БОЛАШАҒЫ БОЛСЫН ДЕП

Елімізде адамдар қолымен жасалатын қылмыс аз емес. Екі күннің бірінде қоғамдағы ұрлық-қорлық, зорлық-зомбылық, қаскөйлік сарындағы ақпарат естіп, оған құлақ үйреніп бара жатқаны жаман болып тұр. Қазір кісі өлтіру — шыбын өлтіруден оңай боп кеткен. Бұған көбінесе отбасылық кикілжің, материалдық жағдай, психологиялық ауытқушылық немесе абайсыздық себеп. Біреулер ойнап жүріп от басып та жатыр. Булинг жасамауға тәрбие мен тәртіп жетіспейді. Қолмен жасағанды түбі мойынмен көтеруге тура келетінін түсінетін түйсік болса ғой. 

Әлемге әйгілі ұстаз, көне Отырарды ізгілер мекеніне айналдыруды көздеген ғалым Әбу-Насыр әл-Фараби «тәрбиесіз алынған білім — адамзаттың қас жауы» деген. Тәп-тәуір білім бар адам қылмысты қалай жасайды десеңіз, ікәмат тәрбиеде екен.

Түркістанда облыстық Ішкі істер департаментінің ұйытқы болуымен түзеу мекемесінен босап шыққандардың жаңа өмірге мүмкіндік ашуға арналған мазмұнды форум өтті. Прокурор, полиция, қоғам қайраткерлері қатысқан жиналысқа пробациялық есепте тұратын азаматтар шақырылды. Ауқымды форум Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру мақсатында арнайы ұйымдастырылған.

Форумда сөз алған департамент бастығы Мұрат Қабденов сотты болған азаматтардың қайта қылмыс жасамауы үшін олардың әлеуметтік бейімделуі мен оңалту жолдарына атап өтті. Өңірде жазасын өтеп шыққандардың қоғамға бейімделу процесін бақылау және қадағалауы тиіс Пробациялық қызмет ақсап тұр екен. Соның салдарынан соттылығы жойылмағандар арасында қайта қылмыс жасау — 6,9 пайызға өсіп кеткен. Олардың 87 пайызын жұмыссыздар құрайды.

Ал, Пробациялық қызмет жаза басқан адамның жаңаша өмір бастауына көмек көрсететін институт. Олар сотталған кісінің әлеуметтік және отбасылық жағдайы бойынша пробациялық есепке алып, жұмыссыздық деңгейін анықтап, олардың тізімін полиция мен жұмыспен қамту орындарына өткізулері керек.

Мұрат Қабденов бұл іске біржақты қарамай, Пробация қызметі мен әлеуметтік қызметкерлерді, Үкіметтік емес ұйымдарды жауапкершілік танытуға шақырды. Жасаған қылмысы үшін жазасын өтеп шыққандарға қоғамның бір мүшесі ретінде қайтадан қатарға қосу үшін арнайы оңалту бағдарламалар қабылдап, психологиялық көмек көрсетіп, кәсіби дағдыларды үйретуге үндеді.

 

Мұрат Қабденов негізгі үш бағытты атады:

«- Көптеген сотталғандар қылмыс жасаған соң, әлеуметтік және психологиялық қиындықтарға тап болады. Олар психологтар мен әлеуметтік жұмысшылардың көмегіне мұқтаж. Әрбір пробациялық есепте тұрған адам ақысыз психологтарға жүгіне алады. Бұл бір, екіншіден, сотталғандардың қылмыстық әрекеттерінің алдын алу үшін параллельді бақылау және мониторингті күшейту қажет. Электронды бақылау құралдары олардың қылмыс жасау мүмкіндігін шектейді. Үшіншіден, сотталғандарға түрлі тренингтер мен курстар өткізу арқылы қоғамға қайта бейімдеу керек. Бұл тұста еріктілер сотталғандарға адамгершілік, әлеуметтік көмек, моральдық қолдау көрсетіп, олардың дұрыс жолға түсуіне ықпал етеді»,- деді.

Мониторинг пен параллельді бақылауды іске асыру үшін биыл 62 дана электронды білезік алыныпты. Облыстағы 1700-ден аса сотталғандардың әрқайсысының үйін күндіз-түні күзету мүмкін емес. Ал, электронды құрылғы қашықтықтан бақылауға арналған тиімді тәсіл. Әлгі 1700-дің 183-і әйел болса, 144 жоғары білімді адамдар. Қалған 1500-ден астамы үлкенді-кішілі ер адамдар. Бұған түрмелерде жазасын өтеп жатқандарды қосыңыз.

 

Мұрат Қабденов: 

«- Сотталғандардың отбасыларына көмек көрсету — қоғамның әлеуметтік жауапкершілігін көрсететін маңызды аспект. Сол себепті, қоғам болып бірлесіп, сотталғандардың өмір сапасын жақсартуға, олардың отбасы мүшелеріне кешенді көмек көрсету жүйесін дамыту қажет. Әрқайсысымыздың жеке қабілеттеріміз бен тәжірибемізді біріктіре отырып, біз үлкен жетістіктерге қол жеткізе аламыз деп сенемін»— деді.

 

Расында да қоғамда ондай адамдарды алалау бар. Ол біреудің әкесі немесе шешесі, ағасы немесе інісі, ұлы немесе қызы болғандықтан «ол да адамның баласы» деген адами адамгершілікпен қарау қажет. Олардың соттылығы онсыз да өмір бойы алдынан шығып, есіне салып тұратын бетіне салық болып тұрады. Оны көтеруге мықты ерік-жігер керек. Соттылығы барлардың басты проблемасы — жұмысқа орналасу. Бұл бағытта ондай адамдарды кәсіптік оқыту, грант беру, мансап орталықтары арқылы бос жұмыс орындарына орналастыру жұмыстары жүргізіп жатқанын облыс әкімінің орынбасары жеткізді.

Форумда сөз алған спикерлер өз саласы бойынша ойларымен, тағылымды тұжырымдарымен бөлісті.

 

«Ayt.kz»