбасарының төрағалығымен мұнай өнімдері нарығындағы жағдай бойынша өңірлік штаб отырысында айтылды.
Өңірде жанар-жағармайдың заңсыз тасымалына тосқауыл қою, арнайы бекеттерде мұнай өнімдерінің жасанды тапшылығын болдырмау мақсатында жұмысшы топ тұрақты түрде рейдтік шаралар өткізуде.
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, Сарыағаш қаласында «Қапланбек» кеден бекетіне жақын орналасқан бірқатар жанар-жағармай бекетінде техникалық қауіпсіздік сақтамалмағаны анықталып, жауапты басшыларының түсініктемелері алынған. Сол сияқты, 10 литрлік құтылармен АИ-92 маркалы бензинді шекарадан өткізбекші болғандар ұсталған.
Арнайы рейд нәтижесінде 15 жеңіл көлік және 2 автобус айып тұрағына қойылып, құжаттары сотқа өткізілген. Олар заң аясында жауапкершілікке тартылатын болады.
Нұрбол Тұрашбеков аудан әкімдерінің орынбасарларына заң аясында әрекет етіп, жанар-жағармай бекеттеріне бақылауды күшейтуді тапсырды.
— “Жіп — жіңішке жерінен үзіледі”. Шекаралы аймақтардың “жіңішкеруіне” жол бермеу — бәріміздің азаматтығымызға сын. Қазақта сөз бар, “Саудагер құнықса сақалын күзеп сатады” деген. Біз ең алдымен ішкі нарықтағы қажеттілікті қамтамасыз етуді ойланғанымыз абзал. Пайда ойламай, арды ойлайық, азаматтар, — деді, ол өз сөзінде.
Жыл басынан бері жанар-жағармайды заңсыз тасымалдаған 140 дерек тіркеліп, 5,9 тн. бензин, 5,6 тн. дизель отыны тәркіленген.