ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТАЗАЛЫҚТЫ САҚТАУ — ЭПИДЕМИЯДАН САҚТАНУ

Сарыағаш ауданында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, қоршаған ортаны қорғау мен қоғамдық тазалықты сақтау бағытындағы кешенді жұмыстар кең көлемде жүзеге асырылды. Аталған акцияның басты мақсаты – ел аумағын қоқыстан тазарту, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғатқа жанашырлықпен қарау құндылықтарын дәріптеу және туған жер тазалығына деген жауапкершілікті күшейту. Тазалық – адам денсаулығы мен қоғам қауіпсіздігінің басты кепілі. Сондықтан «Таза Қазақстан» бастамасы тек сенбілік ұйымдастырумен шектелмей, халық арасында санитарлық талаптарды сақтау мен табиғатты аялау мәдениетін орнықтыруға бағытталған маңызды экологиялық қозғалысқа айналып отыр.

Сенбілік жұмыстары таңғы сағат 08:00-де басталып, аудан аумағындағы орталық көшелер, қоғамдық орындар, саябақтар мен әлеуметтік нысандардың айналасы күл-қоқыстан тазартылды. Сонымен қатар, аяқ жолдар ретке келтіріліп, шөптер орылып, ағаш түптері әктеліп, абаттандыру шаралары жүргізілді. Әсіресе, Телемұнара шағын ауданында өткен тазалық жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылып, оған Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты әрі «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қайрат Салыбек және аудан тұрғындары белсенді қатысты. Тазалық шаралары республикалық маңызы бар жолдар мен облыстық және ішкі көшелер бойында да қарқынды жүргізілді.

Сенбілік барысында коммуналдық сала қызметкерлеріне ерекше қолдау көрсетіліп, «Ауыл» партиясы тарапынан 50 дана шөп шабатын триммер табысталды. Бұл – аудан тазалығы үшін күнделікті еңбек етіп жүрген мамандарға деген құрметтің және қоғамдық жауапкершіліктің нақты көрінісі. Коммуналдық қызметкерлердің тынымсыз еңбегі елді мекендердің көркеюіне, көшелердің таза әрі тұрғындарға қолайлы болуына зор үлес қосып келеді.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев тазалық акциясына белсенді қатысушыларға алғыс білдіріп, коммуналдық сала мамандарының еңбегін жоғары бағалады. Сонымен қатар, жауапты бөлім басшыларына санитарлық тазалық жұмыстарын тұрақты әрі жүйелі түрде жүргізуді тапсырды. Оның айтуынша, тазалық сақтау – тек коммуналдық қызметтің міндеті емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі болуы тиіс.

Жалпы сенбілік жұмыстарына 1100-ге жуық адам қатысып, 18 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде аудан аумағынан 15 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Қазіргі таңда Сарыағаш ауданында тұрақты түрде 500 көше, 37 аялдама, 161 шақырым аяқ жол, 34 саябақ пен сквер, 50 шақырым арық-атыз және 78 шақырым ирригациялық жүйеде тазалық жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстар ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік беруде.

Экологиялық тазалықты сақтау – бүгінгі күннің ең маңызды мәселелерінің бірі. Қоқыстың бей-берекет тасталуы қоршаған ортаға ғана емес, адам денсаулығына да үлкен қауіп төндіреді. Әсіресе, тұрмыстық қалдықтар көп жиналған аймақтарда түрлі жұқпалы аурулар мен індеттердің таралу қаупі артады. Ластанған ортада зиянды бактериялар көбейіп, ауа сапасы төмендейді. Мұндай жағдай тұрғындардың денсаулығына кері әсер етіп, экологиялық ахуалдың нашарлауына себеп болады.

Табиғаттың ластануы, әсіресе өзен-көлдерге қоқыс тастау аса қауіпті мәселелердің бірі саналады. Егер өзендер мен су арналары ластанса, ондағы тіршілік иелері жойылып, су сапасы төмендейді. Ластанған суды ауыл шаруашылығында пайдалану адам денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Сонымен қатар, арық-атыздар мен ирригациялық жүйелердің қоқыспен бітелуі су айналымына кедергі келтіріп, егістік алқаптарына зиянын тигізеді. Бұл өз кезегінде экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуына алып келеді. Сондықтан қоршаған ортаны таза ұстау – әрбір азаматтың міндеті әрі келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігі.

«Таза Қазақстан» акциясы – елді мекендерді көркейтуге, табиғатты қорғауға және халықтың экологиялық санасын арттыруға бағытталған маңызды бастама. Осындай игі шаралар арқылы тұрғындар тазалық сақтаудың маңызын түсініп, туған жерге деген жанашырлықты нығайта түсуде. Таза орта – дені сау қоғамның кепілі. Сондықтан табиғатты қорғау, қоқысты бей-берекет тастамау және қоғамдық орындардың тазалығын сақтау әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы қажет.