«ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ ОРЫНДАЛСА, ОРЫНДАЛМАҒАН МАҚСАТ ҚАЛМАС ЕДІ»,- Қайрат Балабиев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Үкіметке шикізаттық емес орта кәсіп­орындарға арналған экспорттық акселерация бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын. Бұл идеядан нәтижеге дейін мақсатты түрде қолдау көрсету үшін қажет. Шағын және орта бизнестің жалпы іш­кі өнімдегі үлесі 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін, ал жұмыспен қамтыл­ған­дардың саны 4 миллион адамға дейін көбеюі керек. Бұл осы саланы дамы­туға бағытталған жұмыстардың басты нәтижесі болмақ» деген. Бұл істе өсу жоқ емес бар, десе де шикіліктер де жетерлік. Жер бетіндегі барлық ел мемлекет болып қалыптасу кезеңінен өткен. Тіпті соғыстан кейін де қираған қала, күйреген өндіріс қалпына келтірілген. Еліміздің Егемендік алғанына 30 жылдан асса да не өндіріс, не ауылшаруашылығы дұрыстап дамып жатқан жоқ. Жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінсе де, ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже екі салада да болмай тұр. Шикізатқа тәуелділікті айтумен келеміз, бірақ тәуелділіктен арылудың жолын таппай жүрміз. Әлемде мұнайы да, қазба байлығы да жоқ елдер басқа амалын тауып дамып жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдауды ұйғарып, экономикалық дамуға бастайтын қаулы қабылдады. «Бұл жұмыста бәрін басынан бастап реттеу керек. Тапсырма екі жылдан бері орындалмай келеді. Жүздеген, тіпті мыңдаған заңнамалық құжат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете бергеннен ештеңе шықпайды. Оның орнына ықшам әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн. Мемлекет пен жекеменшік серіктестігінің жаңа үлгісіне көшу керек. Қазір көптеген жоба кейбір кәсіпкерлер мен шенеуніктердің майшелпегіне айналды. Келісім-шарттар ашық және конкурстық негізде жасалуға тиіс. Осы мақсатта тиісті заң қабылдау қажет» деген.

Ұсақ-түйекке мән бермей, ірі өндіріске секіріп кеттік. Оның соңы сәтсіз аяқталды. Есесіне есепсіз ақша жұмсалып, қайтымы болмады. Жылына 67 000 — планшет, 40 000 — компьютер, 43 000 — монитор шығарады деген «Caspiy Electronic» зауыты, ал, 40 мыңдай көлік құрастырады деген «Тұлпар» автокөлік зауыты, сол сияқты «Қазтехмаш» зауыты, құны 120 млн АҚШ долларын құраған 100 мың тонна мырыш өндіреді деген Балқаш мырыш зауыты, «КазСат-1» жерсерігі, Шымкенттегі 19,3 млн долларға салынған «Ютекс» мақта өңдеу зауыты, 88,6 млн доллар жұмсалған «Биохим» және т.б зауыттар ашылмай жатып жабылып қалған. Сондай-ақ, 12 құс фабрикасы сияқты ірілі-ұсақты кәсіпорындардың талайының ғұмыры қысқа болды. Осы жобалардың барлығы жұмыс істеп, жаңадан бизнес ашыла бергенде осы уақытта еліміздің экономикасы біршама жақсаратын еді. Құмға сіңген бюджеттің қыруар қаржысы әлі де желге ұшып жатқан жайы бар. Қанша республикалық бағдарлама қабылданса да әлі күнге ауыз сусыз отырған ауылдар осының дәлелі. Ауыл демекші зейнетақы қорынан алынған триллиондардың ауыл шаруашылығының игілігіне бағытталғаны рас болса, шаруа шарықтаудың орнына неге шатқаяқтап тұр екен? Ол қаржы қашан қайтады? Екінші деңгейлі банктерді сауықтыруға берілген қаражат та қайтпады. «Алаған қолым береген» дегендей банктер мемлекет ұсынған маңызды жобаларға демеушілік танытуы тиіс. Еліміздің бизнесін қолдауға 42 млрд доллар керек екен. Президент дұрыс айтады. Банктерде айналымсыз жатқан активтерді осы мақсатқа пайдалану қажет.

