ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БАСТЫ НАЗАРДА

Президент Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын қабылдады. Ермек Сағымбаев ведомствоның жыл басынан бері атқарған жұмысының нәтижесі мен алдағы кезеңге арналған міндеттері жөнінде есеп берді, деп хабарлайды, Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет қауіпсіздігі
43 адам лаңкестік пен діни экстремизм бабы бойынша сотталған және 34 азамат тергеліп жатыр, терроризм мен экстремизмге қатысы бар 212 шетелдіктің Қазақстанға кіруіне жол берілмеді, радикалды ұйымдарға мүше 1498 шетелдік адамның елімізге келуіне шектеу қойылып, террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін іздеуде жүрген 12 шетелдік азамат ұсталған.
Қылмысқа қарсы күрес
13 қылмыстық топтың қызметі тоқтатылып, олардың 142 мүшесі ұсталған және 40 азамат тұтқындалған, заңсыз айналымда жүрген 282 атыс қаруы, 48 граната мен 4586 оқ-дәрі тәркіленген. Есірткі өндіретін 12 зертхана, сондай-ақ, 13 халықаралық және 12 өңірлік тасымал арнасы жойылып, заңсыз айналымнан 3,2 тонна есірткі мен психотропты заттар, 7,5 тонна прекурсорлар алыныпты.
Сыбайлас жемқорлық
Жемқорлық пен құқыққа қайшы басқа да әрекет жасаған мемлекеттік және құқық қорғау органдарында жұмыс істейтін 15 лауазымды тұлға құрықталған. 1,6 триллионнан аса теңге көлемінде мемлекетке келтірілетін залалға тосқауыл қойылып, оның 220 миллиард теңгесі қазынаға қайтарылды.
Шекара және киберқауіпсіздік
Шекараны бұзған 16 мыңнан астам адам ұсталып, 3025 тұлға елден шығарылған. Қару-жарақ пен оқ-дәрі, есірткі және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтпек болған 600-ден аса факті әшкереленіп, шекара арқылы 11 миллиард теңге мен құны 16,6 миллиард теңге болатын тауарларды заңсыз алып өтуге жол берілмеген екен. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесіне жасалған 796 миллион кибершабуыл анықталған.
Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздік органдары қызметінің бағыттары бойынша бірқатар тапсырма берді.