ТҮРКІСТАН ТӘЖІРИБЕСІ ТАРАЛАДЫ
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында қалыптасқан шағын өндірістік парктерді дамыту тәжірибесін өзге өңірлерде енгізу көзделіп отыр. Осы бағытта тәжірибе алмасу жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Аталған мақсатта еліміздің бірқатар облыстарынан делегациялар Түркістан өңіріне келіп, өндірістік инфрақұрылымның дамуымен және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысуда.
Кезекті іс-сапар аясында Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің салаға жетекшілік ететін өкілдерінен құралған делегация Түркістан облысына арнайы келді. Сапар барысында қонақтар Сауран ауданындағы «SAURAN» өндірістік паркінде болып, ондағы кәсіпорындардың жұмыс барысын зерделеді. Сонымен қатар Түркістан қаласында салынып жатқан өндірістік парктердің құрылыс қарқынымен танысып, өңірдегі индустриялық даму деңгейіне баға берді.
Бұдан бөлек, делегация Арнайы экономикалық аймақ пен индустриялық аймақтардың жұмысымен танысып, аталған аумақтарда жүзеге асырылып жатқан жобалардың ерекшеліктеріне назар аударды. Мұндай өндірістік алаңдар инвесторларға қолайлы жағдай жасап, жобаларды жедел іске асыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Жалпы, бүгінде Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында 25 шағын өндірістік парк құру жұмыстары жүргізілуде. Аталған бастама аясында 258 өндірістік нысанның құрылысы қолға алынып, қазіргі таңда оның 120-сы пайдалануға берілген. Бұл жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға және кәсіпкерлікті дамытуға серпін беруде.
Аталған өндірістік алаңдарда жүзеге асырылған жобалардың нәтижесінде өткен жылы 27 млрд теңгенің импортты алмастыратын өнімдері өндірілді. Іске қосылған кәсіпорындардың қатарында тоңазытқыш шығаратын «UBC Group», жиһаз өндірісіне маманданған «Aqniet Holding», сондай-ақ жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін өндіретін «BNK Group» компаниялары бар.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан бұл тәжірибе өңірлік индустрияны дамытуға тың серпін беріп, ел экономикасының әртараптануына үлес қосуда. Алдағы уақытта осы үлгіні республика көлемінде енгізу арқылы өндіріс көлемін ұлғайтуға және инвестициялық белсенділікті арттыруға мүмкіндік тумақ.
