«БАЛАПАН» МЕН «ТОКАМАК» НЕ БОЛМАҚ?

Президент Абай облысында ядролық кластер құруды Үкіметке тапсырған. Осыған байланысты Премьер-министр Олжас Бектенов осы мақсаттағы тапсырмалардың жүзеге асырылу барысын тексерді.
Бұрынғы Семей полигоны аумағында «Балапан» сынақ алаңы мен «Атом көлі», шахталық іске қосу қондырғылары жұмыс істеп тұр. Мұнда әлемдегі алғашқы «токамак» (магнитті катушкалары бар тороидты камера)атты «Байкал-1» ядролық зерттеу реакторы да бар.
Ұлттық ядролық орталықта болған Үкімет басшысы энергетикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңес өткізді. «Байкал-1» кешені аумағында жүргізіліп жатқан ядролық реакторларды зерттеудің негізгі бағыттары туралы баяндалды. Атом энергетикасы және энергетикалық технологиялар саласындағы ғылыми әзірлемелер үшін пайдаланылатын ИВГ.1М зерттеу реакторына мән берілді. Маңызды кезең – ИВГ.1М реакторын төмен байытылған отынға конверсиялауды аяқтау. Бұл бастаманы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) қолдаған.
Конверсия барысында реактор кешенінің жүйелері айтарлықтай жаңғыртылды, бұл атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға және еліміздің технологиялық, энергетикалық тәуелсіздігін арттыруға бағытталған ғылыми бастамаларды одан әрі дамытуға ықпал етеді. Олжас Бектенов қолда бар әлеуетті ашуда және стратегиялық мәселені шешуде ғалымдарға жан-жақты қолдау көрсету қажеттігін айтты. Жақын арада ИВГ.1М реакторы жобалық сипаттамаларына қол жеткізу үшін жаңғырту жұмыстары аяқталмақ.
Үкімет басшысына қазақстандық материалтану токамагы (ҚМТ) бірегей тәжірибелік термоядролық қондырғысын тексеру барысында негізгі жабдықтармен және жүргізіліп жатқан зерттеулер нәтижелері таныстырылды. Бұл – соңғы 10 жылда пайдалануға берілген әлемдегі мұндай деңгейдегі алғашқы мамандандырылған қондырғы. Токамак басқарылатын термоядролық синтез саласында іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуге, реакторларға арналған материалдарды сынауға арналған. Мұнда еліміздегі термоядролық технологияларды дамытудың маңызды бағыты саналатын плазмалық разрядты зерттеу және материалдарды сынау бойынша тәжірибелер жүргізіледі.
Ұлттық ядролық орталықтың (ҰЯО) кеңсесінде Премьер-министрге атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы негізгі жобалар туралы баяндалды. Орталық – ядролық қауіпсіздік, атом энергетикасы және радиациялық экология мәселелеріне маманданған жетекші ғылыми-зерттеу ұйымы. Ұлттық ядролық орталықта ғылыми ізденістер жүргізу, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ жоғары білікті мамандар даярлау мәселелері қамтылған.
Энергетика министрлігі Атом саласын дамытудың 2050 жылға дейінгі стратегиясын әзірлеуде, ол келешекте атом стансаларын салу және ядро-энергетикалық бағдарламаны тиімді іске асыру үшін қажетті басқа да бағыттарды дамыту жоспарларын қамтиды. Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, отандық жоғары оқу орындары, колледждер және «Ядролық физика институты» РМК базасында АЭС салу, пайдалану және техникалық қызмет көрсету үшін жоғары білікті мамандар даярлау бойынша кешенді жоспар жобасы әзірленді. Сондай-ақ, Курчатов аумағында ғылыми қалашықтарды дамыту бойынша ұсынылған тәсілдер қаралды.
Олжас Бектенов:
«Мемлекет басшысы алдымызға энергетиканы дамыту және ядролық кластер құру жөнінде маңызды міндет қойды. Қазақстан – әлемдік нарықтағы 43% үлесімен уран экспорты бойынша көшбасшы мемлекет. Бізде зерттеу реакторларын пайдалану тәжірибесі бар және мықты ғылыми әлеует қалыптасқан. Толық ядролық отын цикліне көшу экономиканың барлық саласында ілгерілеуді қамтамасыз етеді»,
— деді.
Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр салалық ведомстволар басшыларына бірқатар тапсырмалар берді деп хабарлайды, Үкіметтің баспасөз қызметі. @KZgovernment