ЕСІРТКІ ЖАРНАМАСЫ ЖОЙЫЛДЫ
Түркістан облысында «Заң мен тәртіп» қағидаты шеңберінде нашақорлықтың алдын алуға бағытталған «Есірткісіз болашақ» форумы өтті. Көлемді іс-шара өңірде өткізілген онкүндік профилактикалық шаралардың қорытындысына арналды.
Форумға келген қонақтарды полиция қызметіндегі робот ит қарсы алды. Сондай-ақ дрон арқылы аумақты қадағалау және құқық бұзушылықтарды анықтау мүмкіндіктері таныстырылды. Бұдан бөлек, қызметтік иттердің көмегімен жасырылған есірткі заттарын іздеп табу, арнайы жасақ қызметкерлерінің күдіктіні ұстау барысында қолданатын тактикалық тәсілдері көрсетілді. Қатысушылар «Жас сақшы» сыныбы оқушылары әзірлеген суреттер мен қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалап, полицияның техникалық құрал-жабдықтарымен және тақырыптық бейнематериалдарымен танысты.
Форумның ресми бөлімінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров есірткіге қарсы күресте мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерінің бірлесе әрекет етуі маңызды екенін атап өтті.
Нұралхан Көшеров:
– Бүгінгі басқосуымызда біз тек есірткі мен нашақорлықтың зияны туралы ғана емес, жас ұрпақтың болашағы туралы да сөз қозғаймыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауында есірткі саудасы мен нашақорлыққа қарсы күрестің маңызына тоқталып, нақты міндеттер жүктеді. Өйткені, есірткі бір адамның өмірін ғана емес, тұтас отбасының тағдырын күйретеді. Сондықтан ең алдымен, жастардың санасында оған деген үзілді-кесілді қарсылық қалыптастыруымыз қажет. Бұл ретте жастарға қолайлы орта ұсынудың маңызы зор. Бүгінде Түркістан облысында 950 мыңнан астам бала мен жас бар. Жастардың жан-жақты дамуына, қабілетін шыңдауына жағдай жасау мақсатында облыстың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріп келеміз. Облыс құрылғаннан бері 214 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Сонымен қатар өңірдің мәдени инфрақұрылымын дамыту аясында 26 мәдениет үйі мен клубтың құрылысы жүргізілді. Бүгінде облыстағы 801 елді мекеннің 249-ы мәдениет нысандарымен қамтылған. Өңірде 3595 спорт нысаны жұмыс істейді. Биыл 58 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 31-і ел игілігіне тапсырылды. Мұның барлығы жастардың дені сау, білімді, мәдениетті әрі белсенді болып қалыптасуына жасалып жатқан жағдай. Жастарымыз аман, болашағымыз жарқын болсын! – деді.
Өз кезегінде Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатының мән-маңызына тоқталды. Ол есірткі қылмысына қарсы іс-қимылда полицияның жүйелі жұмысы мен қоғамның ортақ ұстанымы айрықша рөл атқаратынын жеткізді. Сонымен қатар есірткі саудасымен айналысатын тұлғаларға заң аясында қатаң шаралар қолданылатынын, ал өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беру және қауіпсіз орта қалыптастыру баршаға жүктелген міндет екенін атап өтті. Полиция басшысы ұстаздар мен ата-аналарды жасөспірімдердің тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауға шақырып, жастарды оңай олжаға қызықпай, білім мен адал еңбекке ден қоюға үндеді.
Форум аясындағы спикерлер алаңында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, саналы шешім қабылдау, азаматтық белсенділігін күшейту, бос уақытын тиімді өткізу және есірткіге қарсы берік көзқарас қалыптастыру мәселелері ортаға салынды. Талқылауға Гүлісхан Нахбаева, Олжас Сүлеймен, Абай Жүсіпов және Есен Елеукен қатысты.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының ерлер хоры патриоттық әндерді орындады. Ал форумның қорытынды бөлімінде әнші, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ибрагим Ескендір мен «Алтын домбыра» жас домбырашылар ансамблі өнер көрсетті.
Онкүндік шеңберінде Түркістан облысының аудан-қалаларында полиция қызметкерлерінің қатысуымен жастармен жүздесулер, профилактикалық акциялар және түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың есірткімен күресті күшейту жөніндегі тапсырмалары мен Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің талаптарын негізге алған Түркістан облысының полицейлері 2026 жылдың 10 айында 332 құқық бұзушылықты анықтап, заңсыз айналымнан 1 тоннаға жуық есірткі тәркіледі. Бұдан бөлек, 1360 интернет-ресурс бұғатталып, 2 320 банк картасының айналымына шектеу қойылды, есірткіні жарнамалайтын 515 граффити жазбасы жойылды. Алдын алу бағытында 1300-ге жуық профилактикалық іс-шара өткізіліп, оған 144 мыңнан астам адам қамтылған.
