«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ҚОҒАМНЫҢ ТАЗАЛЫҚТЫ ҰСТАНЫМЫ

Түркістан қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылып, қала аумағында кең көлемді тазалық жұмыстары жүргізілді. Ауқымды шараға Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қызметкерлері мен басқармаға қарасты «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұжымы белсенді атсалысып, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға және шаһар келбетін жақсартуға өз үлестерін қосты.

Сенбілік барысында қатысушылар алдын ала бекітілген аумақтарды күл-қоқыстан тазартып, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді. Ағаш түптері әктеліп, ирригациялық жүйелер маңы ретке келтірілді, қоғамдық орындар мен жол жиектері тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Жалпы шараға 50-ден астам қызметкер жұмылдырылып, жиналған қоқыстар арнайы техникалардың көмегімен тиісті орындарға шығарылды. Тазалық жұмыстары қаланың экологиялық ахуалын жақсартумен қатар, тұрғындарға қоршаған ортаға жанашырлықпен қараудың маңызын насихаттауға бағытталды.

«Таза Қазақстан» бастамасының негізгі мазмұны тек сенбілік өткізумен шектелмейді. Бұл – қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, туған жерге деген жанашырлықты арттыруға және табиғатты қорғау жауапкершілігін күшейтуге негізделген маңызды қадам. Президент бастамасының астарында халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, елді мекендердің тазалығы мен көркеюін қамтамасыз ету, сондай-ақ келер ұрпаққа таза әрі қауіпсіз қоршаған орта қалдыру мақсаты жатыр. Экологиялық акциялар арқылы әр азаматтың табиғатқа деген көзқарасын өзгертіп, қоғамдық жауапкершілікті күшейту көзделеді. Себебі тазалық – тек коммуналдық қызметтердің міндеті емес, ол әрбір тұрғынның азаматтық мәдениеті мен ортақ жауапкершілігінің көрінісі.

Мамандардың айтуынша, қоршаған ортаның таза болуы адам денсаулығына тікелей әсер етеді. Қоқыстың бейберекет тасталуы ауа мен топырақтың ластануына, түрлі жұқпалы аурулардың көбеюіне себеп болуы мүмкін. Ал таза әрі күтіп ұсталған орта адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай қалыптастырып, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар көгалдандыру мен санитарлық тазалық жұмыстары ауа сапасын жақсартып, жаз мезгіліндегі аптап ыстықтың әсерін төмендетуге де ықпал етеді. Әсіресе Түркістан секілді туристік әлеуеті жоғары тарихи шаһар үшін тазалық пен тәртіптің маңызы ерекше. Қаланың көрікті келбеті өңірдің туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, тұрғындардың туған жерге деген мақтаныш сезімін нығайта түседі.

 

Экологиялық мәдениет – өркениетті қоғамның басты көрсеткіштерінің бірі. Сондықтан мұндай сенбіліктер тұрғындарды табиғатты аялауға, қоғамдық орындарды таза ұстауға және экологиялық жауапкершілікті сезінуге тәрбиелейді. Тазалық акциялары барысында жастар мен мемлекеттік қызметкерлердің бірлесе еңбек етуі қоғамдағы ауызбіршілік пен ортақ іске деген жауапкершілікті де айқындай түседі.

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы тазалық жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады. Бұл бағыттағы шаралар өңірдің экологиялық жағдайын жақсартып қана қоймай, Түркістанды таза, жасыл әрі өмір сүруге қолайлы қалаға айналдыруға негіз болмақ.