ӘКІМ ИНКАЙДЫҢ МЕРЕЙТОЙЫНА БАРДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Созақ ауданына жұмыс сапары аясында уран өндіру саласындағы жетекші кәсіпорындардың бірі – «СП «Инкай» ЖШС-нің 30 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиынға қатысты. Аталған іс-шара өңірдің өндірістік әлеуетін арттырудағы және әлеуметтік жауапкершілікті нығайтудағы маңызды кезеңдердің бірі ретінде ұйымдастырылды.

Іссапар барысында өңір басшысы кәсіпорынның өндірістік қызметімен ғана емес, қызметкерлерге арналған әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымымен де жан-жақты танысты. Атап айтқанда, заманауи спорт кешені, қызметкерлерге арналған асхана, демалыс аймақтары, тұрғын модульдер мен жаттығу залдары көрсетіліп, олардың сапасы мен қолжетімділігіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар компанияның өндірістік жетістіктері, енгізілген жаңа технологиялар мен қауіпсіздік талаптарын сақтау бағытындағы жұмыстар жөнінде кең көлемде ақпарат берілді. Мерейтой қарсаңында бой көтерген арнайы монументтің ашылу рәсімі өткізіліп, бұл нысан кәсіпорынның тарихи даму жолының символына айналды. Бұдан кейін құрметті қонақтар арнайы құрмет кітабына естелік қолтаңбаларын қалдырды.

Салтанатты жиын барысында сөз сөйлеген облыс әкімі Нұралхан Көшеров компания ұжымын айтулы мерекемен құттықтап, кәсіпорынның өңір экономикасындағы стратегиялық маңызына тоқталды.

Нұралхан Көшеров: 

Құрметті әріптестер, қадірлі еңбек адамдары! Сіздерді еліміздің тау-кен өнеркәсібіндегі беделді әрі іргелі кәсіпорындардың бірі – «Инкай» компаниясының 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің өндірістік қуатын арттырумен қатар, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін күшейтудің маңыздылығын әрдайым атап келеді. Осы тұрғыда Созақ ауданының экономикалық тірегіне айналған «Инкай» компаниясы жүктелген міндеттерді абыроймен орындап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосып келеді.

Компания тек өндірістік көрсеткіштермен ғана шектелмей, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып отыр. Атап айтқанда, соңғы отыз жыл ішінде білім беру, денсаулық сақтау және спорт салаларында жаңа нысандар салу мен қолданыстағыларын жаңғыртуға айрықша көңіл бөлінді. Бұл бастамалар жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар кәсіпорын тарапынан жаңа жұмыс орындары ашылып, халықты тұрақты жұмыспен қамту ісіне де үлкен үлес қосылуда. Елді мекендерді абаттандыру, экологиялық тепе-теңдікті сақтау және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жобалар – компанияның әлеуметтік жауапкершілігінің нақты көрінісі. Мұндай жүйелі жұмыстар бизнестің қоғаммен тығыз байланысын және өңір дамуына деген жанашыр көзқарасын айқын аңғартады.

Құрметті «Инкай» компаниясының ұжымы! Сіздерді мерейтойларыңызбен тағы да құттықтай отырып, өңірдің дамуына қосқан зор үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да кәсіпорын өзінің инновациялық әлеуетін арттырып, жаңа белестерді бағындырып, Түркістан облысының және тұтас еліміздің экономикалық өркендеуіне сүбелі үлес қоса беретініне сенім білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін! — деді.

Мерейтойлық іс-шара мазмұнды мәдени бағдарламамен жалғасын тапты. Сахна төрінде танымал өнер ұжымдары мен эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар мерекелік кеш аясында қатысушылар арасында түрлі викториналар мен танымдық ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, «СП «Инкай» ЖШС – уран өндіру саласындағы жетекші кәсіпорындардың бірі ретінде еліміздің индустриялық дамуында маңызды орын алады. Компания құрылған сәттен бастап өндірістік қуатын кезең-кезеңімен арттырып, заманауи технологияларды енгізу арқылы тұрақты даму жолына түсті. Сонымен қатар әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын берік ұстанып, Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келеді.