САММИТКЕ АТСАЛЫСҚАН АЗАМАТТАР МАРАПАТТАЛАДЫ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымы бейресми саммитінің қорытындысы бойынша өңірдің ұйымдастырушылық жұмысына жоғары баға берді. Мемлекет басшысы маңызды халықаралық іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне жан-жақты дайындық жасаған Нұралхан Көшеров мен облыс тұрғындарына шынайы ризашылығын білдірді.
Президенттің айтуынша, Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті мазмұндық және ұйымдастырушылық тұрғыдан табысты өтіп, Түркістанның халықаралық деңгейдегі беделін айқын көрсетті. Қатысушы елдердің басшылары мен мәртебелі қонақтар қаланың заманауи келбетіне, сапалы жол инфрақұрылымына, жасыл желекке көмкерілген көшелер мен саябақтардың тазалығы мен көркіне ерекше назар аударып, жоғары бағасын берген.
Мемлекет басшысы Түркістанды түркі дүниесінің қасиетті қарашаңырағы әрі мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтың маңызды орталығы ретінде одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты облыс және қала әкімдігіне көне шаһарды көркейту, абаттандыру және оның туристік әрі рухани әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру тапсырылды.
Президент сондай-ақ Қазақстанның халықаралық беделін арттыруға үлес қосқан барлық азаматтардың еңбегін ерекше атап өтті. Саммиттің табысты өтуіне әкімдік қызметкерлері, мемлекеттік мекемелер, әскери және құқық қорғау органдарының өкілдері, коммуналдық сала мамандары, еріктілер мен көптеген белсенді азаматтар зор үлес қосты. Осыған орай, өз міндетін адал әрі кәсіби деңгейде атқарған азаматтарды мемлекеттік наградалармен, Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапаттау туралы шешім қабылданды.
Түркістан төрінде өткен бұл тарихи жиын бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, өңірдің халықаралық маңызы бар ауқымды іс-шараларды жоғары деңгейде қабылдауға толық дайын екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
