3 МЫҢНАН АСТАМ НЫСАН МЕН ТҰРҒЫН ҮЙ ЖЫЛУ ЖҮЙЕСІНЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысының барлық аудандары мен қалаларында жылыту маусымы 15 қазан мен 1 қараша аралығында басталып, қазіргі уақытта қалыпты жағдайда жалғасып жатыр. Аймақта жылумен қамту бағытында 1 жылу энергетика кешені, 34 орталықтандырылған және 2210 автономды бюджеттік мекеме қазандығы үздіксіз қызмет көрсетуде. Қазіргі таңда жылыту жүйесіне 1 310 білім беру, 737 денсаулық сақтау, 239 мәдениет, 74 спорт, 9 жұмыспен қамту нысаны және 737 көпқабатты тұрғын үй қосылған. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппараттық мәжілісте мәлім болды.

Жиын барысында өңір басшысы жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне жылыту маусымының үздіксіз әрі қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Нұралхан Көшеров: 

– Жылыту маусымында барлық коммуналдық мекемелердің қалыпты жағдайда жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, тұрғындарды, әлеуметтік нысандар мен жылыжайларды қажетті жылумен үздіксіз қамту қажет. Төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын күшейтіңіздер. Сондай-ақ аудан, қалаларда тұрмыстық және өндірістік мақсатта газ жүйелерін пайдалану талаптарын бұзған тұлғаларды қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін қарастырып, осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырамын. Тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандардың газ дабылқаққышпен қамтамасыз етілуін бақылауға алып, қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексеріңіздер, – деді.

Аппараттық мәжілісте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымының барысы жөнінде есеп берді. Оның айтуынша, облыс аумағындағы қазандықтар белгіленген температуралық кестеге сай штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Көмір жеткізу шаралары да жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Жылу энергетика кешендерінің қажеттілігін өтеу үшін жалпы 8 мың тонна мазут қажет. Осы мақсатта «Кентау Жылу» ЖШС және «Шолаққорған су» МКК-мен мазут жеткізу жөнінде келісімшарттар жасалып, тасымалдау жұмыстары бекітілген кесте бойынша жүргізілуде.

«Кентау Жылу» ЖШС-ның 2026-2027 жылдардағы жылыту кезеңіне қажетті көмір көлемі – 90 мың тонна. Қазіргі уақытта кәсіпорын қоймасында 56 199 тонна көмір қоры сақтаулы. Сонымен бірге биыл 45 мың тонна көмірді жеткізуге келісімшарттар жасалып, тасымалдау жұмыстары толығымен аяқталған.

Өңір бойынша көмірге деген жалпы сұраныс 532,5 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі күнге дейін оның 442,9 мың тоннасы жеткізіліп, қажеттіліктің орындалу көрсеткіші 83 пайызға жеткен. Өткен аптамен салыстырғанда жеткізілген көмір көлемі 38 мың тоннаға көбейді. Бұдан бөлек, теміржол тұйықтарында 57,4 мың тонна көмір қоры бар.

Тұрғындардың жылыту маусымына қажетті көмір көлемі 176 мың тонна болса, бүгінгі таңда оның 169 мың тоннасы жеткізілген. Бұл жалпы қажеттіліктің 96 пайызы қамтамасыз етілгенін көрсетеді. Халықты көмірмен қамту және оны тасымалдау жұмыстарымен 26 жеке кәсіпкер айналысуда.

Ал жылыжайларды жылытуға қажетті көмір мөлшері 271,2 мың тоннаны құрайды. Қазіргі уақытта оның 188,8 мың тоннасы жеткізіліп, жалпы сұраныстың 70 пайызы орындалған. Өткен аптамен салыстырғанда жылыжайларға жөнелтілген көмір көлемі 29,9 мың тоннаға ұлғайған.

Сонымен қатар аппараттық мәжілісте жылыту кезеңінде тұрғындардың табиғи газ бен қатты отыннан улануының алдын алу шаралары талқыланды. Осы мәселе бойынша облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Әділ Бектұрғанов баяндама жасады. Оның мәліметінше, қазіргі таңда облыста 406 215 тұрғын үй тіркелген. Олардың 71,5 пайызына түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Тұрғын үйлердің 69,5 пайызында мұржалар тазартылған. Ал газ дабылқаққыштарымен қамту көрсеткіші 50,6 пайызды құрайды.

Жылыту маусымы кезінде халықтың қауіпсіздігін сақтау, қажетті көмір қорын алдын ала жасақтау, сондай-ақ табиғи газ бен қатты отыннан улану оқиғаларына жол бермеу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болады.