СУ ДАЛАҒА КЕТСЕ, ШАРУАҒА ЖЕТПЕЙДІ
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет», — деп атап өткен. Еліміздің бірқатар өңірінде орын алған су апаты саланың ақиқатын ашып берді.
Бүгінде республика бойынша 4 мыңнан астам су қоймасы бар. Қазақстандағы алапат су тасқыны кезінде елді мекендерді су тасқынынан қорғайтын бөгеттердің көпшілігінің тозығы жетіп, кейбіріне жарты ғасырдан асқандықтан, шөгіп жатыр.
Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев Ордабасы ауданындағы стратегиялық маңызы бар «Бөген» су қоймасының мәселесін көтеріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Аталмыш су қоймасы 1967 жылы пайдалануға берілген, бөгетінің ұзындығы – 5,4 шақырым, ал биіктігі – 19,3 метр, «Бөген» елді мекенінен 25 метр биіктікте орналасқан, сыйымдылығы 370 млн. шаршы метр, облыстың бес ауданына су береді және 120,0 мың гектар жерді ағын сумен қамтамасыз етеді.
Мамандардың айтуынша, су қоймасын салу кезінде топырақтың түрі толық зерттелмеген, оның айналымы мен жел бағыты да өзгерген. Нәтижесінде жағалау сызығы гидравликалық күштердің әсерінен бұзылып, қатты эрозияға ұшырағанын жеткізді.
Сондай-ақ, 57 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан бұл су қоймасы әлі күнге дейін күрделі жөндеуден өтпеген. Соның салдарынан оның бөгеті мен жағалауы тозып, бүгінде апаттық күйге жеткен. Су тораптарын басқарып отырған қазіргі басшылары да су мамандары емес екені белгілі болды. Сондықтан, өңірлерде орын алған алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығарып, төтенше жағдайлардың алдын алуымыз қажет деді, депутат.
Қазіргі кезеңде «Бөген» су қоймасында 349,1 млн. текше метр су жиналған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 млн. текше метрге аз (2023 ж. — 363,1 млн. текше метр). Көктем кезінде қоймаға су көптеп жиналған жағдайда ескірген бөгет ол мөлшерді ұстап тұруға қауқарсыз. Сол себепті қойманы қиратып алмау үшін су деңгейін төмендетуге мәжбүр.
Ал, бұл егін науқаны кезінде ағын судың жетіспеушілігіне әкеп соқтырады. Судың тапшылығына байланысты егін көлемі де айтарлықтай азаяды, ал өнім аз болған жерде жалпы өңірлік өнім көлемі өте төмен болады.
Бұл аудандарда ірі индустриялық өндірістер жоқ, тұрғындардың негізгі табыс көзі – ауыл шаруашылық өнімдерін өсіріп сату. Сондықтан, шаруалар ағын суға тәуелді әрі жыл сайын ағын судың да көлемі азайып, шаруалар арасында талас тудырады. Жыл сайынғы көрініс осындай. Биыл да ағын судың тапшылығы әлеуметтік шиеленіс пен диқандардың наразылығын тудыратыны сөзсіз.
2024 – 2026 жылдары республика бойынша 20 астам су қоймасының құрылысын бастау және 15 су қоймасын қайта жаңғырту жоспарлануда. Төтенше жағдай мен жоғарыда айтылған маңызды мәселелерді ескеріп, «Бөген» су қоймасының бөгеті мен жағалауына кезектен тыс қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуді сұрады, депутат.