МИНЕРАЛДЫ СУ ӨНДІРІЛЕДІ
Түркістан облысының Келес ауданында минералды сусындар шығаратын жаңа өндіріс орны іске қосылуға әзір. Аталған жоба аймақтың өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға және отандық өнімдердің экспорттық ауқымын арттыруға бағытталған.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Келес ауданына жасаған жұмыс сапары аясында Жүзімдік ауылдық округінде орналасқан «SARYAGASH SU ONIMDERI» ЖШС-ның өндіріс нысанын аралады. Өңір басшысы құрылыс жұмыстарының жай-күйімен танысып, кәсіпкермен кездесу барысында жобаның іске асу барысын, қажетті өндірістік құрылғылардың жеткізілуін және зауытты пайдалануға беру мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ облыс әкімі жауапты мекеме басшыларына кәсіпорынның үздіксіз әрі толыққанды жұмысын қамтамасыз етуге қатысты түйткілдерді қысқа мерзімде шешу жөнінде тапсырмалар жүктеді.
Нұралхан Көшеров:
– Мұндай инвестициялық жобалар өңір экономикасын әртараптандыруға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға үлкен мүмкіндік береді. Біз кәсіпкерлердің бастамаларын қолдап, инвестициялық жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асуына жағдай жасауымыз қажет. Ең бастысы, өндірісте отандық өнімнің үлесін арттырып, экспорттық әлеуетті дамытуға басымдық беруіміз керек, – деді.
Жоба Келес ауданына қарасты Жүзімдік ауылдық округінің Жүзімдік елді мекенінде жүзеге асырылуда. Өндірістік ғимараттың аумағы 2 103 шаршы метрді құрайды. Жобаны жүзеге асыруға бағытталған инвестиция көлемі – 2,5 млрд теңге. Сонымен қатар кәсіпорын үшін Қытайдың «XINJIANG YELIDA INTERNATIONAL TRADE CO LTD» компаниясынан құны 2 млн АҚШ долларына тең заманауи технологиялық жабдықтар сатып алынған.
Жаңа зауытта газдалған және газдалмаған минералды су өндіріліп, дайын өнімдерді шетелдік нарықтарға шығару көзделген.
Кәсіпорынның құрылысы 2025 жылдың наурыз айында басталып, бүгінде барлық құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталған.
Жобаны іске асыру нәтижесінде 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Бұл бастама ауыл тұрғындарына жаңа еңбек мүмкіндіктерін ұсынып, аудан экономикасының өркендеуіне және өндірістік әлеуетінің артуына оң ықпал етпек.