2008 жылы Кореяның экономикасы дефолтқа ұшырағанда банк тұрмақ, қарапайым халық бағалы бұйымдарын салып құлдыраудан аман қалды емес пе?

Экономиканың дамуы елдің тұрақтылығына әсер етеді. Сондықтан да Үкімет Президенттің айтқанын екі етпей істеп бизнестің өркендеуіне атсалысуы керек. Ал, халықтан салық пен түрлі төлемдерден жиған-терген ақша жаратылып, жетпей де қала береді. Ауыз болған соң тамақ, дене болған соң киім, адам болған соң аурухана, бала-бақша, мектеп, университет, жұмыс орындары қажет болады. Бұл заңдылық. Сондықтан да бизнесті қаншалықты дамытсақ, соншалықты жақсы. Себебі, бизнестен салық түседі. Біздің қазіргідей мобильді аударымдарды тексеріп, 300 аударымнан асқан адамды кәсіпкерліктің тәуекел тобына қосуға асықпау керек. Егер адамның айлық табысы 3-4 миллионнан асса, ойланып көруге болады. Өйткені бұқараның арасында кірісі аз, шығыны көп тұрғындар көп. Бір пәтердің шаршы метрін 350-600 мыңнан, көліктің несиесі мен тұрмыстық қажеттіліктерге алған несие, ішіп-жемі, киім-кешегі, балалардың оқу ақысы сияқты шығындарды қосқанда 2 млн теңге кірістің өзі жетпей қалады. Халық мобильді аударымдарды тексеруге де, жаппай декларация тапсыруға да үзілді-кесілді қарсы. Шынтуайында бұл идеяның өзі дұрыс емес. Себебі халықтың тапқан тиын-тебенін тексеру көлеңкелі бизнесті анықтамайды. Осы сөз болғанда барлық тауарлар бірден 4-8 пайызға, қызмет ақысы 2-4 пайызға қымбаттап шыға келді. Бұл ненің ақшасы? Кәсіпкерлікке салынатын салықтың сомасы. Президент айтқандай салық жүйесін халыққа да, бизнеске де тиімді етіп жетілдіріп, бюджетке түсім түсірудің басқа тәсілдерін тапқан жөн. Жұртшылыққа балық аулайтын қармақ беру керек. «Ауыл аманаты» аясында үлестірілген төмен пайызды несие Президент айтқандай азаматтарды бизнеске ынталандырды. Сол сияқты төмен пайызбен шағын және ірі бизнесті де мемлекет қолдау қажет. Сол сияқты субсидиялау жүйесі де реттелсе игі еді. Тек өнімді өсіруге емес, өнімді өңдеу ісін де субсидиялау қажет. Сонда тауар өндірушілердің қатары артып, сауда айналымы жақсара түседі. Тек ірі кәсіпорындарға бере бермей, енді іс бастап жатқандарға да көбірек көмектессек, тезірек бизнес ддамиды. Субсидия алатындардың тізімін жаңалап тұруды шаруалар талап етіп жатыр. Сол сияқты жекеменшік мектеп, балабақша, медициналық мекемелерде, түрлі кәсіпорындарда жұмыс істейтін әлеуметтік мәртебеге ие қызметкерлердің жалақысының 50 пайызы субсидияланса кәсіпкерлерге тәп-тәуір демеу болар еді.

