ТОҢАЗЫТҚЫШ ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТ ҚУАТЫ ЕСЕЛЕНІП, ЭКСПОРТ КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙЕДІ

Түркістан облысында өнеркәсіптік әлеуетті күшейту бағытындағы жүйелі жұмыстар өз нәтижесін бере бастады. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров «UBC Group» халықаралық компаниясының құрылтайшысы Игорь Бурдыленкомен кездесіп, аймақта жүзеге асырылып жатқан инвестициялық бастамалардың қазіргі ахуалы мен оларды одан әрі ілгерілету тетіктерін жан-жақты саралады. Кездесу барысында өндірісті әртараптандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және экспортқа бағдарланған жобаларды қолдау мәселелері негізгі назарда болды.

Әкім өңірдің индустриялық дамуына серпін беретін мұндай жобалардың маңызын атап өтіп, нақты секторға тартылған инвестициялар халықтың әл-ауқатын арттыруға тікелей ықпал ететінін жеткізді. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібіндегі ірі жобалар жергілікті кәсіпкерлікті жандандырып, қосымша өндірістік тізбектердің қалыптасуына жол ашады.

Өз кезегінде Игорь Бурдыленко компанияның Орталық Азия нарығында өз орнын нығайтуға мүдделі екенін айтып, отандық өндіріс көлемін арттыру жоспарын таныстырды. Осы бағытта «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» тоңазытқыш шығару зауытының екінші кезеңі іске асу сатысына көшуде. Жобаның жалпы құны 1,2 млрд теңгені құрайды. Бұл қаражат өндірістік инфрақұрылымды кеңейтуге, заманауи технологияларды енгізуге және өнім сапасын арттыруға бағытталмақ.

Жоба аясында жалпы аумағы 1900 шаршы метр болатын жаңа өндірістік кешен бой көтереді. Заманауи жабдықтармен қамтылатын бұл нысан өндірістің тиімділігін арттырып қана қоймай, еңбек өнімділігін еселеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қосымша 50 жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындарды тұрақты табыспен қамтуға жағдай жасалады. Жалпы алғанда, мұндай жобалар аймақтағы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға оң әсерін тигізеді.

Кеңейту нәтижесінде кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 50 мың дана мұздатқышқа дейін жеткізіледі. Бұл көрсеткіш ішкі нарықтағы сұранысты толық қамтып қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруға жол ашады. Бұдан бөлек, жоба шеңберінде екі қосалқы өндіріс орнын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл өндірістік циклді толықтырып, қосымша құн көлемін арттыруға, сондай-ақ жергілікті жеткізушілердің үлесін көбейтуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда кәсіпорын өнімдері Өзбекстан мен Қырғызстан нарығына экспортталуда. Алдағы кезеңде экспорт географиясын кеңейту көзделген. Атап айтқанда, Әзербайжан, Грузия, Армения, Моңғолия, Тәжікстан және Түрікменстан елдеріне шығу жоспары бар. Бұл қадам отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, Қазақстанның өңірлік өндіріс хабына айналуына ықпал етеді.

Жалпы әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, тоңазытқыш өндірісі бүгінде 40-тан астам елде дамыған. Нарықтың негізгі бөлігін Қытай, Германия, Оңтүстік Корея, Түркия және АҚШ секілді индустриялық мемлекеттер иеленіп отыр. Қазақстан үшін бұл саладағы өндірісті жолға қою – импортқа тәуелділікті азайтып, технологиялық дербестікті күшейтудің маңызды қадамы.

Айта кетейік, өткен жылы Түркістан облысындағы шағын өнеркәсіптік парк аумағында «UBC Group» компаниясының «Jasyl suyq Qazaqstan» зауыты іске қосылған болатын. Жобаның алғашқы кезеңінде жылына 40 мың сауда тоңазытқышын шығару жоспарланып, 350-ге жуық адам жұмыспен қамтылды. Ал болашақта жалпы 1000 жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

Кездесу қорытындысында тараптар бірлескен жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеруге уағдаласты. Бұл бастамалар Түркістан облысының өндірістік әлеуетін нығайтып қана қоймай, ел экономикасының орнықты дамуына да елеулі үлес қоспақ.