ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ МАЖАРСТАНДА МӘЖІЛІС ҚҰРДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Будапештте өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты. Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанмен келіссөз жүргізіп, ілтипат білдірді.
Мажарстанға сапар нақты уағдаластықтарға қол жеткізіп, Астана мен Будапешт арасындағы өзара түсіністікті нығайту тұрғысынан нәтижелі болды. Президент екіжақты байланыстың басым бағыты ретінде сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты атады. Былтыр өзара сауда-саттықтың көлемі 200 миллион долларға жетті, осы жылдың алғашқы тоқсанында тауар айналымы 37 пайызға өсті.
Қазақстан экономикасына құйылған мажар инвестициясы 370 миллион доллардан асты. Қазір екі ел машина жасау, ауыл шаруашылығы және логистика салаларында 16 бірлескен инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Олардың құны 700 миллион долларға жуықтайды.
Президент Түркі мемлекеттері ұйымының ертеңгі бейресми саммитінің маңызына тоқталып, еліміз ТМҰ қызметінің барлық басым бағыты бойынша сындарлы диалогты жалғастыруға бейіл екенін растады.
Өз кезегінде Виктор Орбан сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, қазақ-мажар қатынастарының орнықты әрі қарқынды сипат алғанына назар аударды. Мажарстан Премьер-министрі соңғы жылдары екіжақты ынтымақтастық, әсіресе, экономика саласында белсенді дамып келе жатқанын жеткізді. Сонымен қатар саммитті ұйымдастыруға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.
Кездесуде былтыр жоғары деңгейде өткен келіссөздердің қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың, соның ішінде энергетика, сауда және инвестиция салаларындағы бірлескен жобалардың орындалу барысы талқыланды. Бұдан бөлек, тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмастыПрезидент Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты
Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін көне Будапешт шаһарында өте жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Мажарстанның Премьер-министрі Виктор Орбанға ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев
– Бүгінгі алқалы жиынның Еуропа төрінде өтуінің айрықша мәні бар. Біз мажар жұртының қарт құрлықта тұғырлы мемлекет болып отырғанына дән ризамыз. Бүгін бәрімізді түбі бір түркі бауырларым деп құшақ жая қарсы алып жатсыздар. Мұны, шын мәнінде, мызғымас достығымыздың айқын көрінісі деп санаймын. Біз ынтымағы жарасқан елдеріміздің бірлігін бекемдеп, тамыры бір тарихымыз бен салт-дәстүрлерімізді ұлықтап келеміз, – деді.
Президенттің айтуынша, «Шығыс пен Батыс тоғысқан тұс» атауымен ұйымдастырылған саммит алып құрлықтың ұлан-ғайыр аумағын иеленіп жатқан түркі елдерінің мүддесіне, стратегиялық мақсат-міндетіне сай келеді. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Ұйым аясындағы ынтымақтастықтың мәні тіпті артты. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев түркі жұртының татулығы мен өзара байланысын нығайту, тұтастығын бекемдей түсу мақсатында Қазақстан қабылдаған кешенді шараларға тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Атап айтсақ, Түркі мемлекеттері ұйымының жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілін тағайындады. Көп ұзамай Тұрақты өкілдік ашуды жоспарлап отырмыз. Астанада 11-12 маусым күндері Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының XIV пленарлық отырысы өтеді. Ақтау қаласы биыл Түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде жарияланды. Осы мәртебелі міндетті жоғары деңгейде атқару үшін нақты іс-шаралар қолға алынды. Қазақстанның бастамасымен өткен аптада Орталық сайлау органдарының консультативтік платформасы құрылды. Оның алғашқы отырысы киелі Түркістан қаласында табысты өтті. Ортақ келісім бойынша биыл маусым айынан бастап Алматы қаласы «Түркі мемлекеттері ұйымының жастар астанасы» атанады. Осылайша, біз түркі бірлігін нығайтамыз, – деді.