Еліміз энергия өндірісі жөнінен әлемде 34 орында тұр. Ал, қуат көзін өндіруде көш басындағы мемлекеттер энергетикалық ресурстарын жекеменшік пен монополияға бермейді. Мемлекет өз меншігінде ұстап, мемлекеттік маңызды мәселе ретінде қарайды. Себебі, электр энергиясын қажет етпейтін сала жоқ. Бизнес те, қалалар да, адамдар да электр энергиясын пайдаланады. Бизнес — мемлекеттік дамудың бастаушы күші. Сондықтан, жарық, су, газ деген мәселе бизнестің дамуына кедергі болмауы тиіс. Өкінішке қарай, бізде делдалдардың кесірінен халық та жарыққа қарық болмай келсе, енді олардан құтылғанда монополистер көптеген кәсіпорындардың жабылуына және тағы да барлық тауар түрлерінің қымбаттауына себеп болып отыр. Өздеріңізге белгілі Парламентте жылу энергетикасы туралы заң қайта қаралып жатыр. Президент өз жолдауларында делдалдар мен монополияны жоюды ескерткен еді. Алайда, энергетика саласында делдалдар жойылғанымен, оның орнын монополистер басты. Айтарлықтай ешнәрсе өзгермеді. Қазір, монополистер ойына келген тарифті өздері белгілеп, жарық бағасын өсіріп жатыр. Бұл бизнеске қатты әсер етті. Өйткені, заңды тұлғаларға газ, су, жарық бойынша жоғары тариф қарастырылған. Бұл нанның бағасын 10 теңгеге өсіріп жіберді. Шымкентте осындай жағдай болып жатыр. Негізсіз көтерілген тарифтің кесірінен бірқатар кәсіпкерлер бизнестер бас тарта бастады. Оның ішінде «Аzala-текстиль» сияқты тоқыма-тігін кәсіпорыны да бар. Еркін экономикалық аймақтарда жұмыс істеп тұрған зауыт, фабрикаларға да қауіп төніп тұр. Электр қуаты, су, табиғи газға тариф көтерілген сайын, инфляция өсе береді. Бұл кәсіпкерлерге де, тұрғындарға да тиімсіз. Тура сол сияқты пәленбай жылдан кейін қайта тірілген Кентаудағы кен байыту комбинаты да электр энергиясының қымбаттауы салдарынан жабылғалы тұр. Сондықтан Энергетика министрлігі, Монополияны реттеу агенттігі Президент тапсырмасына сәйкес монополияның мемлекеттік саясатқа қарсы келуіне жол бермеуі керек. Бәлкім, бізге энергетика саласын түгелдей мемлекет балансына қайтарып алатын уақыт жеткен болар. Және бизнесті қолдауды бір тетігі ретінде газ, су, электр энергиясының бағасын кәсіпорындар үшін арзан бағада ұсыну керек. Қымбат тарифті төлеу үшін отандық тауарлардың өзіндік бағасы да қымбатқа түседі. Соның салдарынан шикізат күйінде көп зат экспорттауға оңай тиіп, өңдеуге қиынға соғуда. Өйткені бізде онсыз да жоғары тарифтер бизнесті титықтатумен келеді. Ал, оған монополистердің өзімбілермендігі қосылып, жығылған үстіне жұдырық боп тиюде. Бұл еліміздің экономикалық дамуына қауіпті.

Дүниеде дүниеге таласып жатқандар бар. Мұнай мен алтын үшін соғыс ашып, елдерді отарлап алғандар болды. Ал, біз тек шикізатты экспорттаудан әрі аса алмай келеміз. Мәселен, Қытай – 370, Австралия мен Ресей – 310, Канада – 200, Қазақстан – 130, Мексика – 120, Индонезия – 110, Оңтүстік Африка мен Өзбекстан – 100 тоннадан алтын өндіреді. Алтынды бұлай өндірмейтін Италия, Түркия, Ауғанстанның алтын бұйымдары әлемдік нарықты жаулап тұр. Өзімізде өндірілген алтыннан өзіміз зергерлік бұйымдар жасап, ішкі және сыртқы саудаға шығаруға не кедергі? Алтыны жоқ жерлер алтынды шикізат күйінде импорттап, алқа, сырға, жүзік, білезік жасап екі есе бағамен экспорттап жатыр. Қазір Қазақстанда алтынның 1 грамы 23-25 мың теңге тұрады. Әлбетте бұл арзан баға емес. Тура сол сияқты шетелде кәдімгі смаладан тіс, силиконнан жасанды кеуде жасап жатыр. Шетелдік ғылым мен өндірістегі жетістіктерін сөз сипаттау мүмкін емес. Тек тамсанып көп нәрсе үйренуге болады.

