АДАМ ҚҰҚЫҒЫН АЛҒА ҚОЯТЫН МЕМЛЕКЕТ МОДЕЛІН ҚАЛЫПТАСТЫРМАҚ
Заң мен тәртіп – әділетті қоғам мен тұрақты мемлекеттің берік негізін қалайды. Әділетті мемлекетте заң баршаға бірдей қолданылады, азаматтың құқығы әлеуметтік жағдайына, қызметіне немесе қоғамдағы орнына қарамастан қорғалады. Заңның үстемдігі – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, ол әр азаматтың құқықтық мәдениеті мен жауапкершілігінен басталатын ортақ құндылық.
Партия үшін қауіпсіз Қазақстан – азамат өз үйінде, көшеде, жұмыста және қоғамдық ортада өзін еркін әрі қорғалған сезінетін ел. Ата-ана баласын алаңдамай мектепке жіберіп, отбасының қауіпсіздігіне сеніммен қарай алуы, ал әр азамат өзінің құқығы бұзылған жағдайда оны заңды жолмен қорғай алатынын білуі тиіс. Сондықтан заң мен тәртіпті қамтамасыз ету жазалау шараларымен ғана шектелмей, құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқық қорғау органдарының кәсібилігін күшейту және қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайту арқылы жүзеге асуы қажет.
Құқықтық сауатты азамат – өз құқығын білетін, өзгенің құқығын құрметтейтін азамат.
Құқықтық сауаттылық – заңдарды жаттап алу емес, адамның күнделікті өмірде өз құқықтары мен міндеттерін білуі және оларды заңды түрде қорғай алуы. Қарапайым азамат еңбек шартына қол қойған кезде өз міндеті мен кепілдігін түсінуі, мемлекеттік қызмет алуда қайда және қалай жүгіну керегін білуі, алаяқтықтан сақтануы, баласының құқықтарын қорғауы, заң бұзылған жағдайда тиісті органдарға сауатты түрде шағымдана алуы керек.
Құқықтық сауатты адам өз құқығын қорғаумен қатар, өзгенің құқығын да бұзбауға ұмтылады. Бұл отбасындағы жауапкершілікті күшейтіп, балалардың заңды құрметтеу мәдениетін қалыптастырады. Ал құқықтарын білетін отбасы алаяқтыққа, тұрмыстық және еңбек сипатындағы заңсыздықтарға, құқықтық қысымға немесе өзге де келеңсіз жағдайларға қарсы әлдеқайда қорғалған болады.
Сондықтан құқықтық сауаттылықты мектептен бастап, колледждер мен жоғары оқу орындарында, еңбек ұжымдарында және халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік мекемелерде жүйелі түрде арттырамыз. Азаматқа заңды түсінікті тілмен жеткізу, құқықтық кеңес пен көмекке қолжетімділікті кеңейту – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі болады.
Құқығын білетін азамат – өзіне сенімді азамат. Құқығын білетін отбасы – қорғалған отбасы. Құқығын білетін қоғам – жауапты әрі тұрақты қоғам.
ӘДІЛЕТ ПАРТИЯСЫ бұл тұрғыда не істемек?
Біріншіден, заң мен тәртіптің профилактикаға, цифрландыруға және азаматтардың сеніміне негізделген жаңа моделін қалыптастырады. Құқық бұзушылықтың салдарымен күресумен қатар, оның себептерін ерте анықтап, алдын алуға басымдық береді.
Екіншіден, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді жүйесін құрады. Елді мекендерді абаттандыру, көшелер мен қоғамдық орындарды жарықтандыру, бейнебақылау жүйелерін жетілдіру және қауіп-қатері жоғары орындарда алдын алу шараларын күшейту арқылы азаматтардың қауіпсіз ортасын қалыптастырады.
