ТҮРКІСТАНДА БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЛДАУ ЖҮЙЕСІ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛДІ
Түркістан облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және балалардың қауіпсіздігін нығайту бағытындағы өзекті мәселелер жан-жақты қаралды. Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева облыстық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия мүшелері, басқарма жетекшілері, аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары, психологтар мен құқық қорғау құрылымдарының қатысуымен арнайы жұмыс отырысын өткізді. Басқосу барысында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев өңірдегі ахуалға тоқталып, білім беру ұйымдарында жүргізілген талдау қорытындылары мен негізгі түйткілдерді атап өтті. Балалардың психологиялық саулығы тұрақты бақылауды қажет ететін басым бағыт екені ерекше айтылды.
Күн тәртібіне сәйкес бірнеше мазмұнды баяндамалар тыңдалды. Облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов жасөспірімдер арасындағы әлеуметтік және психологиялық тәуекелдердің алдын алу шаралары жөнінде баяндама жасады. Ал облыс прокурорының орынбасары Дәулет Тілемісов «Қауіпсіз балалық шақ» жобасының жүзеге асырылу барысын таныстырды.
Қазіргі таңда Түркістан облысында мыңнан аса мектепте жарты миллионнан астам оқушы білім алуда. Олардың психоэмоционалдық жағдайын бақылаумен 1353 педагог-психолог айналысады. Өңірде психологиялық қолдау тетіктері жетілдіріліп, бұл бағытта ата-аналармен, мұғалімдермен және құқық қорғау органдарымен өзара ықпалдастық күшейтілуде. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында буллинг пен құқық бұзушылықтың алдын алу үшін заманауи цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары қолға алынған.
Прокуратура бастамасымен іске асырылып жатқан «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында профилактикалық жұмыстар жандандырылады. Ювеналдық полиция инспекторларының мектептермен өзара іс-қимылы жүйеленіп, оқушылар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған түсіндіру шаралары күшейтіледі. Жиында балаларға дер кезінде қолдау көрсету және олардың мәселелерін назардан тыс қалдырмау – ортақ міндет екені баса айтылды. Осы ретте барлық құрылымдардың үйлесімді әрекеті арқылы нақты нәтижелерге қол жеткізу көзделуде.
Өз кезегінде Динара Закиева балалардың психологиялық әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстарға тоқталып, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл салада жүйелі саясат қалыптасқанын жеткізді. Қажетті заңнамалық және бағдарламалық құжаттар қабылданып, балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жан-жақты дамуына жағдай жасау мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналғаны атап өтілді. Бүгінде облыстың барлық аудан-қалаларында 17 «Отбасын қолдау орталығы» жұмыс істейді. Бұл орталықтар отбасы институтын нығайту, тұрмыстық және гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу, сондай-ақ ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізумен айналысады.
Сонымен қатар жасөспірімдер арасындағы тәуекелдерді төмендету мақсатында цифрлық платформалар енгізілуде. Аталған жүйелер барлық мектептер мен колледждерге тегін ұсынылып, буллингтің алдын алу, психоэмоционалдық жағдайды бақылау, ерте анықтау және мақсатты көмек көрсетуге бағытталған. Бұдан бөлек, кәсіби бағдар беру модулі де қарастырылған. Жаңа бастамалардың бірі – жасанды интеллектке негізделген «Cheker» жүйесі. Бұл ақпараттық-талдау платформасы зиянды контент пен деструктивті мінез-құлықты ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мектептерде қосымша ресурстар енгізіліп, тегін психологиялық көмек көрсету орталықтары қызмет етуде. Мұнда диагностика жүргізіліп, түрлі тренингтер ұйымдастырылады және көмек алу арналары қолжетімді.
Кеңес барысында мектеп психологтарының қызметіне айрықша назар аударылды. Баланың мінез-құлқы мен көңіл күйіндегі кез келген өзгеріс – дер кезінде әрекет етуді қажет ететін маңызды белгі екені айтылды. Әрбір анықталған жағдай тұрақты бақылауға алынып, үздіксіз психологиялық сүйемелдеумен қамтылуы тиіс. Сонымен қатар формализм мен жүйесіздікке жол берілмейтіні ескертілді. Мұндай олқылықтар басқарудағы әлсіздік ретінде бағаланып, тиісті кадрлық шешімдер қабылдануы мүмкін.
🔰Жиында ата-аналардың жауапкершілігіне де ерекше мән берілді. Баланың ішкі жағдайын ең алдымен ата-ана сезінетіні атап өтіліп, бұл мәселе баршаға ортақ міндет екені жеткізілді. Кездесу соңында қатысушылар өз сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Алдағы кезеңде аталған бағыттағы жұмыстар жүйелендіріліп, барлық қызметтердің өзара байланысы одан әрі нығайтылатын болады. Негізгі мақсат – әрбір баланың қауіпсіз әрі қолайлы ортада өмір сүруін қамтамасыз ету.