Аграрлы-индустриялды Тунис зәйтүн өсіруден әлемде төртінші орынды осыдан 10 жыл бұрын иеленіп, онысымен қоймай зәйтүн майымен нарықтың 10 пайызын қанағаттандырып қойған. Мұнайы өндірісі жағынан Алжирден қалып кетсе де, Тунис бірінші ауылшаруашылығы, екінші туризм, үшінші жеңіл өнеркәсіп яки тоқыма-тігін ісінің есебінен халқының 50 пайызын орта дәрежелі өмір сүру индексінде ұстап тұр. Сол сияқты Румыния да индустриялды-аграрлы, экономикасы қарқынды дамып, соның арқасында жалпы ішкі өнім көлемінен Еуропалық Одаққа кіретін алғашқы ондықтың қатарындағы мемлекет. Румыния мамандардың біліктілігі мен тәжірибесіне ден қойған. Сондықтан да ол жақта жоғары дәрежелі кәсіби мамандар өте көп. Олар мемлекеттің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосып жүр. Ал, Қазақстанда көбінесе маман еместер өз саласында қызмет етпегендіктен, кәсіпкерліктің де, басқаның да дамымай жатқаны сондықтан.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кадр тапшылығы мен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты өте орынды әрі өзекті мәселе көтерді. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев өз ісінің маманы ретінде таңдалған кадр. Ол Президенттің отандық бизнесті қолдауға арналған тапсырмаларын тындырымды атқарып келеді. Кәсіпкерлікті қолдау, мүддесін қорғау, бюрократиялық қысымдарды азайту тетіктерін тапты. Мәжіліс депутаттарына берген есебіне тәнті болдық. Жаңа Қазақстанның дұрыс дамуына Президент таңдаған тың көзқарастағы адал әрі әділ азаматтар атсалысады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен ғылымға жіті көңіл бөлді. Соның арқасында екі салаға қарастырылған қаржы екі есеге артты. Ендігі міндет жас ұрпаққа тек білімге ден қойып, жастар еңбектенуге ұмтылуы тиіс. Білімді адамды «дүние де өзі, мал да өзі» деген емес пе? Өкінішке қарай қазір жалпы білім беру мекемелерінде төмендеп кеткен. Оқушылардан пән бойынша сұрап көрсеңіздер байқайсыздар. Жапондар 21 жасқа толғанша баланың қолына телефон бермей, жылына 120 кітап оқытып өсіреді екен. Нәтижесінде қандай керемет мемлекетке айналды. Сол сияқты Қазақстанның да болашағы білімді, іскер азаматтардың елге сіңірген ерен еңбегімен жарқын болады. Қазір мектеп бағдарламасы былыққа батқан. Бұл оқушылардың білімге құштарлығын, оқытушылардың білім беруге ықыласын бәсеңдетіп бітті. Жалпы білім беру ұйымдарында жалпы жағдай осындай. Ал, жекеменшік мектептерге ата-аналар балаларын беруге неге құмартады? Себебі оқу тиянақты әрі әрбір оқушының озат атануына ықпал етеді. Сондықтан жекеменшік мектептерді көбейту және мемлекет тарапынан қолдау қажет. Бұл жалпы білім ұяларын кемсіту емес, тек білім беру жүйесін реттеу керек. Кеңес өкіметінің кезінде оқығандардың барлығы бірдей білімді болатын. Соңғы 15 жылда еліміздің оқушылары оқулықтарды шығаратын монополистердің ойыншығына және министрлердің әр елдің оқу үлгісін тықпалаған сынақ алаңы мен сыналатын қоянына айналып кетті. Міне, осындай болымсыз реформалар мұғалімдердің де, оқушыларды да мезі қылғанын мойындау керек. Мұның соңы сауатсыздыққа әкеп соғады. Еліміздің ертеңі бүгінгі білімді ұрпаққа байланысты емес пе? Не есеп шығара алмайтын, не өз ойын жеткізе алмайтын, не тарихын танымайтын, терең ойлап, пайымдай алмайтын адам мемлекетті қалай дамытады деп ойласыздар?

Темір жол желісін жекеменшіктен қайтарып, стратегиялық маңыз беру керек. Темір жол арқылы түрлі жүк пен тауар тасымалданады. Көптеген темір жол желісі жекеменшікке өтіп кеткендіктен, қалаларға жүк жеткізуде қиындықтар туындап жатқан жайы бар. Кентау қаласына темір жол желісінің жекеменшіктің меншігі болғандықтан, инвесторлар тартылмай жатыр. Кезінде кеншілер шаһарынан теміржол арқылы тауар толассыз тасымалданатын. Темір жол сол үшін Кентауға арнайы салынған. Енді теміржолдың жекешеленіп кеткенінің кесірінен қаланың өндірісі инвесторсыз қалғалы тұр. Жалпы бизнестің еңсе тіктеп, ірі өндіріске айналуына кедергі келтіретін мәселенің бәрін реттеу қажет.

