ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯМЕН МАҚТА ӨСІРІЛЕДІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Бәйдібек ауданына жасаған жұмыс сапары аясында Бөген ауылдық округінде бой көтеріп жатқан «J&B AGRO GROUP 2025» ЖШС-нің мақта өңдеу кешенінің құрылыс барысын көрді. Жаңа өндіріс орны жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Жобаны жүзеге асыруға 2,4 млрд теңге инвестиция қарастырылған. Кәсіпорын құрылысы үшін 20 гектар жер телімі берілген. Қазіргі уақытта Қытай Халық Республикасынан жеткізілген технологиялық жабдықтарды монтаждау жұмыстары атқарылуда. Өндіріс орны толық қуатына шыққанда жылына 45-50 мың тонна мақтаны өңдей алады. Сонымен қатар 63 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бұл бастама ауыл тұрғындарының тұрақты жұмыспен қамтылуына мүмкіндік беріп, өңірдегі мақта шаруашылығының өркендеуіне ықпал етпек.

Серіктестік болашақта мақта өңдеу кешенімен қатар тамшылатып суару жүйелерін, мақта майын және пленка шығаратын зауыттар салуды да жоспарлап отыр. Жалпы құны 4,8 млрд теңгені құрайтын аталған бастамаларды 2025-2028 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асыру межеленген.

Облыс әкімі өндіріс орындарын өркендетуде жергілікті шикізатты ұтымды пайдалану, дайын өнімді терең өңдеу және жаңа жұмыс орындарын қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ жауапты тұлғаларға инвестициялық жобалардың сапалы әрі белгіленген уақытта орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Айта кетейік, Түркістан облысында 200 млрд теңгеден астам инвестиция тартуды көздейтін мақта-тоқыма кластерін қалыптастыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Жоба аясында мақта өсіруден бастап оны терең өңдеу, жіп иіру, мата тоқу және дайын тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбек құрылады. Нәтижесінде 4 мыңнан астам жұмыс орнын ашу және су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану жоспарланған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеудің өзектілігін атап өтіп, Түркістан облысында суды үнемді пайдалануға негізделген заманауи мақта-тоқыма кластері құрылып жатқанын жеткізген болатын. Президент назар аударған бұл жоба өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін күшейтуге, өңдеу саласын ілгерілетуге және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын елімізде қалыптастыруға бағытталған.

Кластерді дамыту бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылуда. 2024-2025 жылдары ПВХ құбырларын шығаратын зауыт, жіп иіру фабрикасы, мақта өңдеу кәсіпорындары және тамшылатып суаруға арналған таспа өндіретін нысан бойынша жобалар іске асырылды. Жуырда мақта өңдеу бағытында тағы 2 зауыт пайдалануға берілді.

Ал 2026 жылдың соңына дейін төрт жаңа өндірістік нысанды іске қосу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, тігін фабрикасы, тоқыма фабрикасы, бояу-әрлеу өндірісі және мақта тұқымын өңдеу кәсіпорны жұмысын бастайды.