«ШҰБАЙҚЫЗЫЛ АЛАУЫ — 2026» БАЙҚАУЫ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
Ұлы Жібек жолының бойында, Алатау мен Қаратаудың түйіскен тұсында орналасқан Түлкібас өңірінде қазақ даласының табиғи жауһары саналатын Шұбайқызыл қызғалдағына арналған «Шұбайқызыл алауы-2026» фестивалі өз мәресіне жетті. Аталған ауқымды мәдени-экологиялық шара өңірдің табиғи мұрасын насихаттауға, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға және экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталды.
Фестивальдің негізгі мақсаты – сирек кездесетін әрі ерекше әсем гүлдердің бірі саналатын Шұбайқызыл қызғалдағының маңызын кеңінен дәріптеу, оны сақтау мен қорғаудың өзектілігін қоғам санасына сіңіру, сондай-ақ табиғат пен адам арасындағы үйлесімді байланысты нығайту болып табылады. Бұл бастама өскелең ұрпақты туған жердің табиғатын аялауға тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.
Салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімі Асқар Естібаев сөз сөйлеп, табиғатты қорғау мәселесінің маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде: «Табиғатты қорғау – бұл таңдау емес, бұл – әрбір азаматтың міндеті. Бұл – келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік пен аманат. Біз табиғатты қандай күйде сақтасақ, болашақ ұрпақ бізді сол тұрғыда бағалайды» – деп атап өтіп, барша жұртшылықты қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақырды.
Іс-шара барысында аудандық мәслихат төрағасы С.Сәрсенбаев марапаттау рәсіміне қатысып, фестивальге белсенді атсалысқан азаматтарды арнайы алғыс хаттармен марапаттады. Сонымен қатар ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Қасымбек тағылымды ой-пікірлерін ортаға салып, мұндай іс-шаралардың тәрбиелік мәні зор екенін жеткізді.
Фестиваль аясында ұйымдастырылған «Шырайлым Шұбайқызылым» шығармашылық байқауы жас дарындардың өнерін шыңдауға мүмкіндік берді. Байқау барысында жас ақындар, суретшілер және бейнеролик түсірушілер өз қабілеттерін паш етіп, табиғат тақырыбын түрлі қырынан көрсетті. Қатысушылардың шығармалары туған жерге деген сүйіспеншілік пен табиғатқа деген құрметтің жарқын көрінісіне айналды.
Жас суретшілер номинациясы бойынша:
І орын – Дина Есболат
ІІ орын – Индира Қаратаева
ІІІ орын – Зере Бағланбек
Бейнеролик бағыты бойынша:
І орын – Ақжол Райхан
ІІ орын – Дархан Әріпбайұлы
ІІІ орын – Ерлан Айдарбеков пен Руслан Орынбай
Жас қаламгерлер арасында:
І орын – Балқыбеке Нұрислам
ІІ орын – Маратова Сынбат
ІІІ орын – Жансұлу Әбдісаттар және Рысдаулетова Несібелі
Кеш соңында мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып, Азат Абилдаев және жергілікті өнерпаздар өз өнерлерін көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар жас суретшілердің көрмесі көпшілік тарапынан жоғары бағаланып, ерекше қызығушылық тудырды.
Айта кету керек, табиғатты қорғау және көгалдандыру бағытындағы мұндай бастамалардың маңызы зор. Жасыл желектерді сақтау мен көбейту – ауа сапасын жақсартып, климаттың тұрақтылығына оң әсер етеді. Өсімдіктер көмірқышқыл газын сіңіріп, оттегін бөліп шығару арқылы экологиялық тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді. Сонымен қатар көгалдандырылған аумақтар топырақ эрозиясының алдын алып, су ресурстарын тиімді сақтауға мүмкіндік береді.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру – қоғамның тұрақты дамуының негізгі шарттарының бірі. Мұндай шаралар халықтың табиғатқа деген жанашырлық көзқарасын нығайтып, қоршаған ортаны қорғау ісіне кеңінен тартуға ықпал етеді. Әсіресе жас ұрпақтың бойында табиғатқа деген жауапкершілік сезімін қалыптастыру – болашақтың кепілі.
Жалпы алғанда, «Шұбайқызыл алауы» фестивалі тек мәдени іс-шара ғана емес, ол – туған жердің табиғи байлығын қадірлеуге үндейтін, экологиялық сананы арттыратын және қоғамды ортақ мақсатқа біріктіретін маңызды алаң. Алдағы уақытта да осындай игі бастамалар жалғасын тауып, еліміздің табиғи мұрасын сақтауға және оны келер ұрпаққа аман жеткізуге өз үлесін қоса беретіні сөзсіз.
