Азамат Есқараев: Қазақ тілі заң шығаруға «икемсіз» деген түсініктен арылу керек.

Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі комиссиясының отырысында «Мемлекеттік тілде заң әзірлеу мәселесі туралы» тақырыбында баяндама оқыған Әділет министрі осылай деп дөп басып айтты.

Қазақ тілін одан әрі дамыту үшін нормативтік құқықтық актілердің жобаларын орыс тіліне аударып, қазақ тілінде әзірлеуді кезең-кезеңімен іске асыруды заң шеңберінде бекіту мүмкіндіктері пысықталады. Бұл мәселеде тіл мәселесінің шешімі екі  байланысты болып тұр. Бірінші бағыт – терминология мәселесін шешу. Заңнамалық актілердің мәтініне қойылатын талаптардың бірі – бұл терминдердің бірізділігі. Республикалық терминологиялық комиссия бекіткен терминдер ұсынымдық сипатқа ие. Сондықтан, іс жүзінде, Комиссия мақұлдағаннан кейін де, заңгерлер мен филологтар арасында бір терминді әртүрлі етіп аудару төңірегінде пікірталастар жиі туындайды. Сондықтан да қазақша терминологиялық сөздіктерге ресми мәртебе беру және оларды нормашығару процесінде қолданудың міндеттілігін енгізу қажеттігіне тоқталды, министр.

Ал екінші бағыт – тиісті ұйымдастырушылық шараларды қабылдау. Бүгінгі таңда заң жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеу бойынша мамандардан заңгерлерден және ғалымдардан құралған пул тізімі қалыптастырылғаны және болашақта сол мамандарды заң жобаларын әзірлеу процесіне тарту ұсынылды.

Азамат Есқараев қазақ тілінде заң жазуға, нормативтік құжаттарды түзеуге «икемсіз» деген түсініктен арылып, мемлекеттік тілдің мол мүмкіндігін кеңінен пайдалану керек» деп, өз сөзін түйіндеді. Алдағы уақытта бірлесіп атқарар жұмыстарда айқын нәтижелерге қол жеткізетініне сенімін білдірді.

Жасыратыны жоқ, көбінесе бір заңның қазақ және орыс тіліндегі нұсқасы екі түрлі мағына береді. Сол себепті салыстырмалы түрде екі тілде оқуға мәжбүрлік туындайды. Бұл заң мәтінін жазатын мамандардың қай тілді терең меңгергеніне байланысты деген түсінік қалыптасады. Кеңсе тілі түзелмей  заң да түзелмейді. Қазақ тілін жетік білетін мамандар заңдардың сауатты жазылуын қамтамасыз етеді.