Қазір Кентаудағы экскаватор зауыты мен тігін фабрикасының жай-күйі аянышты. Шымкенттегі «Фосфор» зауыты мен шұлық тоқитын және әйгілі «восход» фабрикалары да мемлекеттік қолдауды күтеді. Аспандағы айға қол созбай, қол астында тоқтап тұрған өндірістерді өркендету арқылы да экономиканы біршама алға ілгерілетуге болады. Жаңа жобаларды бастауға және ескі нысандарды жаңғыртуға екінші деңгейлі банктердегі 2,3 триллион активтерді пайдалану тиімді. Президент қозғалыссыз жатқан активтерді бизнесті қаржыландыруға бағыттауға шақырғанын ұмытпайық. Түптеп келгенде банктер осы елдің азаматтарының арқасында өсім есебінен табыс тауып жатыр емес пе? Қашанғы мұнай мен қазба байлыққа иек артамыз? Оның өзін өндіргенімен ел мен жерге еселі пайдасы тиіп жатқан жоқ. Егерде мұнайдан түскен табыстың 1 пайызын болса халықтың мұқтажына бөлсе, кедейін байытқан арабтардан асып кетер ек. Арабтардың бай-манаптары өзінің әлжуаз халқына жұмыс істетпей, қайырымдылық пен зекет есебінен байытып кедейлік деңгейінен шығарады. Ал біз қазір капиталистік мемлекетке айналып барамыз. Ондай мемлекеттің байлары көп, кедейі жоқ болуы тиіс. Ол үшін не істеу керек десек жұмыс орындарын шын мәнінде көптеп ашу қажет. Әкімдіктердің 57 мың, 70 мың, 100 мың адам жұмыспен қамтылды дегендей өтірік және уақытша есебіне сенбеу керек.

Жұмыссыздықтың көптігі мен жұмыс орындарының аздығынан Дүниежүзілік сауда ұйымы қойған талаптарға жауап бере алмай отырмыз. Сол сияқты Президент ұсынған 10 ұлттық жобаны жүзеге асырмақ тұрмақ, қаржыландыра да алмадық. Жұмыс орындары көп болса, жұмыссыздардың саны азайып, салық арқылы бюджетке түсім көбейе түседі. Ал қазір тек салық пен айыппұлмен, қымбатшылықпен халықтың қалтасын қаққаннан басқа ешнәрсе өндіріп жатқан жоқпыз. Тапқан-таянғанын инфляция аздай, айыппұл арқалап титықтап жатса бұқара ашуға булықпай қайтсін? Ауылға барсақ күңкіл мен бұрқылдан артық әңгіме естімейміз. Әлбетте әркім аз да болса тапқанының жемісін жегісі келеді. Онсызда қысқа жібі күрмеуге келмей күнелткенде жан-жақтан жалмап жатса, зығырданы қайнайды.

