МӘСЕЛЕЛЕР ОҢ ШЕШІМІН ТАБУДА
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Келес ауданына жұмыс сапары барысында жергілікті тұрғындармен жүздесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық өркендеуі, инфрақұрылымдық бастамалардың орындалуы және алдағы кезеңге арналған жоспарларды талқылады.
Жиында алдымен облыс басшысы ауданның негізгі даму көрсеткіштеріне тоқталып, осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта жүзеге асатын міндеттерді баяндады.
2026 жылдың 9 айында Келес ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 139,9 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 48,4 пайызға ұлғайған. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6,1 млрд теңгені, негізгі капиталға салынған инвестиция 41,9 млрд теңгені құрады. Сауда айналымы 28,6 млрд теңгеге, құрылыс жұмыстарының көлемі 28 млрд теңгеге жеткен. Ал ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 77,2 млрд теңгені құрап, 5 пайыздық өсім көрсеткен.
Облыс әкімі ауыл шаруашылығы, сауда және кәсіпкерлік бағыттарында мүмкіндігі мол ауданның экономикалық даму қарқынын арттырып, инвестиция тарту мен тұрғындарды жұмыспен қамтуға бағытталған бастамаларды күшейту керектігін атап өтті.
Нұралхан Көшеров:
– Келес ауданының мүмкіндігі де, әлеуеті де жоғары. Шекарада орналасуы, ауыл шаруашылығына қолайлы жері, еңбекқор халқы – ауданның басты артықшылығы. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, экономикалық белсенділікті арттыру. Ауданның әрбір елді мекенінде оң өзгерістер болуы керек. Ол үшін жұмысты жандандырып, нақты нәтижеге басымдық беру қажет, – деді.
Кездесу кезінде өңір басшысы ауданда жүзеге асқан бірқатар маңызды жобаларға да назар аударды. Атап айтқанда, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде өткен жылы 7 елді мекендегі 21 көшеге 1,2 млрд теңге қаражатқа орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Абай ауылында 600 орындық, Біртілек елді мекенінде 300 орындық білім беру нысандары ел игілігіне берілді. Сонымен қатар Абай ауылында спорт кешені ашылып, биыл Жүзімдік ауылында мәдениет үйі мен кітапхана пайдалануға тапсырылды.
Инженерлік-коммуникациялық желілерді жетілдіру бағытында да жүйелі жұмыстар қолға алынған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша аудандағы 83 елді мекеннің 79-ы орталықтандырылған ауыз сумен, 61-і табиғи газбен, 81-і электр энергиясымен қамтамасыз етілген. Биыл Достық және Қоралас елді мекендерінде газ құбырын тарту жұмыстары аяқталып, 4 685 тұрғынға «көгілдір отынды» пайдалану мүмкіндігі жасалды. Бұдан бөлек, тағы 9 елді мекенді газдандыру жұмыстары басталған.
Көлік және жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында «Дарбаза–Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы жалғасуда. Жалпы ұзындығы 172 шақырымды құрайтын теміржолдың 60 шақырымы Келес ауданының аумағы арқылы өтеді. Нысанды биыл аяқтау жоспарланған. Сонымен бірге Сарыағаш қаласының айналма жолын салу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Құны 238,1 млрд теңге болатын жобаны 2029 жылы пайдалануға беру көзделіп отыр. Өткен жылғы тұрғындармен жүздесу барысында барлығы 15 мәселе көтерілген. Оның 13-і шешімін тауып, бір мәселе бойынша жұмыстар жалғасуда.
Бұдан кейін облыс әкімі елді мекендердің санитарлық тазалығы мен көркейтілуіне тоқталып, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасына атсалысу әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті.
Кездесу барысында тұрғындар жол жөндеу, ауыз сумен қамту, инженерлік желілерді дамыту және басқа да әлеуметтік бағыттар бойынша өзекті мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын ортаға салды. Өңір басшысы әрбір сауал мен өтінішті мұқият тыңдап, жауапты сала жетекшілеріне көтерілген мәселелердің заң талаптарына сәйкес шешілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
