ШЫМКЕНТТЕ АДВОКАТ 7 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты адвокаттар алқасының мүшесі А. Төрекұловаға қатысты қылмыстық істі қарап, үкім шығарды. Сот оны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бірқатар баптары бойынша, атап айтқанда аса ірі мөлшерде алаяқтық жасауға оқталу, алаяқтық, сондай-ақ пара беруге азғыру әрекеттері үшін кінәлі деп таныды.
Іс материалдарына сәйкес, айыпталушыға ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі – 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы, 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағы, сондай-ақ 28-бабы 4-бөлігі – 367-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша айып тағылған. Бұл айыптар заңсыз жолмен ірі көлемде ақша қаражатын иемденуге бағытталған аяқталған және аяқталмаған қылмыстық әрекеттерді, сондай-ақ өзге тұлғаларды сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға тарту фактілерін қамтиды.
Сот талқылауының қорытындысы бойынша айыпталушыға 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Айта кету керек, А. Төрекұлова 2025 жылғы қазан айында Шымкент қаласы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қызметкерлері тарапынан ұсталған болатын. Тергеу амалдары сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау аясында жүргізілген.
Фото ЖИ көмегімен жасалған
