ОБЛЫС ОЗДЫ

Елдегі инвесторларды сүйемелдеу үшін бекітілген «Бір терезе» қағидасы аясында республика деңгейде Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа жұмыс істеп тұр. Бұл инвестициялық жобаларды цифрлық ортада жылдам ілгерілетуге арналған бірыңғай жүйе бойынша республика көлемінде 1124 жоба тіркелген. Түркістан облысы тарапынан 1,9 млрд теңгеге 81 инвестициялық жоба енгізілген.

Бұл көрсеткіш бойынша облыс өзге өңірлерден озды. Ивнестициялық штаб мәжілісінде облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала басшыларына жүйені жетілдіруді жүктеді.

Нұралхан Көшеров: 

– Штаб отырысына шешімі табылмай жатқан жобаларды енгізіңіздер. Мәселені ашық талқылап, жылдам шешу жолын табайық. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау, жұмыс орындарын ашу – басты міндет. Әрбір жоба сүйемелденіп, уақтылы жүзеге асуы тиіс, – деді.

 

Сондай-ақ, Түркістан қаласындағы дәрумендер мен биологиялық белсенді қоспалар зауытының және битум өндіретін зауыттың, Қазығұрт ауданындағы тамшылатып суару құрал-жабдықтарын шығаратын зауыттың және жиһаз цехының құрылысы, Ордабасы ауданында электр жабдықтарын өндіру және трансформаторларды жөндеу жобасы, Саурандағы күн электр станциясының құрылысы сияқты өзге де жобалар қаралды. Инвесторлар мен кәсіпкерлердің өтініштері тыңдалды. Биыл инвестициялық штаб отырының  нәтижесінде 22 хаттамалық тапсырма орындалып, 6-ауы бақылауға алынған.