БАҒАҒА БАҚЫЛАУ БАСТАЛДЫ

Сауда және интеграция министрлігі ішкі нарықтағы баға қалыптастыру үдерісін ашық әрі түсінікті етуге бағытталған жұмыстарды күшейтіп отыр. Негізгі басымдық – сауда тізбегіндегі артық делдалдарды қысқартып, өндіруші мен тұтынушы арасындағы байланысты тікелей ету.

Осы бағытта Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі ірі базарлардың иелерімен және басқарушыларымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында сауда жүйесіндегі негізгі мәселелер ашық талқыланды. Әсіресе, бағаның қалыптасу тетіктері, делдалдық құрылымдардың үлесі және олардың нарыққа әсері сөз болды. Министрлік өкілдері баға өсіміне әсер ететін тиімсіз буындарды қысқарту қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар сауда саласын цифрландыру мәселесі күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың бірі болды. Алдағы уақытта базарлардағы барлық келісімшарттар мен қаржылық операциялар ақпараттық жүйелер арқылы тіркелуі тиіс. Бұл шаралар сауда үдерістерінің ашықтығын арттырып, бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Жұмыс сапары аясында Түркістан қаласындағы «Қуаныш», «Алтын бұлақ», «Яссы» және «Эко базар» сауда орындарына мониторинг жүргізілді. Онда баға белгілеу тәртібі, жеткізу тізбегі және жалға беру жүйесі зерделенді.

Бұдан бөлек, өңірдегі өндірістік парктерге де арнайы бару ұйымдастырылды. Онда жергілікті кәсіпорындардың өнімін тікелей сауда алаңдарына шығару, логистиканы оңтайландыру және отандық өндірісті қолдау мәселелері қарастырылды.

Жалпы республика бойынша сауда саласына бақылау күшейтіліп келеді. Жыл басынан бері тиімсіз 76 делдал сауда тізбегінен шығарылған. Бұл шаралар нарықтағы баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты – көлеңкелі экономиканы азайту, әділ бәсекелестікті қалыптастыру және халық үшін тауарлардың қолжетімді бағасын қамтамасыз ету.