ПРЕЗИДЕНТ ҰҚК ТӨРАҒАСЫНА ТАПСЫРДЫ

Мемлекет басшысы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдады деп хабарлайды, Ақорданың баспасөз қызметі.

Ермек Сағымбаев жыл басынан бері терроризмге және діни экстремизмге қарсы іс-қимыл жұмысының нәтижелері мен алдағы уақытта қабылданатын шаралар туралы баяндады. Осы аралықта екі лаңкестік шабуылдың жолы кесілген. Оның біреуі шет мемлекетте шетелдік серіктестермен бірлесіп жасалмақ болыпты.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің  тергеп-тексеру нәтижесінде радикалды діни идеологияның 26 жақтаушысы лаңкестік және экстремистік әрекеттері үшін сотталған. Тағы 22 адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарының жалғасып жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ, экстремистік көзқарастарына байланысты 139 шетелдіктің елімізге кіруіне жол берілмеген, 280-нен астам шетелдік азамат Қазақстаннан шығарылған.

Тыйым салынған діни әдебиеттерді елге заңсыз әкелуге қатысты 190-нан астам әрекетке тосқауыл қойылып, 19 шетелдік жауапқа тартылса, заңсыз айналымдағы 237 атыс қаруы, 27 жарылғыш құрылғы, 4500-ден астам оқ-дәрі және басқа да террор құралдары тәркіленген.

Жыл басынан бері 340-тан астам терроризмге қарсы оқу-жаттығу жиыны өткізілген. Терроризмге қарсы күрес шараларын күшейту шеңберінде халық көп жиналатын орындарға 3400-ге жуық тексеру жүргізілген.

ҰҚК төрағасы Президентке экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жүйесін дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарындағы өзге де шаралардың жүзеге асыру барысын баяндады.  Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев терроризмге қарсы іс-қимыл әрекеттерін күшейту жөнінде бірқатар тапсырма берді.