СОҒЫС АРДАГЕРІНЕ 5 МЛН ТЕҢГЕ СЫЙАҚЫ БЕРІЛДІ
1418 күн мен түнге созылған, адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі – Екінші дүниежүзілік соғыс миллиондаған адамның тағдырын өзгертіп, сан мыңдаған отбасына орны толмас қайғы әкелді. Бұл сұрапыл соғыс адамзатқа бейбітшіліктің қадірін ұғындырып, Отанды қорғаудың қасиетті парыз екенін дәлелдеді. Майдан даласында кеудесін оққа тосып, ел мен жердің азаттығы үшін жанын аямаған ардагерлердің ерлігі халық жадында мәңгі сақталады. Олардың батырлығы – кейінгі ұрпаққа үлгі, елге деген адалдықтың, азаматтық жауапкершіліктің және шынайы патриотизмнің жарқын көрінісі.
Сол бір зұлмат жылдардың зардабын өз көзімен көріп, от пен оқтың арасынан аман өткен жандардың бірі – Жетісай ауданының тұрғыны, бүгінде өңірдегі көзі тірі жалғыз майдангер Петр Кузьмич Папков. Ол 1925 жылдың маусым айында Татарстан Республикасының Максимовка ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ауыр кезеңдермен тұспа-тұс келген Петр Кузьмич жастайынан еңбекке араласып, кейін ел басына күн туған шақта Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған.
Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков пен Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов майдангердің шаңырағына арнайы барып, оны 7 мамыр – Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекелерімен құттықтады. Ардагерге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің, Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың және Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Дәурен Қосановтың құттықтау хаттары табысталды.
Мерекелік іс-шара барысында Петр Кузьмичке 5 миллион теңге көлеміндегі қаржылай сертификат, сыйлықтар мен арнайы әзірленген мерекелік себет тарту етілді. Сондай-ақ, иығына шапан жабылып, ел құрметі көрсетілді. Бұл – соғыс ардагерлеріне деген шынайы алғыс пен құрметтің, олардың тарихи ерлігіне деген тағзымның айқын белгісі.
Петр Папков 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, 73-гвардиялық армияның 105-полкі құрамында әскери қызмет атқарды. Ол Киев, Бухарест және Венгрия аумағындағы шешуші ұрыстарға қатысып, фашизмге қарсы күресте табандылық пен батылдық танытты. Майданда құрылыс батальонында жүргізуші әрі құрылысшы ретінде қызмет етіп, әскери инфрақұрылымдарды қалпына келтіру мен қамтамасыз ету жұмыстарына белсене араласты. Бұл қызмет те алғы шептегі шайқастармен бірдей жауапкершілік пен төзімділікті талап етті.
1950 жылы әскери қызметін аяқтап, елге оралған ардагер соғыстан кейінгі ауыр кезеңде ауыл шаруашылығын дамытуға және елді мекендерді қалпына келтіруге белсене атсалысты. Ұзақ жылдар бойы трактор тізгіндеп, адал еңбек етті. Еңбегімен елге сыйлы болып, зейнетке шыққанға дейін туған жерінің өркендеуіне үлес қосты. Бүгінде төрт қызынан тараған немере мен шөберенің қызығын көріп отырған қадірлі қария – Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагері. Ол «Құрмет белгісі» орденімен және басқа да мемлекеттік марапаттармен наградталған.
Отан қорғау – тек әскери міндет қана емес, әр азаматтың ел алдындағы қасиетті борышы. Тәуелсіз Қазақстанның тыныштығы мен тұрақтылығы – осындай батырлардың жанқиярлығының нәтижесі. Елдің қауіпсіздігі қамтамасыз етілген жерде экономика дамиды, халықтың әл-ауқаты артады, ұрпақ білім алып, бейбіт өмір сүруге мүмкіндік алады. Бейбітшілік – қоғамның өсіп-өркендеуінің, бірліктің, татулықтың және тұрақты дамудың басты кепілі. Сондықтан ел тыныштығын сақтау – әрбір қазақстандықтың ортақ міндеті.
Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Жетісай ауданында соғыс және еңбек ардагерлеріне, сондай-ақ оларға теңестірілген азаматтарға әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің екінші рет некеге тұрмаған төрт зайыбына 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде бір реттік әлеуметтік көмек берілді. Сонымен қатар, соғыс жылдарында тылда қажырлы еңбек еткені және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңес Одағының орден-медальдарымен марапатталған 198 азаматқа 15 АЕК көлемінде біржолғы әлеуметтік жәрдемақы төленді.
Бұдан бөлек, 1986–1991 жылдары Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілерге және бұрынғы Кеңес Одағының ішкі істер мен мемлекеттік қауіпсіздік органдарының құрамында қызмет атқарған 34 азаматқа 30 АЕК көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Сондай-ақ, 1992 жылдың қыркүйегі мен 2001 жылдың ақпаны аралығында Тәжікстан-Ауғанстан шекарасында ТМД шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі халықаралық келісімдерге сәйкес қызмет атқарған 43 қазақстандық әскери қызметшіге де 30 АЕК мөлшерінде бір реттік әлеуметтік жәрдемақы берілді.
Бұл шаралар – ел тәуелсіздігі мен қауіпсіздігі жолында қызмет еткен азаматтарға көрсетілген құрмет пен қамқорлықтың нақты көрінісі. Ардагерлердің ерлігі мен еңбегі – ел тарихының ажырамас бөлігі. Олардың өнегелі өмір жолы өскелең ұрпаққа Отанды сүюдің, елге адал қызмет етудің және бейбітшіліктің бағасын білудің маңызын ұғындырады.
Бүгінгі бейбіт өмір – кешегі батырлардың жанқиярлығының жемісі. Сондықтан олардың есімі мен ерлігі әрдайым ұлықталып, халық жадында мәңгі сақталады. Ұрпақ алдындағы басты міндет – ел тыныштығын сақтау, мемлекет тұтастығын нығайту және Отан қорғаушылардың даңқты жолын құрметпен жалғастыру.
