ШАРУАЛАРМЕН ШЕШТІ

Түркістан облысында ауыл шаруашылығымен айналысатын адамдар көп болғандықтан, сумен қамтамасыз ету жазғытұрым өзекті мәселеген айналады. Президент тапсырмасына сәйкес егіс алқаптары жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйесіне көшіріліп жатыр.

Ортақ шаруаны шешу үшін шаруалардың өздерімен кездесуді облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков қолға алған. Бүгін «Бөген» су қоймасында кезекті кездесу өтті. Оған облыс мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов арнайы қатысты.

Жылдан-жылға өңірде жаңбыр да, қар да аз жауатын болған. Биылғы жауын-шашынның аздығы диқандарға зиянын тигізбеу үшін ағын суды ортақ келісіммен пайдалануы тиіс. Шаруаларға суды артық шығындамау ұсынылды.

«Бөген» су қоймасы арқылы 67,8 мың га жер суғарылса, «Қараспан» су торабы 79 мың гектарға дейін су жеткізу мүмкіндігіне ие. Ал, «Бөген» су қоймасының сыйымдылығы 370 млн. текше метрді құрағанымен, қазіргі таңда жиналған су мөлшері 230,5 млн. м3 төңірегінде жиналған.

Облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов өз кезегінде диқандарға тілектестігін білдіріп, мемлекет тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталды. Еңбек ардагерлері мен мамандар шаруаларды мейлінше үнемдеуге шақырды.

Облыс әкімінің орынбасары диқандарға егілген өнім ерекшелігін ескере отырып, кезектілік түзу, бар суды өңірлердегі шаруалармен кеңесе отырып ортақ келісіммен пайдалану қажеттігі уақыт талабы екенін айтты.

Нұрбол Тұрашбеков 

Кез-келген бау мен бақша байбаламмен өспейді, бабымен жетіледі. Әйтсе де, ғалымдар су қорының тұрақсыздығынан зардап шекпеу үшін, суды үнемдеу керектігін тұрақты ескертіп келеді. Мемлекет басшысының су үнемдеу технологиясына көшу бойынша берген тапсырмасының түпкі мәні осы, – деді.

 

Басқосудан соң «Бөген» су қоймасының басында шаруалардың бастамасымен, құрбандық шалынып, ас берілді.