СЫБАЙЛАСТЫҚҚА ЖОЛ БЕРМЕЙ, ШЕШУ КЕРЕК

Президент агроөнеркәсіп саласын кешенді дамытуды үкімет пен министрлікке міндеттеген. Осыған байланысты облыста жүзеге асырылатын бағдарламалардың жоспары түзілген.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өзі жетекшілік ететін салаларға қатысты тапсырмалардың орындалу барысын үнемі бақылаудан ұстайды. Себебі индикаторлық көрсеткіштер бойынша аудан, қала жұмыстары сараланып, бағасы беріледі.
Ауыл шаруашылығы басқармасына берілген 279 тапсырманың 215-і орындалып, бақылаудан алынған. Облыстық жер қатынастары басқармасы – 3, ветеринария басқармасы 5 тапсырманы орындапты. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы 10 тапсырма орындалу үстінде деп ақталды.
Аудан, қала әкімдіктері тапсырмалардың тежелу себебін түсіндірді. Мәселен, Мақтарал ауданында су үнемдеу технологиясын 8 мың гектарға енгізу межеленсе де, оның жартысына да жеткізбеген. Жауапты тұлғалар шаруашылықтар арасында су үнемдеу әдісінің қажеттілігі мен пайдасын түсіндіріп жатқанын айтты.
Ордабасы ауданында жұмысшы топ анықтаған мал саны тіркелмеген. Онда 21,8 мың гектар жайылымдық жерді мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Аудан әкімінің орынбасары тапсырманы мерзімінде аяқтауға уәде берді.
5 айдың қорытындысымен Отырар ауданына агроөнеркәсіп кешеніне тартылған инвестиция 5,3 млрд. теңгені құраған. Тамшылатып суғару әдісі 3,3 мың гектарға енгізілген. Облыс әкімінің орынбасары нәтижеге жету үшін шаруашылықтармен, жеке шаруалармен, диқандармен тығыз байланыс орнату қажеттігін атап өтті.
Нұрбол Тұрашбеков
– Бағдарламалар бізге түсінікті, өйткені осы салада жүрміз. Ал, қарапайым шаруаға түсіндіру, көзін жеткізу, қолдау білдіру, көмектесу – сіздерге жүктелген міндет. Түсінбегенін мамандардан сұрап, шаруасын дамытатын жағдайға жетуіміз керек. Ашық болыңыздар! «Мәселені шешемін» деген адам жолын табады, – деген облыс әкімінің орынбасары жауаптыларға жұмысты заң аясында ұйымдастыруды, сыбайластық әрекеттерге жол бермеуді қатаң ескертті.