ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙДАҒЫ ҰЛТТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР

Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда ұлттық құндылықтар қамтылды. Мемлекет басшысы тарихи тұлғалардың атын тірілту мен ұлттық киім, ұлттық тәрбиеге қатысты өзекті мәселелердің оң шешімін айтты.
Енді көшелер мен кенттерге халыққа қиянат қылғандардың емес, ұлтқа қызмет етіп, еңбегі сіңгендердің аты беріледі. Білім-ғылымға үлес қосқан тарихи тұлғалар баршылық. Президенттің бұл бастамасын естіген жұртшылық қуана қабылдап жатыр.
Сол сияқты ел болып тойлайтын Наурыз мерекесінің алдындағы он күндікке атау беріп, жаңаша үрдіс қалыптасып жатқанын атап өтті. Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлттық болмыстан айнып, тұмшаланып алғандарға да тоқталды.
Аналар мен балаларға ерекше көңіл бөлетін мемлекет басшысы бұл жолы да айналып өтпеді. Былтыр мектептерде енгізілген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын енді жаңарған құжатты еліміздегі барлық мемлекеттік білім ошақтарына қосуды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Жергілікті билік өкілдері мен қоғам белсенділері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу жұмысынан шет қалып отыр. Оның үстіне, осы бағыттағы жұмыстар қазір әртүрлі құжатпен реттеледі. Шашыраңқы болып тұр бәрі. Соның бәрін бір жерге жинақтаған дұрыс деп ойлаймын. Осыған орай «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдаған жөн.
Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек. Ашығын айтсақ, бала оқыту ісінде бұған дейін білімге көбірек назар аударылды. Ал ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болған жоқ. Бұл салаға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды»,- деді.
Аталмыш жобаның түпкі мақсаты адал азаматқа тән қасиеттерді бойына сіңірген отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. Президент әділетті Қазақстанның адал әрі әділ азаматтардың арқасында қалыптасатынын айтқан. Соның нәтижесінде елдің мемлекетке деген сенімі нығая түседі. Енді «Адал азамат» жобасын жүзеге асырылуы бек мүмкін.
Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл. Президент осыдан бес жыл бұрын Абай институтын құру туралы ұсынған бастамасы бүгінде цифрлық платформа форматында іске асырылып, диаспоралар мен басқа да шетелдіктерге қазақ тілін үйрету құралы ретінде жұмыс істеп тұр. Мемлекет басшысы осы жобаны толыққанды мәдени-ағарту мекемелеріне айналдыру үшін әлемдегі Конфуций, Гете, Сервантес институттары сияқты жұмыс істеуі керек деген ойын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
«— Абай институты негізгі серіктес елдердің бәрінде төл мәдениетімізді насихаттайтын орталық болуға тиіс. Бірқатар елде, мысалы, Қытай, Түркия, Моңғолия және басқа да мемлекеттерде осындай орталықтар ашылатын болды. Сыртқы істер министрлігі мен «Отандастар» қорына Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, шетелде осындай орталықтар ашу мәселесі бойынша тиісті жұмысты жалғастыруды тапсырамын.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы белсене айналысуда. Бұл ұйымның бастамаларын біз тұтас қоғам болып әрі қарай қолдауымыз керек.
Мәдениет дегеніміз – жай ғана ғимараттар мен мекемелер емес. Бұл – ұлттық сана-сезімді жаһандық ауқымда нығайта түсетін мықты тұғыр»,— деді.
Президент сонымен қатар, Қазақстан туралы сурет немесе видео әзірлеуге сұраныс танымал сервистердің тапсырыс үдесінен шыға бермейтінін, өйткені, жаһандық нейрожүйелердің қазақ тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрімізді толық білмейтін, соның салдарынан интернет кеңістігінде Қазақстан туралы тіпті ағылшын тілінде ақпараттар көп еместігін атап өтті. Қазір Үкімет бұл бағытта қолда бар мұрағаттар мен анықтамалық мәліметтерді, ғылыми зерттеулерді, иллюстрациялар мен фотосуреттерді, музыкалық шығармаларды және өнер туындыларын цифрлық форматқа көшіріп жатыр. Президент ұлттық цифрлық мұрағат құрып, оны еліміздегі және шетелдердегі нейрожүйе жасаушылардың еркін пайдалануына мүмкіндік беруді ұсынды. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен ұлттық бірегейлігіміз үшін маңызы зор тарих ғылымының дамуына назар аударылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Қазір отандық тарих ғылымының және біздің зияткерлеріміздің алдында төл тарихымыз туралы түсінікті жаһандық өркениет парадигмасы тұрғысынан кеңейту міндеті тұр.
Ашығын айтсақ, көптеген ғалымдар мен қоғам белсенділері әлі күнге дейін Қазақстанның жылнамасына ұлттың жадына жара салған тарихи оқиғалар тұрғысынан қарайды. Бұл жағдай төл тарихымызға көзқарас ауқымын тарылтады. Біз барынша кең әрі терең ойлауымыз қажет»,- деді.
Президент тарихшылар мен зерттеушілер алдына елімізді әлем өркениетінің дербес бөлігі ретінде қазақ халқының әмбебап әрі бірегей өмірлік тәжірибесін толық ашып көрсету міндетін қойды. «Тарихымыздың әр белесі бізге бөлінуді емес, бірігуді, қиратуды емес, жасампаз болуды үйретіп келеді. Сондықтан Қазақстан Ұлы дала жүрегі ретінде бүгін де өзінің тарихи миссиясын жалғастыра беруі керек»,-деді, Президент.