Үшіншіден, жазаның бұлтартпастығы мен әділдігін қамтамасыз етпек. Жаза жасалған құқық бұзушылықтың сипаты мен ауырлығына сай болуы керек. Қоғамдық жұмыстар сияқты баламалы жауапкершілік түрлерін дамыту арқылы жазалау мен қайта әлеуметтендірудің тиімді тепе-теңдігін қалыптастырмақшы.
Төртіншіден, құқық қорғау органдарының жұмысын заманауи цифрлық технологиялармен күшейтуді көздейді. Құқық бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік беретін Бірыңғай болжам-талдау орталығын құрып, деректерге негізделген шешім қабылдау жүйесін дамытады.
Бесіншіден, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби және әлеуметтік мәртебесін арттырады. Тәртіп сақшысы қоғам алдында адал әрі кәсіби қызмет етуі үшін оның еңбегі лайықты бағаланып, тұрғын үй, еңбекақы, медициналық және әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері жүйелі шешілуге тиіс. Қоғам қорғайтын тәртіп сақшысы ғана қоғамның сенімін ақтай алады.
Алтыншыдан, сот төрелігінің тәуелсіздігін, сапасын және қолжетімділігін күшейтпек. Сотқа жүгінген әрбір азамат өзінің әлеуметтік жағдайына немесе лауазымына қарамастан әділ шешімге қол жеткізе алуы қажет. Соттардың шамадан тыс жүктемесін азайту үшін дауларды сотқа дейін және балама тәсілдермен шешу тетіктерін кеңейтуге кіріседі.
Жетіншіден, сот шешімдерінің сапасы мен бірізділігін арттырып, сот рәсімдерінің ашықтығын арттырады. Онлайн сот төрелігін, цифрлық сервистерді және процестерді автоматтандыруды дамыта отырып, азаматтардың сотқа қол жеткізуін жеңілдетпекші.
Сегізіншіден, заң алдында барша азаматтың теңдігін қамтамасыз етеді. Заң әлсізге қатал, ал күштіге ыңғайлы құрал болмауы керек. Заңды таңдап қолдануға, таныстыққа, лауазымға немесе әлеуметтік мәртебеге байланысты артықшылық беруге жол бермейді.
Тоғызыншыдан, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтеді. Білікті заң көмегіне қолжетімділікті кеңейтіп, адвокатура мен омбудсмендер институтын дамытады. Әр азамат өзінің конституциялық құқықтарын қалай қорғауға болатынын біліп, қажет болған жағдайда тиісті құқықтық көмекке кедергісіз жүгіне алуы тиіс.
Оныншыдан, халықтың сот төрелігіне қатысу мүмкіндігін кеңейтеді. Алқабилер институтын дамытып, олардың қатысуымен қаралатын істер санатын кезең-кезеңімен реттейді. Бұл азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттырып, қоғамның әділет орнату процесіне жауапкершілікпен қатысуына мүмкіндік береді.
ӘДІЛЕТ ПАРТИЯСЫНЫҢ ҰСТАНЫМЫ:
Заң мен тәртіп – тек полицияның, соттың немесе прокуратураның міндеті емес. Бұл – мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі. Мемлекет заңды әділ әрі біркелкі қолдануға міндетті болса, азамат заңды білуге, өз құқығын қорғауға және өзгенің құқығын құрметтеуге жауапты.
Партия құқық бұзушылық орын алғаннан кейін ғана әрекет ететін емес, оның алдын алатын, азаматқа заңды түсіндіретін, құқықтық көмек көрсететін және адамның құқығын бірінші орынға қоятын мемлекет моделін қалыптастырмақ.
Әділет партиясы үшін заң мен тәртіп – қорқыныш пен жазаның емес, қауіпсіздік, жауапкершілік, теңдік және өзара сенімнің негізі.
Мақсат – әр азамат өз құқығын білетін, әр отбасы өзін қорғалған сезінетін, әр қоғам мүшесі заңды құрметтейтін, ал мемлекет заң алдында бәріне бірдей жауап беретін Қазақстанды қалыптастыру.
