ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МЕН ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс әкімдері барлық аудандарды аралап, жергілікті тұрғындармен жүздесіп, өзекті мәселелерді ашық диалог форматында талқылауы тиіс. Осы мақсатта Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Төлеби ауданына арнайы барып, халықпен кездесті. Жиында тұрғындардың талап-тілектері мен ұсыныстары тыңдалып, сауалдарына жауап берілді. Сонымен қатар ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны мен жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде кеңінен сөз қозғалды.
Басқосу барысында облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген негізгі басымдықтарға назар аударды.
Нұралхан Көшеров:
– Мемлекет басшысы Жолдауда экономиканы дамыту, халықтың әлауқатын арттыру және реформаларды жалғастыру міндеттерімен бірге, басты назарды инфрақұрылым құру ісіне аударып, барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, жандандыру қажеттігін айтты. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда өңірлердің рөлі ерекше. Біздің басты мақсатымыз – инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру. Бүгінгі кездесу осы бағыттағы жұмыстарды саралап, алдағы міндеттерді айқындауға және Сіздердің мәселелеріңізді ашық талқылауға мүмкіндік береді, – деді.
2026 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Төлеби ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 146 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 109,8 пайызды құрады. Өнеркәсіп саласындағы өндіріс көлемі 55,3 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 104,1 пайызға артты. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 49,7 млрд. теңгеге жеткен. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 37,4 млрд. теңгені құрады. Құрылыс саласында 15,1 млрд. теңгенің жұмыстары атқарылып, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 34,8 мың шаршы метр болды. Ауыл шаруашылығы саласының өнім көлемі 45,9 млрд. теңгеге жетті.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында өткен жылы ауданда 11 елді мекенді қамтыған, жалпы құны 1,2 млрд. теңгелік 7 жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Балдыберек, Жаңакүш, Тағайна, Жаңажол, Киелітас, Достық, Ынтымақ, Біркөлік елді мекендеріндегі 14 көшеге (16,8 шақырым, 484,4 млн. теңге) және аудандық маңызы бар КХТЛ-30 «Бейнеткеш е.м» кіреберіс жолына (4,4 шақырым, 291,3 млн. теңге) асфальт жабындысы төселді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 95,2 пайызға көтерілді. Бұдан бөлек, Көксәйек елді мекенінде спорт кешені ел игілігіне берілді. Ал Момынай ауылындағы спорт нысанының құрылысы желтоқсан айында аяқталып, пайдалануға тапсырылмақ.
Биыл Зағамбар елді мекеніндегі мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Ынтымақ ауылында 150 орындық білім ұясының құрылысы толық аяқталып, 1 қыркүйекте оқушыларға есігін ашты. Сонымен қатар Көксәйек және Тасарық ауылдық округтеріне қарасты 4 елді мекеннің 12 көшесін электр желілерімен қамтамасыз ету және трансформаторлар орнату жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.
Сондай-ақ аудандағы ауыз су жүйесін жетілдіру мақсатында жалпы құны 11,6 млрд. теңгені құрайтын 7 ауқымды жоба қолға алынған. Абай, Ақбастау, Мәдени, Кеңесарық, Бірінші Мамыр елді мекендеріне су құбырларын тарту, Балдыберек ауылында су тазарту имаратын салу және Ленгір қаласындағы ауыз су мәселесін шешу үшін 1,1 млрд. теңге қаржы қарастырылды.
Ал 2027 жылы «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» (МЭКС) ұлттық жобасы шеңберінде Жоғарғы Қасқасу елді мекенінде ауыз су құбырының құрылысын бастау жоспарланған.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 67 жобаға 574 млн. теңге бағытталды. Сонымен бірге Ленгір қаласындағы «Төле би баба» музейінің құрылысын аяқтауға облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, нысан пайдалануға берілді. Киелітас елді мекеніндегі мәдениет үйінің құрылысын тәмамдау үшін де облыстық бюджеттен 100 млн. теңге бөлінді. Аталған нысанды желтоқсан айында ел игілігіне беру көзделіп отыр.
Кездесу кезінде өткен жылы тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің орындалу барысы да назардан тыс қалмады. Былтырғы басқосуда халық 12 мәселе көтерген болатын. Бүгінде оның 11-і оң шешімін тапқан, қалған бір мәселе бойынша тиісті жұмыстар жалғасуда.
Жиында Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Амантайұлы баяндама жасап, өңірде жүзеге асырылып жатқан бастамалар мен алдағы кезеңге арналған жоспарларды таныстырды.
Басқосу соңында аудан тұрғындары өздерін алаңдатқан мәселелерді ортаға салып, бірқатар ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Облыс әкімі әрбір сауалға жауап беріп, көтерілген түйткілдердің шешілу барысы жеке бақылауында болатынын атап өтті.
