ЧЕМПИОНДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Жапонияда ұйымдастырылған ХХ жазғы Азия ойындары мен V Азия Пара ойындарында үздік нәтиже көрсеткен өңір спортшыларымен жүздесті. Салтанатты басқосуда халықаралық додаларда Қазақстанның намысын қорғап, жүлделі орындардан көрінген спортшыларға облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Кездесу барысында өңір басшысы спортшыларды жеңістерімен құттықтап, олардың жетістіктері отандық спорттың дамуы үшін айрықша маңызға ие екенін жеткізді.
Нұралхан Көшеров:
– Жапония мемлекетінде өткен ХХ жазғы Азия ойындары және V Азия Пара ойындарында жоғары нәтиже көрсеткендеріңіз үшін баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бұл додаға еліміздің намысын спорттың 35 түрінен 558 спортшы қорғаса, оның ішінде Түркістан облысынан 35 спортшы қатысып, 1 алтын, 3 күміс және 3 қола жеңіп алды. Сонымен қатар Азия Пара ойындарына спорттың 3 түрінен 5 спортшы қатысып, 2 алтын, 1 қола медаль еншіледі. Жерлестеріміз жалпы 10 медаль иеленіп, өңіріміздің ғана емес, тұтас еліміздің мерейін үстем етті. Бұл – үлкен жетістік! Әрбір жеңістің артында спортшының табандылығы, қажырлы еңбегі және жаттықтырушылардың тынымсыз еңбегі тұр. Сіздер жеңіс тұғырына көтерілген сәтте бүкіл Түркістан жұртшылығы мақтанды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен бүгінде облыста бұқаралық және жоғары жетістіктер спортын дамытуға, ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Өңірде 3595 спорт нысаны жұмыс істейді. Биыл 58 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 31-і ел игілігіне тапсырылды. Алдағы уақытта да облыста спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Жеңістеріңіз тағы да құтты болсын! Түркістан облысының абыройын асқақтатып, еліміздің көк байрағын биікте желбірете беріңіздер! – деді.
Азия ойындарында Түркістан өңірінің өкілдері бірқатар спорт түрінен жүлделі орындарға ие болды. Академиялық ескек есуден Владислав Яковлев пен Иван Чернухин алтын медаль еншіледі. Байдарка мен каноэде есуден Ольга Шмелёва күміс және қола жүлделерді қанжығасына байлады. Каратэден Әсел Қанай, дзюдодан Айдар Арапов күміс медаль жеңіп алса, еркін күрестен Едіге Қасымбек пен әйелдер күресінен Нилуфар Раймова қола жүлдегер атанды.
Ал Азия Пара ойындарында пара дзюдодан сынға түскен Бексұлтан Құлмырза мен Ақтолқын Сейілбекова алтын медаль иеленді. Бағланбек Оңалбек жарысты қола жүлдемен қорытындылады.
