СОЗАҚТА САЛЫНАДЫ

Созақта 1000 орындық жұмыс орнына арналған жоба жүзеге асырылады. «Саутс-ойл» компаниясының «Созақ фосфат» фосфор тыңайтқыштарын өндіру зауытын салуды бастады.  Өндіріс ошағының капсуласын салу рәсіміне облысы әкімі арнайы қатысты.

Нұралхан Көшеров:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы экономиканы әртараптандыру, өндірісті дамыту міндетін жүктеді. Облыста осы бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгін Түркістан облысына және Созақ ауданы үшін маңызды инвестициялық жобаның құрылысын бастағалы тұрмыз. Бұл зауытта фосфор қалдығын өңдеу арқылы ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыштар өндіріледі. Зауыттың іске қосылуы құрамында фосфоры бар тыңайтқыштың импортына тәуелділікті азайтады. Осында өндірілген тыңайтқыштар мен препараттар елімізде азық-түлік бағасының тұрақты болуына оң әсерін береді. Жобаны жүзеге асыруға жұмсалған қаржы өз-өзін ақтайтыны анық. Ол аудан жене облыс экономикасына мультипликативті әсерін тигізеді. Инфрақұрылым бойынша қолдау көрсетіледі, – деді.

Облыстың индустрияландыру картасына енгізілген жобаның инвесторлары – «Саутс-Ойл» және «China Tianchen Engineering Corporation LTD» компаниясы. Инвестиция көлемі шамамен 140 млрд теңгені құрайды әрі 1000-ға жуық адам жұмыс орнымен қамтылады деп күтілуде.

Экологиялық талаптар қатаң сақталатын және заманауи технологиялар қолданылатын жоба арқылы фосфор қалдығын алу, фосфор тыңайтқыштарын шығару, терең өңдеу көзделген. Зауыттың қуаттылығы жылына 1 миллион тонна азот-фосфор-калий кешенді тыңайтқышын және 600 мың тонна фосфор нитратын шығарады. Зауыт 2027 жылы іске қосылады. Өз өнімдерін Қазақстаннан бөлек Үндістан, Қытай және көршілес елдерге экспорттау мүмкіндігіне ие болады.