2025 жылға дейін шағын және орта бизнестің үлесін 35 пайызға артырып, 4 млн адамды жұмыспен қату үшін 2 мың жұмысшы еңбек ететін 2 мың кәсіпорын ашу керек. Сонда Президент діттеген міндет орындалады. Ал, қазіргідей атүсті жүріспен межеге жету екіталай. Үкімет бұл бағытта шұғыл шаралар қабылдап, жедел іске кірісу керек. Күлтөбенің басында күнде кеңес өткізгеннен өріс кеңеймеді. Президент Парламентке сенім артқандықтан, Үкімет пен атқарушы билік тарапынан әрбір тапсырманың тиянақты әрі нақты орындалғанын қалаймыз. Жоғарыда айтып өткенімдей еліміздің ДСҰ алдында міндеттемелері бар. Оның бірі шетелдік банк филиалдарын ашу. Ол банктер халық пен бизнестің ахуалын жақсартуға жұмыс істейді. Өкінішке қарай, ұйымға мүше болғанымызға біраз уақыт өтсе де, кей талаптарын тездетіп орындауға құлық танытпай келеміз. Бұған елдегі 21 екінші деңгейлі банктер кедергі келтірмесе екен. Бәсекелестіктің артуынан қорықса, пайыздық мөлшерлемесін төмендетсін. 1 пайызбен болса да табыс тапса банктердің мұртын балта шаппайды. Кезінде зейнетақы қорынан ақша алғанда ауылшаруашылығын қолдау қорлары арқылы 1 пайыздық үстеме ақымен қайтатынын айтқан. Триллионға триллион қосылса жаман емес қой.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында: «Ауыл аманаты» бағдарламасының келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуға тиіс. Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал»,– деген. Осыған сәйкес Ауылшаруашылығы министрлігі жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша 60 млрд теңге бөлгенін, 2022 жылы күзгі жиын-терім кезінде 872 фермердің лизинге 1053 техника сатып алғанын айтты. Рас болса, жақсы екен. Алайда, жүздеген шаруалардан талап-тілектер толастар емес. Олар жеңілдетілген лизингке жете алмай жүргендерін жеткізді. Техника өте қымбат, қол жетімсіз болып тұр. Себебі, Қазақстанда утилизациялық алым 7 800 доллардан асып кетті. Бұл түптеп келгенде экологияға емес еліміз бен экономикаға кері әсер етіп жатыр. Биылғы дерек бойынша бір тракторға утиль алым 370 мыңнан 7,4 млн теңге, ал, комбайн үшін 1,6 млн-нан 8,3 млн теңгеге бағаланған. Өзі екеннін тірнектеп орған диқанға бұл соммалар тым ауыр тиеді. Утиль алымның кесірінен жаңа техника алудан шаруалар бас тартып жатыр. Бұлайша егін шаруашылығы дамып, шаруашылықтар аяғына тұра алмайды. Жапонияда утиль төлемі 120 доллардан аспайды. Көлік шығарудан бізден оқ бойы озық Өзбекстанда 15-20 мың теңгенің арасында. Европалық Одақта утиль алымды мемлекеттік деңгейде заңмен міндеттелмеген. Олар ескі көліктерге қатаң техникалық тексеру, экологиялық көлік салығымен шектеледі. Тіпті көліктің отаны саналатын Германияда да мемлекетке утилизациялық алым төленбейді. Бізде утиль алым да, салық та, кедендік рәсімдер де тым қымбат, оған автосалонның ақысы мен банктердің өсімін қосқанда 4 млн тұратын көліктің бағасы 14 млнға шейін шарықтап кетеді. Жұрттың бәрі дерлік үйді де, көлікті де несиеге алып, қып-қызыл шығынға батып жатыр. Су жаңа көлікке ақшасы жетпейтіндер арзанын алуға мәжбүр болады. Утилизациялық алымға түпкілікті тиым салу керек.

Ал, мемлекет басшысының пәрменімен 4 пайызбен берілген көлікке көпшіліктің қолы жетпей қалды. Бір қуантарлығы, «КІА» корпорациясы келер жылы Қостанайда автомобиль шығаратын толық циклді зауыт салмақшы. Жобаға 90 млрд теңгеден асатын инвестиция тартылған. Зауытта 1,5 адам жұмыспен қамтылып, жылына 70 мың автомобиль шығарады деп күтілуде. Қасым-Жомарт Тоқаевтың болжамы дәл келіп, көршілердегі геосаяси тұрақсыздыққа байланысты шетелдік компаниялардың Қазақстанға қоныс аударуы еліміз үшін берекелі болады деп үміттенеміз. Автоиндустрияны дамыту отандық өнеркәсіп саясатының негізгі бағыттарының бірі. Ішкі-сыртқы нарықты бақылауда ұстап, реттеп отыру мемлекеттің міндеті болуы тиіс. Қаншама әлемдік ұйымдарға мүшелікке енгенімізбен, өз тарапымыздан көшке ілесе алмай жатқанымыз жасырын емес. Өйткені кәсіпкерлік пен өндіріс дамымай тұрып, асығыс шешім қабылдап бірқатар одақтарға бас сұға салғанбыз. Әлгінде айтқан пафостық жобалар жабылып қалмағанда, анау айтқандай импортқа тәуелді болмас ек. Енді бәрібір шегінерге жол жоқ. Сондықтан ішкі сұранысты қамтасыз етіп, экспорттық әлеуетті арттыру кезек күттірмейді. Ол үшін ірілі-ұсақты бизнесті жан-жақты қолдап, қорғау қажет.

