АРЫСТА ЖАСЫРЫН ЗЕРТХАНА ЖОЙЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында есірткі өндіру мен таратудың жолын кесу бағытындағы кешенді жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда. Осы бағытта жүргізілген жедел-іздестіру және арнайы іс-шаралардың нәтижесінде Түркістан облысының Арыс қаласында синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан жасырын зертхана анықталып, оның қызметі толық тоқтатылды.
Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері мамыр айының басында өткізген арнайы операция барысында Арыс қаласының шетінде орналасқан жеке тұрғын үйде ағайынды екі ер адамның синтетикалық есірткіні аса ірі көлемде заңсыз өндіріп келгенін анықтады. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдіктілер арнайы химиялық құрал-жабдықтарды пайдалана отырып, тыйым салынған заттарды дайындауды тұрақты түрде ұйымдастырған.
Оқиға орнында жүргізілген тінту кезінде жарты тоннаға жуық сұйық күйдегі мефедрон және шамамен 1,5 тонна прекурсор тәркіленді. Аталған заттарға тиісті сот-сараптамалары тағайындалды. Сонымен қатар реакторлар, химиялық колбалар, магниттік араластырғыштар, канистрлер, пластикалық науалар және синтетикалық есірткі өндіруге арналған басқа да арнайы құрал-жабдықтар алынды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұл баптың санкциясы мүлкін тәркілеумен қатар өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі қатаң жазаны қарастырады. Қазіргі уақытта күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов есірткі өндіруге бағытталған кез келген заңсыз әрекет қатаң түрде тоқтатылатынын атап өтті.
Ішкі істер министрлігі азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырып, синтетикалық есірткі өндірісі мен айналымына қарсы күрес алдағы уақытта да үздіксіз жалғасатынын мәлімдеді.
