ЖЕҢІСТІҢ 81 ЖЫЛДЫҒЫ САЛТАНАТТЫ ӨТТІ
Түркістан қаласындағы «Жеңіс» саябағында орналасқан «Даңқ» мемориалдық кешенінде Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған салтанатты іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Тағылымы терең, тарихи маңызы зор мерекелік жиынға Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, зиялы қауым өкілдері, әскери қызметшілер, жастар ұйымдарының мүшелері, қоғамдық бірлестіктер және қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты рәсім барысында Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ерлікпен қаза тапқан боздақтардың рухына бір минут үнсіздік жарияланды. Одан кейін қатысушылар «Мәңгілік алау» басына гүл шоқтарын қойып, майдан даласында жанын қиған жауынгерлер мен тылда тынымсыз еңбек еткен азаматтардың ерен ерлігіне тағзым етті.
Мерекелік іс-шарада Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жиналған жұртшылықты Ұлы Жеңістің 81 жылдығымен құттықтап, халқымыздың сұрапыл соғыс жылдарындағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт өмірді сақтаудағы тарихи үлесіне кеңінен тоқталды.
– Баршаңызды Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 81 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – батырлық пен отансүйгіштіктің, елге деген адалдықтың айқын белгісі. Қазақ халқы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майдан даласында ерекше ерлік көрсетіп, фашизмге қарсы күресте табандылық танытты. Батырларымыз от пен оқтың ортасында жүріп Отанды қорғады. Ал тылдағы азаматтар күндіз-түні еңбек етіп, Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстан адамзаттың ортақ жеңісіне, әділдік пен бостандықтың салтанат құруына орасан зор үлес қосты. Елімізден 1 миллион 200 мыңнан астам азамат майданға аттанып, олардың жартысынан астамы туған жерге оралмады. Солардың арасынан жүздеген батырлар шығып, 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.
Оңтүстік өңірден 140 мыңнан астам азамат соғысқа аттанып, олардың тең жартысы ел үшін жанын қиды. Бұл – туған жерге деген шексіз сүйіспеншіліктің және елдік рухтың жарқын көрінісі. Біз аға буынның өшпес ерлігін әрдайым дәріптеп, жас ұрпаққа үлгі етіп жеткізе береміз.
Өкінішке қарай, Жеңісті жақындатқан ардагерлеріміздің қатары сиреп барады. Бүгінде Түркістан облысында Ұлы Отан соғысының небәрі 3 ардагері ғана өмір сүруде. Олар – ел тарихының тірі куәгерлері, өскелең ұрпақ үшін теңдессіз өнеге. Сонымен бірге өңірде 3 мыңнан астам тыл ардагері бар. Мемлекет тарапынан оларға тұрақты түрде әлеуметтік қолдау көрсетіліп келеді. Біз батырларымыздың есімін ешқашан ұмытпаймыз. Елімізде әрдайым бейбітшілік пен тыныштық орнасын, ұрпағымыз аман, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, – деді облыс әкімі.
Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов өз сөзінде соғыс және еңбек ардагерлеріне құрмет көрсету – кейінгі буынның қасиетті борышы екенін атап өтті. Оның айтуынша, ел үшін от кешкен азаматтардың ерлігі мен тылда еңбек еткен жандардың қажырлы еңбегі ешқашан ұмытылмауы тиіс.
Мерекелік жиын аясында қатысушылар «Даңқ» аллеясын аралап, Отан үшін ерлікпен қаза тапқан батырлардың есімдері қашалған ескерткіштерге тағзым етті. Іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасып, патриоттық әндер шырқалып, әскери және соғыс жылдарындағы рухты көтеретін шығармалар орындалды. Бұл өнер туындылары қатысушыларға ел қорғаған батырлардың өр рухын тағы бір мәрте сезінуге мүмкіндік берді.
Қазіргі таңда Түркістан облысында Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген 1462 азамат, 2082 тыл ардагері және қайтыс болған соғыс мүгедектерінің жұбайлары тұрады. Ұлы Отан соғысының ардагерлері өңірдің Сайрам ауданы, Сарыағаш ауданы және Жетісай ауданы аумақтарында тұрады. Оларға мемлекет тарапынан барлық қажетті әлеуметтік қолдау көрсетілуде.
Биыл Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 5 миллион теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек берілді. Сонымен қатар соғысқа қатысушыларға теңестірілген азаматтарға, тыл ардагерлеріне және соғыс мүгедектерінің жесірлеріне заңнамаға сәйкес бірреттік әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Бұл – аға буынға деген мемлекет қамқорлығының нақты көрінісі.
Жеңіс күні – өткенді еске алып қана қоймай, бейбіт өмірдің қадірін терең сезінетін ерекше күн. Бүгінгі тыныштық пен тұрақтылық – миллиондаған адамның жанқиярлық ерлігінің нәтижесі. Бейбітшілік бар жерде береке болады, экономика дамиды, халықтың әл-ауқаты артады, ұрпақ еркін білім алып, жарқын болашаққа сеніммен қадам басады. Тыныштық – мемлекеттің ең үлкен байлығы, ел бірлігінің негізі.
Сондықтан Жеңіс мерекесінің тағылымы – ерлікті ұлықтау ғана емес, бейбітшілікті бағалау, ел ішіндегі татулық пен келісімді сақтау. Ардагерлердің ерлігі мен тыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі жас ұрпаққа отансүйгіштік рух дарытып, туған елге қызмет етудің қасиетті міндет екенін ұғындырады.
Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған бұл тағылымды шара тарихи жадымызды жаңғыртып, ардагерлерге құрмет көрсетудің, бейбіт өмірдің қадірін ұғындырудың жарқын үлгісіне айналды. Елімізде әрдайым тыныштық пен тұрақтылық салтанат құрып, көк туымыз мәңгі желбірей берсін.
