ПРЕЗИДЕНТ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУ ЕСЕБІН ТЫҢДАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов қабылдап, елдегі заң шығару қызметінің барысы мен конституциялық реформаларды іске асыру есебін тыңдады. Кездесу барысында Мәжіліс спикері Президент бастамасымен жүзеге асырылып отырған саяси жаңғыру үдерістерін құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселесіне кеңінен тоқталып, атқарушы және заң шығарушы билік арасындағы үйлесімді жұмыстың нәтижелері туралы баяндады.

Ерлан Қошановтың айтуынша, Парламент жаңа тарихи кезеңдегі мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге негізделген Ата заң нормаларын толық әрі тиімді жүзеге асыру үшін жеті конституциялық заңды уақытылы қабылдап, елдегі құқықтық реформалардың берік негізін қалыптастырған. Олардың қатарында «Президент туралы», «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы», «Қазақстан Республикасының астанасының мәртебесі туралы», «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» және өзге де маңызды құжаттар бар. Бұл заңдар мемлекеттік институттардың қызметін заман талабына сай бейімдеп, қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

Мәжіліс Төрағасы заң жобаларын әзірлеу барысында ашықтық қағидатына басымдық берілгенін ерекше атап өтті. Құқықтық құжаттарды талқылау процесіне сарапшылар, қоғамдық ұйымдар, азаматтық сектор өкілдері мен түрлі сала мамандары кеңінен қатысып, әрбір бастама жан-жақты сараланған. Мұндай тәсіл қабылданатын шешімдердің сапасын арттырып қана қоймай, қоғам сұранысына сай нақты әрі тиімді нормалардың қалыптасуына жол ашып отыр.

Кездесу барысында заң шығару саласындағы жүйелі жұмыстың нәтижелері де кеңінен сөз болды. Сессия басталғалы бері Мәжіліс 89 заң қабылдап, Сенат қарауына жолдаған. Қабылданған құқықтық актілер құрылыс индустриясы, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, банк жүйесі, құқықбұзушылықтың алдын алу, Қылмыстық және Қылмыстық-процессуалдық кодекстерді жетілдіру, мемлекеттік қызмет сапасын арттыру, мемлекеттік наградалар жүйесін жаңарту, ғылым саласын қолдау, педагог мәртебесін көтеру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және жеке сот орындаушыларының қызметін реттеу секілді стратегиялық бағыттарды қамтиды. Бұл бастамалар елдегі әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістердің сапалы жүзеге асуына негіз болып, мемлекеттің даму қарқынын күшейтуге ықпал етпек.

Сонымен бірге қазіргі таңда депутаттардың қарауында 80 заң жобасы бар екені мәлім болды. Аталған құжаттар арасында Конституция қабылдануына байланысты рақымшылық жариялау, жол қозғалысы қауіпсіздігін цифрландыру, жергілікті өзін-өзі басқару тетіктерін жетілдіру, телекоммуникация нарығын дамыту, машина жасау өндірісін қолдау, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту, нотариат саласын реформалау және өзге де маңызды мәселелер қамтылған. Бұл бағыттағы жұмыстар ел экономикасын әртараптандыруға, қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған.

Мәжіліс Төрағасы сессия соңына дейін Жоғары аудиторлық палата төрағасының ғылым саласына бөлінген қаржының тиімді жұмсалуы жөніндегі есебін, өткен жылғы республикалық бюджеттің орындалуына қатысты Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның ақпаратын, сондай-ақ депутаттардың өңірлерге сапары кезінде тұрғындар көтерген мәселелер бойынша атқарушы органның есебін тыңдау жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұл бастамалар мемлекеттік қаржының ашық әрі тиімді игерілуін қамтамасыз етіп, парламенттік бақылау тетіктерін күшейтудегі маңызды қадамдардың бірі саналады.

Кездесу барысында Мәжілістің Президент тапсырмаларын орындау жолында жоғары жауапкершілікпен әрі табанды еңбек етіп жатқанына айрықша назар аударылды. Халықтың әл-ауқатын арттыруға, мемлекеттік басқару сапасын жетілдіруге және құқықтық мемлекетті нығайтуға бағытталған реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету ісінде депутаттық корпус белсенділік танытып келеді. Заң жобаларын әзірлеу мен талқылау барысында Мәжіліс депутаттары қоғам мүддесін басты назарда ұстап, ел дамуына серпін беретін бастамаларды сапалы жүзеге асыру үшін ауқымды жұмыс атқаруда. Бұл – Президент айқындаған стратегиялық міндеттердің жүйелі орындалып жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш.

Сонымен қатар Ерлан Қошанов парламенттік дипломатия саласындағы жұмыстардың нәтижелері жөнінде де баяндады. Атап айтқанда, ТүрікПА, ТМД Парламентаралық ассамблеясы және басқа да халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайту бағытында бірқатар маңызды іс-шара жүзеге асырылған. Мұндай ықпалдастық Қазақстанның халықаралық парламенттік беделін арттырып қана қоймай, заң шығару тәжірибесін жетілдіруге, озық үлгілерді енгізуге және мемлекетаралық байланысты бекемдеуге жол ашады.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы Парламенттің сапалы заң шығару қызметі елдегі реформалардың табысты іске асуына тікелей әсер ететінін атап өтті. Президент қабылданатын заңдар уақыт талабына толық жауап беріп, халықтың нақты сұранысына негізделуі қажет екенін айтты. Сонымен қатар мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту, заң үстемдігін қамтамасыз ету және қоғаммен тиімді кері байланыс орнату бағытындағы жұмыстарды жалғастыру жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Мемлекет басшысы заң шығару үдерісіндегі ашықтықты сақтау, азаматтардың пікіріне құлақ асу және қоғамдық сенімді нығайту қағидаттарының маңыздылығына да ерекше тоқталды.