Мемлекет басшысы Мәскеуде өткен келелі кеңесте сыртқы сауданы қайта құру, Еуразиялық өнімді шетелдік нарыққа белсенді шығару, тауарды үшінші елдерге кедергісіз тасымалдау, еркін сауда туралы келісімдерінің желісін кеңейту, экспорттаушыларға жаңа нарықтарға жол ашу сияқты өңірлік және жаһандық өндірісті өркендетуге бағытталған ойларын ортаға салды. Азия, Африка, Таяу Шығыста жылдам дамып жатқан елдермен ынтымақтастық, Жаһандық Оңтүстікпен байланыс орнатуға, еліміздің Парсы шығанағына шығу үшін халықаралық көлік дәлізін құруға, Ашхабад келісіміне қосылуға шақырды. Сыртқы нарықтармен орнықты көлік жүйесінің болуы ұзақмерзімді интеграцияны жолға қояды. Сыртқы экономикалық қатынастар Президенттің саналы саясатының нәтижесінде оң шешімін табуда. Енді бізге отандық бизнестің өрісін кеңейтіп, өндірісті күшейту керек. Экономиканы әртараптандыру жүйесі толыққанды жұмыс істесе, мейлі ауыл шаруашылығы, мейлі өндірістік сала болсын жоспарлы дамуға көшу керек. Қазір отандық өндірушілер өз қотырын өзі қасып, өз арбасын өзі сүйреп жүр. Ірілі-ұсақты бизнестің барлығы дерлік банктерден жоғары пайызды үстеме ақымен алған несиеге құралған. Олардың көпшілігі банктерге берешегін төлеп, табыстың игілігін толық көре қойған жоқ. Сондықтан Президент тапсырмасына сәйкес Үкімет отандық бизнесті, тауар өндірушілерді, шаруашылықтарды төмен пайызды несиемен қамтамасыз етсе, жаңа бизнес жобаларға гранттар берсе, бәсекелестік орта қалыптасса даму көрсеткіші де өседі. Отандық бизнес еліміздің кемелді келешегінің кепіліне айналады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжат бәсекелестікті дамыту, экономикаға мемлекеттің араласуын қысқарту, бизнес шығындарын азайту арқылы кәсіпкерлік еркіндікті қамтамасыз етуге арналған шараларға толы болды. Осыған сәйкес бизнес ашу және жүргізу үшін реттеу саясатын одан әрі жетілдіру, рәсімдерді ырықтандыру шаралары қарастырылған. Президент барынша бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге, соның ішінде экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтарды қылмыс санатынан алып тастау сияқты тиімді ұсыныстар айтты. Жарлық шын мәнінде жүзеге асырылса, экономикадағы мемлекеттік сектордың үлесін ауқымды және жедел түрде қысқартуға, сондай-ақ, кәсіпкерлік үшін экономикалық кеңістікті ұлғайтуға қосымша серпін береді деп күтілуде. Боламын деген баланың бетінен қақпай, белін буып, аяғына нық тұрғанша қолтығынан демейтін қазақпыз. Қазір де кәсіпкерлерге және бизнеспен айналысқысы келетіндерге қаржылай қолдау көрсетілсе, тасын өрге домалатып әкететініне бек сенімдіміз. Уақыт бизнеспен айналысудың тиімділігін көрсетті. Әр қазақ мол нәсіпті кәсіпті болса, Қазақстанның көсегесін көгертеді. Өкінішке қарай, не жерге, не арзан несиеге қолы жетпей, арманда қалған азаматтар жетерлік. Сол сияқты, арба сүйресе де, таксилетсе де өз отбасын асырап, пәтер ақысы мен банкке берешегін төлеп жүрген жандардың да еңбегі еңбек. Әйгілі Конфуций айтқандай тыныш жатқан елді түрлі төлем, салық, айыппұл, бюрократиялық қысым көрсетпей, тыныштық пен қолына қармақ берген мемлекеттер игілікке бөленіп жатыр. Президент айтқан мәселелер дер кезінде орындалса, ештеңеден кеш қалмас ек. Бүгін істейтін жұмысты ертеңге ысыру — еріншектің ісі. Сондықтан күшті Президент, ықпалды Парламент, қуатты мемлекет — халық үніне құлақ асатын, есеп беретін Үкіметтің іскерлігімен қалыптасатынын ұмытпайық.

Қайрат Балабиев — Парламент Мәжілісінің депутаты