ЖҰМЫСШЫ ТОП БАҚЫЛАЙДЫ

Аудандардың ахуалын арнайы жұмысшы топ бақылайды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков лездемелік мәжілісте мәлімдеді.
Жылыжай шаруашылығын дамыту, жылыжай қарқынды бау егу, үш жақты келісім негізінде индикаторлық көрсеткіштердің орындалу барысын саралап, осындай тоқтамға келген. Себебі, Президент жалған есептің кесірінен кей өңірлерде кемшіліктердің барын айтқан еді. Осыған байланысты облыс басшылығы аудандардың жұмысын жіті зерделеп, даму қарқынын бақылауға алмақ.
Нұрбол Тұрашбеков
– Аудандардың жолдаған мәліметтерін тексеріп, қалыптасқан шынайы жағдаймен салыстыру керек. Өкінішке орай, нақты тірлік кейде есеппен сәйкес келе бермейді. Шұғыл жұмысшы топ құрып, талдау жүргізуді тапсырамын, – деді.
Жұмысшы топ құрамына енген басқарма басшылары ауыл-аймақты аралап, жағдайды жеке баяндайды. Әсіресе, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан әкімдіктерінің ағын суды шығынсыз тиімді пайдалану, мал азығын дайындау және жайылымдық жерлерді қайтару бойынша атқарған жұмыстары қатаң қадағаланады.
Жұмысшы топтың қорытындысымен облыс әкіміне кемшілікке жол берген аудан-қала басшыларының жауапкершілігін қарау ұсынылатыны ескертілді.