ДЕПУТАТТАР СУ ҚОРЫН ЗЕРДЕЛЕДІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су шаруашылығы инфрақұрылымдарын кең көлемде жаңғырту, су қорын қорғау және оның сарқылуының алдын алу, жерүсті және жерасты суларын кешенді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу және климаттың өзгеруіне бейімделуді тапсырған. Елімізде су көздері мен нысандарын зерделеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Себебі салада сын жетерлік.

Түркістан облысында суға сұраныс жоғары болғандықтан, шұғыл шаралар қабылдау қажет. Жыл өткен сайын қар мен жаңбырдың азаюы да, су тапшылығының туындауына әсер етіп жатыр. Десе де қолда бар ресурстарды тиімді пайдалануға көшу керек.

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов бастаған депутаттар Сайрам, Төлеби аудандарында су ресурстарын дұрыс пайдалану және ластанудан қорғау жұмыстарын зерделеп, тозығы жеткен гидротехникалық нысандарды көзбен көрді. Өзекті мәселемен танысуға су мамандары тартылды.

 

Су қорын дұрыс пайдалануды реттеу, санитарлық нормаларды сақтау туралы «Су ресурстары- Маркетинг» ЖШС инженері Өтепберген Асқарұл, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Руслан Орынбекұлы, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Қайратұлы мағлұмат берді. Депутаттар да өз ұсыныстарын білдірді.

 

Нұралы Әбішов:

«— Су қоршаған ортаның ажырамас бөлігі, тұрғындардың тіршілік көзі. Президент суды экономикалық дамудың негізі ретінде тану, су қорын қорғау және тиімді пайдалану, жұртшылықты су қорын қорғауға үндеу өзекті мәселе екенін айтты. Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық гидрогеологиялық қызметті қайта құру және министрлікке қарасты ұйымдарды трансформациялау жұмыстарын жандандыруды да тапсырды. Жаңа кодексте алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы енгізілді. Енді су нысандарын қорғау бойынша талаптар кеңейтілді. Ең алдымен, шағын өзендер мен көлдерді сақтауға назар аударылады. Атап айтқанда, шағын өзендерде су өткізбейтін бөгеттер салуға, ластауға қатаң тыйым салынады. Ал жергілікті атқарушы органдар барлық елді мекендердегі су қорғау аймақтары мен белдеулерін толық айқындауы тиіс.» — деді.

 

Саланы қадағалау облыстық мәслихатының кәсіпкерлік, құрылыс, инфрақұрылымды дамыту, жер қатынастары және табиғатты пайдалану мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының бақылауына алынды. Айтылған ұсыныстар хаттамаға түзіліп тиісті аудан әкімдіктеріне және басқарма, департаменттерге жолданады.