Президенттің пікірінше, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер өзара қол жеткізген келісімдерді сақтауы қажет
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Тағы бір аса маңызды мәселе, бұл – біздің Ұйымның шеңберінде қабылданған құжаттардағы ережелерді қатаң сақтау. Процедура мәселесі болсын, саяси және экономика сұрақтары болсын – келісімдердің ережелерінің барлығын құрметтеу, сақтау қажет, міндетті түрде іске асыру керек, – деді.
Мемлекет басшысы соңғы кездегі тарифке қатысты оқиғалар жаһандық сауда саясатындағы өте үлкен өзгерістерге себеп болғанына назар аударды. Президент мұндай дағдарыстар түрлі сын-қатер тудырумен қатар жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын алға тартып, өнеркәсіп, көлік-транзит, ауыл шаруашылығы, цифрландыру сияқты бағыттар бойынша бірлесе әрекет етуді ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Орта дәлізді Шығыс пен Батыстың арасындағы негізгі көпірге айналдыруды стратегиялық міндет ретінде атады. Бұл ретте Президент еліміз Қырғызстанмен және Өзбекстанмен шекарадағы рәсімдерді цифрландыру, жүк транзитін жеңілдету үшін нақты шаралар қабылдап жатқанын, сондай-ақ Қазақстан-Қытай шекарасында үшінші темір жол бекетін ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдерді ірі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға, соның ішінде «Солтүстік – Оңтүстік» бағыты бойынша халықаралық көлік қатынасын дамытуға шақырды. Аталған жоба түркі елдерінің өңірлік транзит хабы ретіндегі рөлін едәуір нығайтады.
Президент мұнай, газ, уран және тағы да басқа тауарларды жеткізу тізбегін әртараптандыру ісінде Ұйымның әлеуетін пайдалану қажет екеніне назар аударды
Осы ретте Қазақстаннан Еуропа бағытында мұнай жеткізуді арттыру жобасын қолдағаны үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке алғыс айтты. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы уақытта халықаралық сарапшылар Транскаспий мұнай және газ құбырларын салу бастамасын талқылап жүргенін атап өтіп, мұндай жобалар өте ауқымды және трансұлттық деңгейдегі ықпалдастықты талап ететінін жеткізді.
Мемлекет басшысының айтуынша, цифрландыру және ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастықтың болашағы зор. Биыл еліміз Каспий теңізі арқылы оптикалық-талшықты кабель тарту жобасын жүзеге асыра бастады. Соның нәтижесінде аймақтағы цифрлық байланыс нығая түседі.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Елдеріміз арасындағы сауда-саттықты жандандырып, тауар түрін көбейту қажет. Өткен жылы Қазақстанның Ұйымға мүше елдермен арадағы алыс-берісі 11,4 миллиард долларға жетті. Бұл – еліміздің сыртқы саудасының 8 пайызына тең. Әрине, жақсы көрсеткіш. Дегенмен оны арттыра түсу керек. Осыған орай, сауда-саттықты дамыту үшін арнайы құжат әзірлеуді ұсынамын, – деді.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастықты күшейтуге баса мән берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы мен Түркі мемлекеттері ұйымы арасындағы ынтымақтастықты арттырудың маңызына тоқталды.
Мемлекет басшысының пікірінше, әлемде жиілеген табиғат апаттарына қарсы тұру үшін күш жұмылдыру мәселесі аса өзекті. Мәселен, соңғы жылдары Каспий теңізінің деңгейі айтарлықтай төмендеп кетті. Бұл жағдай аймақтың экологиясы мен экономикасына, халықтың әл-ауқатына кері әсерін тигізуде. Президент түркі елдерін осыған қатысты бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және ортақ жобалар әзірлеуге үндеді.
Саммитте Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев және ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев сөз сөйледі.
Мемлекеттер басшылары саммит қорытындысы бойынша мынадай құжаттар қабылдады:
1. Түркі мемлекеттері ұйымының Будапешт декларациясы;
2. Мемлекеттер басшылары кеңесінің Ауғанстан жөніндегі мәлімдемесі;
3. Өзбекстан Республикасын Түркі мәдениеті және мұрасы қорына қосу туралы шешім;
4. Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының өкілеттілік мерзімін ұзарту туралы шешім.