Қайрат Балабиев: — ЖАМАНДЫҚТЫ ЖАҢАЛЫҚ ҚЫЛМАУ КЕРЕК

Адам баласы жаратылғалы үнемі үдеріс үстінде келеді. Әлемде орын алып жатқан оңды өзгерістер мен ашқан жаңалықтар, сондай-ақ, жеткен жетістіктер ерен еңбектің жемісі. Ал, жер бетіндегі елдердің әркелкі дамуы бірінші кезекте әрбір адамның санасына байланысты. Тек мемлекеттің емес, адамның жақсы, не жаман болып қалыптасуы да санаға және тәрбиеге байланысты.

Президент Атырауда өткен «…Өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыру қажет. Біз жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз керек.«,- деген. Түсінгенге бұл ой саларлық әрі негізге аларлық мотивация. Ұлттық құрылтай — ұлттық мәселелерді талқылайтын келелі кеңеске айналып келеді. Ұлттық идеялогиямен айналысатын уақыт.

Мен заңгер болғандықтан, заң мен тәртіпке ерекше мән беремін. Бауыржан Момышұлы айтқандай «тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды».

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайда бес нәрседен қашық болуға тиістіні атады. Оның біріншісі нашақорлық. Елімізде мыңдаған адам есірткіге еліріп, тонналап тәркіленіп жатса да азаймай тұр. Әсіресе синтетикалық есірткі айналымы қызып, жастар арасында тез таралып барады. Бұл қоғамдық қасірет. Есірткі тек  нашақордың емес өзгенің де өміріне қауіпті. Есірткінің кесірінен есінен танғандардың қолымен де қылмыс жасалып жатыр. Ондайлардан дені сау ұрпақтың өмірге келуі екіталай. Сол себепті Президент Парламентке есірткі заттарын өндірушілердің жазасын ауырлатуды  ұсынды.

Бала кезінде компьютерлік клубтардан шықпай, ойын ойнап от басып, өз тағдырына өзі балта шауып алып, енді өкініп жүрген жас жігіттердің алды сотталып та кеткен. Маңдайға тиген таяқтан тоқтаған адамнан айналасың. Ал, «қой» дегенге қоймайтын, құмар ойынға тоймайтындар қиын болып тұр. Қу ойынның кесірінен талай шаңырақ шайқалып, жарты миллиондай отбасы ойран болған.  Оның бәрі телефонда, компьютерде, бас қосылса карта ойнап, ақырында букмекерлік кеңселер мен казинодан шыға алмайтын кеселге шалдыққандардың ісі.

Қайда қарасаң да құмар ойынның жарнамасы жар салып, мен мұндалап тұрады. Түркістандық парасатты жастар көшелердегі құмар ойындарының жарнамасына қарсылық танытты. Жастардың жақсылыққа ұмытылуы құптарлық. Мемлекет басшысы лудоманияның ең қауіпті әлеуметтік кесел ретінде атап өтіп, құмар ойынға тәуелділік ойынқұмарды қарызға батырып, отбасын оңдырмайтын, тіпті суицит пен ұрлық, кісі өлтіру сияқты қылмыстарға итермелейтінін ескертті.

Еліміздегі ажырасулардың 40 пайызы осы құмар ойындарының кесірінен. Ойын ойнайтындардың ресми саны 400 мың дегенімен, нақты санын ешкім дөп басып айта алмайды. Интернетті пайдалы іске пайдалана бермейтіндер азаймай тұр. Ертелі-кеш телефонға телмірумен уақыты өтіп жатқандар қаншама?

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда Үкіметке лудоманияға қарсы күрес жоспарын қабылдауды, құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қоюды тапсырды. «AMANAT» партиясының бастамасымен лудоманияға қарсы заң жобасы әзірленіп, жуырда қабылданды. Букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы 1 триллионнан асып кеткен. Бала-шағасы мен ата-анасының аузынан жырып, өз қолдарымен апарып беріп жатыр. Тіпті мемлекеттік қызметшілер арасында жарты миллиондай долларын бәске тігіп жіберген де бар. Адамның алдында жақсы және жаман жол тұрады. Қайсысын таңдасаңыз сонымен қауышасыз. Ойын емес, адам ойынды таңдайтын. Өздігінен ойыннан бас тарта алмайтындарға заңмен тиым салмасқа амал қалмады. Жетім мен жесірдің көбеюі қоғамға кесірі тигізеді. Мұны ойлап жатқандар шамалы.

Заңға сәйкес, енді мемлекет қызметшілер мен әскери қызметкерлер бәс тігетін болса, қызметінен қағылады. 21 жасқа толмағандарға құмар ойындарын ойнауға тиым салынады. Онлайн казино мен букмекерлік кеңселердің жарнамасы бұғатталады. Сол сияқты eGov порталы арқылы онлайн бәс тігуге өзі де 10 жылға дейін шектеу қойдыра алады. Ал, бұған дейін ұтыс ойындарынан ойыны осылғандар, букмекерлік кеңселер мен казиноларға кіргізілмейді. Дерек бойынша 3,5 миллион отандасымыз қара тізімде екен.

