РФММ ЕМТИХАНЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ТУҒАН ДАУҒА МИНИСТРЛІК ЖАУАП БЕРДІ

Республикалық физика-математика мектебінің (Республикалық физика-математика мектебі) 7-сыныбына мемлекеттік грант негізінде қабылдау нәтижелері жарияланғаннан кейін ата-аналар арасында қызу талқылау басталды. Наразылықтың басты себебі – қазақ және орыс бөлімдеріндегі өту балдарының арасында айқын айырмашылықтың болуы.

 

Мектептің Алматы және Астана қалаларындағы филиалдары талапкерлердің нәтижелерін ресми сайтында жариялады. Тізімдерде әр оқушының жеке сәйкестендіру нөмірі, жинаған ұпайы және қабылдау мәртебесі («қабылданды», «резерв», «қабылданбады») көрсетілген. Осы мәліметтерді салыстырған ата-аналар гранттардың тілдік бөлімдер бойынша әртүрлі талаппен бөлінгеніне назар аударды.

Алматы филиалының қазақ бөлімінде грантқа өту шегі шамамен 100 балл деңгейінде қалыптасты. 99, 98, 97 балл жинаған бірнеше оқушы резервке енгізілсе, 96 балл алған талапкерлердің бір бөлігі конкурсқа өте алмады. Ал осы филиалдың орыс бөлімінде 83 балл жинаған оқушылардың өзі мемлекеттік грантқа қабылданған. 82–80 балл аралығындағылар резервке тіркеліп, тек 79 балл жинағандар ғана іріктеуден тыс қалған.

Астана филиалында да ұқсас жағдай байқалды. Қазақ бөлімінде 114 балл жинаған оқушылар грантқа қабылданған, 112–110 балл иелері резервке өткен, ал 109 балл жинағандардың кейбірі грантсыз қалған. Орыс бөлімінде 97 балл алған талапкерлер оқуға қабылданса, 96–94 балл жинағандар резервке енгізілген.

Әлеуметтік желілерде пікір білдірген ата-аналар бұл айырмашылықтың түсініксіз екенін айтады. Олардың сөзінше, емтихан тапсырмалары барлық талапкерге бірдей болған. Сондықтан оқу тілі ғана өзгеше болса, мемлекеттік гранттарды бөлу кезінде неге бірыңғай конкурс өткізілмегені жөнінде сұрақ туындайды.

Ата-аналардың бірі: «Балам 90-нан жоғары балл жинаса да грантқа түсе алмады. Ал басқа бөлімде бұдан әлдеқайда төмен ұпай жинаған оқушы қабылданып отыр. Мемлекеттік қаржы есебінен берілетін грантта бәріне ортақ талап болуы тиіс», – деп жазды.

Қоғамдық пікірталаста Назарбаев Зияткерлік мектептері тәжірибесі де еске алынды. Кейбір ата-аналар мұндай айырмашылық бұрыннан бар екенін айтқанымен, бюджет есебінен бөлінетін орындар барынша ашық әрі түсінікті қағидатпен үлестірілуі қажет екенін алға тартады.

Мектептің қабылдау ережесіне сәйкес, талапкерлер математика мен логика пәндерінен 30 тапсырма орындайды. Оның 10-ы А деңгейлі (әрқайсысы 3 балл), 10-ы В деңгейлі (әрқайсысы 5 балл), ал 10-ы С деңгейлі (әрқайсысы 7 балл). Ең жоғары нәтиже – 150 балл.

 

Қазіргі уақытта ата-аналар мектеп әкімшілігінен гранттардың нақты қандай қағида бойынша бөлінгенін ресми түрде түсіндіруді талап етіп отыр. Негізгі сұрақ – грант саны оқу тіліне қарай алдын ала белгілене ме, әлде барлық талапкер ортақ рейтинг бойынша іріктелуі тиіс пе?

Министрлік бұл дауға қатысты не мәлімдеді? 

Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, Республикалық физика-математика мектебі филиалдарына қабылдау мектеп жарғысына сәйкес тек конкурстық негізде жүргізіледі. Сондай-ақ ата-аналар құжат тапсыру кезінде баласының қай тілде білім алатынын өздері таңдайтыны еске салынды.

«Білім беру гранттарының және конкурстық орындардың саны сыныптарды жасақтау мүмкіндіктерін ескере отырып айқындалады. Өту балы алдын ала белгіленбейді және конкурс басталғанға дейін жарияланбайды. Ол қабылдау емтихандары аяқталғаннан кейін қатысушылардың нәтижелеріне қарай анықталады», – деп хабарлады министрлік.

Министрлік барлық үміткерлер үшін талаптар бірдей болғанын атап өтті. Емтихан тапсырмалары бірдей тақырыптық бағыттар бойынша, күрделілік деңгейі мен құрылымы жағынан тең дәрежеде әзірленген, алайда әртүрлі нұсқада ұсынылған. Ведомствоның түсіндіруінше, мұндай тәсіл академиялық адалдықты сақтап, конкурстық іріктеудің объективтілігін қамтамасыз ету үшін қолданылған.

 

«Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі конкурстық іріктеудің объективтілігіне қатысты талдау жүргізіп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша қосымша ресми ақпарат беріледі», – деп мәлімдеді министрлік.

Сондай-ақ ведомство бұл мәселе министрліктің тікелей бақылауында екенін атап өтті.

Мұндай мамандандырылған мектептердің маңызы өте зор. Физика-математика, химия-биология бағыттарын тереңдетіп оқытатын білім ордалары дарынды балалардың әлеуетін ашуға, елдің ғылыми-техникалық дамуына негіз қалауға мүмкіндік береді. Сондықтан осындай жоғары деңгейдегі мектептер тек ірі қалаларда ғана емес, Қазақстанның барлық облыс орталықтарында ашылуы қажет. Бұл өңірлердегі қабілетті оқушыларға сапалы білім алуға тең мүмкіндік беріп, болашақ инженерлерді, ғалымдарды, дәрігерлерді және зерттеушілерді даярлауға жол ашады.