ТЕРІНІ ТЕРЕҢ ӨҢДЕЙТІН ӨНДІРІС КЕРЕК

Облыста жүргізілген түгендеу қорытындысы бойынша 231 балық шаруашылығы анықталған. Оның 164-і балық инспекциясымен заңдастырылды. Ал, 67-сінің құжаттары әзірленіп, уәкілетті орган ведомствосының аумақтық инспекциясымен келісім-шарт түзілген. Жаңадан ашылған шаруашылықтарға биологиялық негіздеме жасау міндеттемесі түсіндіріліп, тіркеу жүргізілуде екен.
«Жасыл аймақ» мекемесінің ұңғымалары толық жөндеуден өтіп, жасыл желектер өз мерзімінде суғарылып жатыр. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың қатысуымен өткен мәжілісте мәлім болды.
Аудандарда агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы да талқыланды. Нұрбол Тұрашбеков қайта өңдеу ісімен айналысатын кәсіпорындар қатарын арттыру бағытында серпінді қозғалыс керек екенін атап өтті.
Сайрам ауданында жыл сайын 116,2 мың ірі қара мал, 118,9 мың ұсақ мал етке жолданатынын ескерсек, бұл өңірде тері өндірісін дамытуға мүмкіндік мол. Сондықтан, аудан әкімдігімен бірлесе отырып, мал терісін терең өңдейтін кәсіпорын ашуға инвестор тартудың маңыздылығы да айтылды.
Нұрбол Тұрашбеков
— Мәселе тек Сайрам ауданына қатысты емес, әр ауданда ерекшеліктеріне қарай өндіріс дамуы қажет. Жергілікті кәсіпкерлерге өзге өңірлердің тәжірибесін ұсыну, мемлекеттік қолдаулар туралы ақпарат бере отырып олардың қызығушылығын арттыру, қажеттілігіне қарай құқықтық қолдау көрсету — бұл бағыттағы жұмыстың ілгерілеуіне септігін тигізері сөзсіз, — деді.
Сондай-ақ, кей аудандардан қайта өңдеу ісі бойынша әлі күнге ешқандай ұсыныс түспегені сынға алынды. Жауапты басқармаларға аудандармен бірге тиісті жұмыстарды атқару міндеттелді.
Мал саны тіркелмеген жайылым жерлерді қайтару да сөз болды. Бұл жұмыстар Сауран, Қазығұрт және Төлеби аудандары кешеуілдеп келеді. Нұрбол Тұрашбеков берілген тапсырмалардың орындалуы күнделікті бақыланатынын ескертті.