МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ МАҢҒЫСТАУДА

Мемлекет басшысының кезекті сапары Маңғыстау облысында жалғасын тапты. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі ірі инвестициялық жобалармен танысты. Олардың қатарында Ақтау қаласындағы қуаты 160 МВт болатын бу-газ қондырғысының құрылысы; мультимодальды логистикалық-авиациялық хаб; кеме құрастыру верфі; бекіре балығын өсіру және уылдырық өндіру шаруашылығы;«Бозжыра» визит орталығын салу; аммиак-карбамид кешенін іске қосу сияқты ауқымды жобалар бар.
Мұнайлы Маңғыстау экономикасына 1,1 млрд доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Облыста құны 36 млрд теңге болатын 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 530 тұрақты жұмыс орны ашылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Мен бүгін Ақтауға жұмыс сапарымен арнайы келіп отырмын. Басты мақсат – облыстың ахуалымен танысу, аймақтағы өзекті мәселелерді талқылау. Еліміз үшін Маңғыстаудың орны бөлек. Бұл – стратегиялық маңызы бар аймақ. Маңғыстауды батыс қақпасы деуге болады. Мен облыстың тыныс-тіршілігін ерекше назарда ұстаймын. Сондықтан бүгін аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму барысын егжей-тегжейлі талқылауымыз қажет.
Аймақ тұрғындарының саны үздіксіз өсіп келеді. Қазір мұнда 800 мыңнан астам адам тұрады. Жақында мен Шымкентке барғанда көші-қонды, яғни, миграцияны бақылаусыз қалдыруға болмайды деп айттым. Болжам бойынша көп ұзамай облыстағы халық саны бір миллионға жетуі ықтимал, тіпті, одан асуы да мүмкін. Бұл жағдай экономикаға және әлеуметтік инфрақұрылымға қосымша салмақ түсіреді. Бұл факторды ұмытпауымыз керек, популизмге ұрынбаған жөн.
Мен бұған дейін таза ауыз су мәселесін шешуді, білім беру және денсаулық сақтау жүйесін жақсартуды тапсырдым. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлік-логистика әлеуетін арттыру және туризм саласын дамыту жөнінде нақты міндеттер қойылды. Біраз шаруа жасалған. Жетістіктер аз емес, бірақ кемшіліктер де бар. Оны мойындау керек және ашық айту қажет.
Нақты жоспар бар, міндеттер – белгілі. Өзекті мәселелерді шешу үшін Үкімет пен әкімдік күш жұмылдырып, белсенді жұмыс істеуге тиіс. Әкім Нұрдәулет Қилыбай жұмысына белсенді түрде кірісті, алдында тұрған міндеттерді, мәселелерді түсінеді, оларды шешу жолдарын біледі. Таяу арада нәтижелерді күтемін. Оның көтерген мәселелері – өте өзекті, бұл мәселелерді Үкімет мұқият қарауы керек. Басты мақсат – облыс тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту,- деді.
Облыста жалпы өнім көлемі екі жылда 1,3 есеге өсіп, өткен жылдың бастапқы 9 айында өңірлік жалпы өнім 3,7 триллион теңгеге жеткен. Биыл бірінші тоқсандағы экономикалық индикатор 104,8 пайыз болды. Облысқа соңғы екі жылда 2 триллион теңгеден астам инвестиция тартылған. Президент бұл көрсеткіштердің бір қарағанда жаман емес екенін айтып, алдағы даму перспективаларын саралап берді.