ЖОЛ ДАЙЫНДЫҒЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық жиында өңірдегі автомобиль жолдарының қысқы маусымға әзірлігі пысықталды. Басқосуда республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды қардан аршу, көктайғақтың алдын алу, арнайы техникалардың жарақтылығы мен қажетті материалдар қорының жеткіліктілігі сөз болды. Аймақ басшысы жауапты сала жетекшілеріне бірқатар нақты тапсырма берді.

Нұралхан Көшеров: 

– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Логистика инфрақұрылымын дамытуға баса мән беру қажет. Бұл – еліміздің өсіп-өркендеуіне ықпал ететін маңызды фактордың бірі» деді. Осыған сәйкес, жол инфрақұрылымын дамыту және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын жүйелі жүргізуіміз керек. Әсіресе, қысқы кезеңде жолдардағы қауіпті учаскелерді алдын ала анықтап, қажетті техника мен жеке құрамның дайындығын қамтамасыз ету, қосымша инженерлік шараларды қабылдау жұмыстарын басты назарда ұстау қажет. Облыс аумағындағы автомобиль жолдарының қысқы мерзімге дайындығын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырамын. Қажет болған жағдайда қосымша техника мен жұмыс күшін тартып, инертті материалдар мен жанар-жағармайдың резервтік қорын ұлғайту қажет. Қысқы маусымда барлық деңгейдегі автомобиль жолдарында атқарылатын жұмыстардың нақты жоспары бекітілсін. Мереке күндері аудан, қала бөлінісінде тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылып, әсіресе асулар мен қауіпті учаскелерде жоғары деңгейдегі дайындық қамтамасыз етілсін. Қауіпті учаскелерге тұрақты түрде рейдтік шаралар жүргізіліп, жол қозғалысының үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті арнайы техникалар жеткілікті болуға тиіс, – деді.

Өңірдегі автомобиль жолдарының жалпы қашықтығы 17 692 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 678 шақырым, облыстық және аудандық маңызы бар жолдар – 3 983,3 шақырым, аудандық маңызы бар жолдар – 1 726 шақырым, елді мекен көшелері – 11 305 шақырым.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының хабарлауынша, 2026-2027 жылдардағы қысқы кезеңде жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарына 402 арнайы техника мен 1 068 жұмысшы тартылады. Қысқы маусымға әзірлік аясында 505,1 млн теңге бөлініп, 21 658 текше метр құм және 9686 тонна тұз қоры дайындалған. Бұдан бөлек, жолдарды қардан тазарту және көктайғаққа қарсы шараларды жүргізуге қажетті жанар-жағармай қоры да қалыптастырылған.

Қолайсыз ауа райы салдарынан жолда қалған жолаушыларға жәрдем беру мақсатында Бәйдібек ауданындағы Шыбықбел, Одаманбұлақ және Созақ ауданындағы Ащысай, Таскөмірсай асуларында төрт жылыту бекеті әзірленген. Аталған бекеттер көмір, азық-түлік және қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда кезекшілік кестесі жасақталып, әр бекет бір мезгілде 70 адамды қабылдауға қауқарлы.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалының мәліметіне сәйкес, аймақтағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 678 шақырымды құрайды. Оның 301,5 шақырымы ақылы, ал 376,5 шақырымы ақысыз жолдар санатына жатады. Қысқы маусымда осы бағыттарды күтіп-баптау жұмыстарына 62 арнайы техника мен 186 жұмысшы жұмылдырылады. Арнайы техникалар қатарында 25 кешенді жол машинасы, 12 жүк тиегіш, 8 автогрейдер және өзге де арнайы көліктер бар. Биыл жолдарды күтіп-ұстауға қажетті 7 мың текше метр құм мен 6 мың тонна тұз толық көлемде сатып алынған. Сондай-ақ жол пайдалану бөлімшелері мен пункттерді жылытуға арнап 90 тонна көмір қоры әзірленген.

Қысқы маусымда жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау, қар тазалау жұмыстарын уақытылы әрі жедел атқару және ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелері басым бағыт ретінде айқындалды. Осыған байланысты жауапты мекеме басшылары мен аудан, қала әкімдеріне тиісті міндеттер жүктелді.