Жаңа заңның жетістіктерге жетелейтін тұсы жетерлік. Десе де әрбір ата-ана өз баласын телефонмен жұбатуды доғарса, ойынқұмар болмайды. Екі жылдай талқыланған заң жайында Президент: Аталған Заңның күшіне енуі азаматтарымызды, ең алдымен, өскелең ұрпақты осы зиянды әлеуметтік дерттен сақтауға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Орайлы сәтті пайдалана отырып, мәселеге бей-жай қарамай, заң жобасын жедел әрі сапалы әзірлегені үшін Мәжіліс пен Сенат депутаттарына алғыс айтты.

Құрылтайда көтерілген тағы бір өзекті мәселе тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг, агрессия. Дана бабаларымыз балаға ешкімнің ала жібін аттамауға, қиянат жасамауға шақырған. Ол заманда жаумен күресетін батыр тәрбиелеу мен елді қорғау мен азаттықтан артық арман болмаған шығар. Ал, қазір еріккенде пайдасыз істі ермек қылатын жас та, кәрі де көбейіп кетті. «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деген белең алып барады. Отбасын асырау, қорғау ердің ісі. Өкінішке орай, қазір отбасы мүшелерінің функциясы шатасып кетті. Мұның соңы сананы тұрмыс билейдіге жеткізіп, отбасылық құндылықтар ескерусіз қалды. Зорлық-зомбылық тұрғысынан қарағанда әйел мен балалардың құқықтары жиі тапталатыны жасырын емес. Қанша бала зорланып, қанша ананың қорланғаны да белгілі.

Жаңалықтардан күнде бір сұмдықты естиміз. «Ұят болады» деген ұғым ұмыт қалғандай. Мысалы мына тұрған Өзбекстанда телеарналары жамандық пен ұятсыздықты жария етпейді. Әлемде әлеуметтік желісіз де өмір сүріп жатқан елдер бар. Телеарна мен әлеуметтік желі үлкен идеологиялық құрал. Адам психологиясы «көрсем, білсем» деген қызығушылыққа құмартып тұрады. Өкінішке орай, бізде телеарна мен әлеуметтік желіде тек жамандықтың жаршысына айналған. Сол зорлық, сол қылмыс, сол суицид те екі ресурс арқылы елге таралып жатыр. Оны көргендер соны қайталап жатқандай көрінеді. Шариғатта да тез жайылып кететіндіктен кез-келген жамандықты жария етпеуге шақырған.

«Біреуді зорлап, біреуді қорлап кетіпті» дегендейін ақпаратқа құлақ, ал, сондай қылмыс жасауға біреулердің бойы үйреніп бара жатқандай. Меніңше қылмыстық іс-қимылдарды «дәріптеуді» доғарып, жамандықты жаңалық қылмау керек. Керісінше, Президент айтқандай ұлттық сананы түзеу үшін идеологияны реттейтін уақыт жетті. Қанша жерден Заң күшейтілгенімен адам өзін ұстай білмесе, екі-үш рет сотталып келіп, сол баяғы қылмысты қайталап жатқандар сабақ болу керек. Балалар мен әйелдердің құқықтарын қорғау әлемде қолға алынғандықтан Қазақстан шет қала алмайды. Әркім әрбір адамға өзінің туған қызы, туған анасы, туған бауырындай қарасын десеңіз, кей әкенің жақындығы шынымен де жездедей-ақ болып тұрғаны, өкінішті. Өз баласын аямаған, баласын туған анасын да аясын ба?

Түптеп келгенде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың зардабын бала мен әйел тартып жүр. Елімізде жағдай ушығып кеткендіктен заңды күшейтуге тура келді. Президент бұл жайында:

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатігездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті, ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес. Жедел жәрдем және қоғамдық көлік жүргізушілеріне шабуыл жасалғанын білесіздер. Адамға әлімжеттік көрсету, қорлау дұрыс емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. «Ауруын жасырған өледі». Сондықтан біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіз ортада өмір сүруі керек. Заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғамда Заң үстемдігі болуы қажет. Ең бастысы, біз мейірімді әрі мәдениетті ұрпақ тәрбиелеуіміз керек.

… Қоғамға қауіпті кеселдермен күресуге зиялы қауым, ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар, барлығы бір кісідей жұмылуы керек. Мұны әрбір азаматтың және бүкіл қоғамның міндеті деп түсіну қажет. Себебі бұл – ұлттың болашағына тікелей мәселе»,- деп еді.

