АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІ ҮШІН ШЕГІРТКЕМЕН КҮРЕСІП ЖАТЫР
Түркістан облысында аса қауіпті ауыл шаруашылығы зиянкестерінің бірі – Марокко шегірткесіне (Dociostaurus maroccanus) қарсы күрес жұмыстары белгіленген талаптарға сәйкес жүйелі түрде жалғасуда. Қазақстан аумағында шегіртке тектес зиянкестердің 270-тен астам түрі кездеседі. Соның ішінде Марокко шегірткесі үйірлі түрде таралып, егістік пен жайылымға орасан зор қауіп төндіреді. Бұл зиянкес бір шаршы метр аумақта 200-300 дараққа дейін шоғырланып, қысқа мерзім ішінде дәнді дақылдарды, мақта, көкөніс, бақша өнімдерін, жоңышқа мен табиғи жайылымдарды толықтай жойып жіберуі мүмкін. Уақытылы анықтау және жедел химиялық өңдеу шаралары жүргізілмеген жағдайда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге айтарлықтай экономикалық шығын келтіреді.
Осыған байланысты Түркістан облысында шегірткеге қарсы күрес жұмыстарын тиімді үйлестіру мақсатында екі жедел штаб құрылған. Оның бірі Арыс қаласында, екіншісі Келес ауданы аумағында орналасқан. Штабтардың жұмысына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жетекшілік етеді. Негізгі мақсат – фитосанитариялық болжам және диагностика орталығы анықтаған қауіпті ошақтарда химиялық өңдеу жұмыстарының сапалы әрі белгіленген регламентке сай орындалуын қамтамасыз ету.
Қазіргі таңда штаб тарапынан облыстағы 65 сектордағы ахуал күнделікті бақылауға алынған. Әр секторда химиялық препараттардың қажетті көлемде жеткізілуі, арнайы техникалардың үздіксіз жұмыс істеуі және препараттардың мақсатты әрі тиімді пайдаланылуы қатаң қадағаланады. Өңдеу жүргізілген алқаптар мобильді мониторинг топтары арқылы қайта тексеріліп, олардың қорытындылары штаб басшылығына тұрақты түрде баяндалып отырады. Бұл тәсіл атқарылған жұмыстардың сапасын арттырып, зиянкестердің қайта таралуына жол бермеуге мүмкіндік береді.
2026 жылы Түркістан облысында шегіртке зиянкесіне қарсы 906,088 мың гектар аумақты зерттеу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 847,5 мың гектар жерге фитосанитариялық зерттеу жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде 288,7 мың гектар аумақта зиянкестер саны экономикалық зияндылық шегінен асып кеткені анықталды. Осыған сәйкес 10 аудан мен қала аумағында жалпы 287,8 мың гектар жер химиялық өңдеуден өткізілді.
13 мамырдағы жағдай бойынша өңдеу жұмыстарына 168 арнайы бүрку техникасы, 27 су тасығыш автокөлік және мыңға жуық анықтаушы-мамандар жұмылдырылды. Жұмысқа тартылған техникалардың өнімділігі мен қозғалысы толық бақылауда. Мониторинг қорытындысына сәйкес химиялық өңдеу аяқталған секторлардағы техникалар қауіптілігі жоғары жаңа аумақтарға жедел түрде қайта бағытталуда. Қазіргі уақытта 58 техника Келес ауданында, 41 техника Сарыағаш ауданы аумағында, ал 31 техника Арыс қаласының жерінде жұмыс атқаруда. Қалған техникалар өзге аудандардағы анықталған ошақтарды өңдеуге жұмылдырылған.
Шегірткеге қарсы күрес – әлемнің көптеген елдерінде стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі. Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) деректеріне сәйкес, Африка, Таяу Шығыс және Орталық Азия елдерінде шегірткелерге қарсы күрестің негізгі тетігі – ерте болжам жасау, тұрақты мониторинг жүргізу және жедел әрекет ету жүйесін қалыптастыру. Марокко, Алжир, Қытай және Австралия сияқты елдер спутниктік бақылау, геоақпараттық жүйелер, дрондар және арнайы мобильді зертханалар арқылы зиянкестердің таралу аймақтарын алдын ала анықтайды. Кейбір мемлекеттерде биологиялық препараттар, табиғи энтомофагтар және экологиялық қауіпсіз әдістер де кеңінен қолданылады. Алайда зиянкестер жаппай көбейген жағдайда ең тиімді тәсіл ретінде халықаралық тәжірибеде авиациялық және жерүсті химиялық өңдеу әдістері пайдаланылады.
Орталық Азия мемлекеттері, соның ішінде Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан шекаралас аумақтарда бірлескен мониторинг жұмыстарын жүргізіп, ақпарат алмасу жүйесін дамытып келеді. Бұл өңірлік үйлестіру шегірткелердің шекара асып таралуының алдын алуға және ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғауға мүмкіндік береді.
Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстар халықаралық стандарттар мен озық тәжірибелерге толық сәйкес келеді. Ерте анықтау, нақты болжам жасау, өңдеу сапасын күнделікті бақылау, техниканы тиімді қайта бөлу және мобильді мониторинг топтарының тұрақты жұмысы өңірдегі фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды тетігі болып отыр. Бұл шаралар егіс алқаптарын, жайылымдарды және ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтап, шаруалардың еңбегін қорғауға, сондай-ақ өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.
