МӘДЕНИ-ТУРИСТІК ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров италиялық Magister Art⁠ компаниясының президенті Ренато Сапоритомен ресми кездесу өткізіп, мәдениет, туризм, креативті индустрия, цифрлық технологиялар және халықаралық ынтымақтастық салаларындағы өзара әріптестікті дамыту мәселелерін жан-жақты талқылады. Кездесу Түркістан облысының тарихи-мәдени әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға, өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.

Кездесу барысында Нұралхан Көшеров Түркістан өңірінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар туралы кеңінен айтып өтті. Оның айтуынша, бүгінде Түркістан облысында инвестиция тарту, өндірісті әртараптандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, туризм инфрақұрылымын жетілдіру және тарихи-мәдени мұраны сақтау бағыттарына ерекше басымдық беріліп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістанды түркі әлемінің рухани және мәдени орталығы ретінде дамыту, заманауи сәулеттік шешімдерді енгізу, халықаралық стандарттарға сай туристік нысандар салу және цифрлық технологияларды кеңінен пайдалану жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда.

Нұралхан Көшеров: 

– Тарихы терең Түркістанға қош келдіңіздер. Біздің өңірде инвестиция тарту, өндірісті дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау негізгі басымдықтардың қатарында. Сонымен қатар туризм, мәдениет, руханият және шығармашылық индустрия салалары да ерекше назарда. Біз жаңа сәулеттік жобаларды, цифрлық мәдени шешімдерді және халықаралық серіктестікке негізделген бастамаларды қарастыруға әрқашан дайынбыз. Түркістанның тарихи мұрасын заманауи форматта таныту – ортақ мақсатымыз, – деді.

Өз кезегінде Ренато Сапорито Түркістан облысының қарқынды дамуына жоғары баға беріп, өңірдің тарихи және мәдени әлеуеті халықаралық деңгейдегі бірегей жобаларды жүзеге асыруға толық мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Уақыт бөліп, жылы қабылдағандарыңызға үлкен рақмет. Қазақстанға келген сайын ерекше әсер аламын. Бұл – даму қарқыны жоғары, болашағы зор мемлекет. Түркістанның тарихи маңызы мен мәдени әлеуеті бізді қызықтырады. Ұсыныстарыңызды мұқият қарап, тәжірибеміз бен технологиялық мүмкіндіктерімізді пайдалана отырып, тиімді әріптестік орнатуға және нақты жобаларды іске асыруға дайынбыз, – деді компания басшысы.

Кездесу барысында Түркістан облысында мәдени-туристік бағыттағы бірқатар перспективалы жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен басқа да тарихи нысандарды цифрлық форматта таныстыру, виртуалды және толықтырылған шынайылық (VR/AR) технологияларын енгізу, халықаралық көрмелер мен мультимедиялық экспозициялар ұйымдастыру, музей ісін жаңғырту, мәдени контент өндіру және шығармашылық индустрияны дамыту мәселелері сөз болды. Сондай-ақ әлемдік музейлермен және мәдени орталықтармен байланыс орнату, Түркістанды халықаралық мәдени маршруттарға енгізу, туристерге арналған интерактивті платформалар әзірлеу бағыттары қарастырылды.

Бүгінде әлемдік туризм индустриясында мәдени мұраны цифрлық технологиялар арқылы танытуға сұраныс артып келеді. Сарапшылардың пікірінше, виртуалды көрмелер, 3D реконструкциялар, интерактивті музейлер мен цифрлық гидтер туристердің қызығушылығын арттырып қана қоймай, тарихи ескерткіштердің жаһандық деңгейде танылуына мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, Magister Art компаниясының тәжірибесі Түркістан облысы үшін аса маңызды. Компания Еуропа мен басқа да елдерде мәдениет, дизайн, архитектура және цифрлық коммуникация салаларында ірі жобаларды жүзеге асырып, музейлер мен тарихи орталықтардың аудиториясын кеңейтуге үлес қосып келеді.

Magister Art – мәдени және креативті индустрия саласында инновациялық шешімдер ұсынатын халықаралық компания. Оның негізгі миссиясы – ұлттық мәдени мұраны заманауи технологиялар арқылы насихаттау және әлем жұртшылығына кеңінен таныту. Компанияның бас кеңселері Милан және Рим қалаларында орналасқан. «Дизайн және архитектура», «Медиа», «Бренд дизайны және коммуникациялар», «IT», «Операциялық қызмет» және «Редакциялық әрі бизнес-стратегиялар» департаменттері арқылы компания кешенді және «дайын жоба» форматындағы шешімдерді әзірлеп, іске асырады.

Кездесу қорытындысында тараптар Түркістан облысында мәдени-туристік және инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асырудың нақты тетіктерін қарастыруға, өзара тәжірибе алмасуға және ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестікті нығайтуға уағдаласты. Бұл ынтымақтастық Түркістанның тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен танытуға, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, креативті индустрияны дамытуға және жаңа инвестициялар тартуға тың серпін береді деп күтілуде.