Ойланып қараңызшы, сау адам сау тұрған дүниені бүлдіре ме? Көшелерді жарықтандырып, орындықтар орнатып, ойын алаңқайларын салса да қиратып тастай беретіндердің қарекетіне қайран қаламыз. Не тау, не тасқа да тыныштық бермейді. Біреулердің әупірімдеп салған үйлерінің терезесін шағып кететіндерге не дерсің? Ондайлар өздерінің сүйкімсіз әрекеттерін қылмыс санамағандықтан сындырып, қиратады. Заңда алғаш рет вандализм қылмысы сараланды. Яғни айқындалған құрамына қарай  әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік немесе діни араздық себебімен, бір топ адам немесе алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаса да, әсіресе, әдейі әрі бірнеше рет вандализм жасаса да сипатына байланысты жаза тағайындалады. Қылмыстық жауапкершілік тарихи, мәдени ескерткіштерді, табиғи кешендерді немесе мемлекеттің қорғауына алынған объектілерді, сондай-ақ ерекше тарихи, ғылыми, көркемдік немесе мәдени құндылығы бар заттарды немесе құжаттарды қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін ауыр жаза тағайындалды. Вандализмге барған 14 жасар жасөспірімнен бастап жауапкершілікке тартылады. Сондықтан титтей балаға ештеңені бүлдірмеуді үйретіп өсіру керек. Сонда мемлекетті де, қарапайым халықты да миллиондаған шығынға ұшыратпайтын болады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайда көтерген бүкіл өзекті мәселе бойынша заң әзірлеуді тапсырып, көпшілігі қабылданып күшіне еніп те жатыр. Мысалы, Қылмыстық кодекске «адам саудасына байланысты қылмыстар» деген жаңа ұғым енгізілді. Яғни адам ұрлау, адамды заңсыз бас бостандығынан айыру, адам саудасы, оның ішінде кәмелетке толмағандарды сату, жезөкшелікпен айналысуға итермелеу және басқа да қауіпті қылмыстық әрекеттерді қамтылған. Енді мұндай қылмыстарды жасағандар татуласу арқылы қылмыстық жауапкершіліктен босатылмайды. Себебі, адам мемлекеттің капиталы. Сондықтан оны тән саудасына сатуға, құлдыққа жегуге болмайды. Сондай-ақ, кәмелетке толмағанын біле тұра, жезөкшелік немесе сексуалдық сипаттағы қызметтерін пайдаланғадарға да алғаш рет қылмыстық жаза қатаңдатылды. Себебі заңда кәмелетке толмаған қызды сексуалдық сипаттағы қызмет көрсетуге жәнн ондай бейәдепті насихаттау немесе жезөкшелікті жарнамалауға мәжбүрлеу де қылмыс деп танылады.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда тоқталған жағымсыз әдеттің бірі – ысырапшылдық. Негізі бұл тек қоғамға емес, Құдайға да ұнамсыз іс. Бүгінде дүние жарысы өзекті болып тұр. Шамасы жетсе де, жетпесе де көрпеге қарай көсілмейтіндер де, тарта жесе тай қалатынын ескермейтіндер де көбейіп кетті. Халық қарызға батып қалды деген сөз жиі айтылады. Шынтуайында біз де бизнесті кредитке бастап, әлі күнге несие төлеп жүрміз. Біз банктен алған несиені бизнес бастауға бұрдық. Ал, қазір үй тозып тұрса да, қыруар қаржыға телефон алатындар бар.

Тойдың да түрі көбейіп кеткен. Бірінен бірі озғысы келеді. Осының бәрі «пәленше не дейді, түгенше не дейді» дегеннен басталған. Сөйтіп адамдардың тойып шейін қарызға өткізіп жатқаны. Қарап тұрсаңыз қазіргі әйелдер бір тойға киген көйлекті, екінші тойға кимейді. Есесіне жігіттер бір киімді жұмысқа да, тойға да киіп үндемей жүре береді. Ал, енді әр тойға бір көйлек киіп, тойға шашылып, сөйте тұра «айлық жетпейді, отағасы түк таппайды» деп, ақырында үкіметті кінәлап шығатындар бар. Материализм шеткен шығып, минимализмді ұстанбайтын болдық. Мәселен, шет елде бір кісілік дүниесі, үйі болмаса да ішіп-жемге күйі болса, артылған ақшаны жинау үрдісі кең тараған. Қысқа жібі күрмеуге келмей жатса да, қарызданып, банктерге жем болу, қаржылық сауаттылыққа жатпайды. «AMANAT» партиясының бастамасымен екі жылдан бері мыңдаған адам қаржылық сауат ашты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайда жөн сілтеген таза дінде ысырапшылдыққа да, адам саудасына да, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа да, вандализмге де, құмар ойындарының барлық түріне де, жалпы адамға жақпайтын барлық жаман әрекетке тиым салынған. Уақытты әлеуметтік желіде текке өткізіп, теледидар арқылы тықпалап жатқан әркімнің құйтырқы идеологиясын сіңіріп, жамандығын жиғанша, елде қабылданып жатқан заңдармен танысып, жан-жақты білімді әрі табысты болуға талпынып, ғылым тауып мақтануға, бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болған қайда пайдалы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бәрін дұрыс айтады. Біз тек еститін құлақ пен орындайтын адам көбейсе екен дейміз.

 

Қайрат Балабиев – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты