ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ 3 ІРІ ЖОБАНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ БОЙЫНША МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

Астанада «Орталық Азия – Қытай» индустриялық және инвестициялық ынтымақтастықтың ІІ форумы өтті. Халықаралық деңгейдегі басқосуға Қазақстан, Өзбекстан, Тажікстан, Түркіменстан, Қырғызстан және Қытай елдерінің өкілдері, бизнес қауымдастықтары мен ірі инвесторлары қатысты.
Мақсат Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы экономикалық байланысты дамыту және нығайту, өзара инвестиция тарту, бірлескен өндірістер құру және өңір экономикасының стратегиялық салаларында кооперациялық жобаларды ілгерілету. Мұндай форумдар бірыңғай экономикалық кеңістік құруға және мемлекетаралық диалогты нығайтуға ықпал етіп, қатысушыларға жоспарланған жобалардың жүзеге асыруына жол ашады.
Түркістан облысы өндіріс пен өнеркәсіпке инвестиция тартудан елімізде көш басында келеді. Қытай Халық Республикасының бизнес топтарының өкілдері үшін өңір диалог алаңына, сондай-ақ, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың маңызды аймағына айналғаны даусыз.
Саммиттің алғашқы күні-ақ Түркістан облысы және қытайлық бизнесмендер арасында жалпы құны 300,7 млн АҚШ долларын құрайтын 3 ірі инвестициялық жоба бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда, Түркістан қаласында «Түркістан қаласының Шығыс айналма жолының құрылысы», Өзбекстан Республикасының шекарасынан «Шардара – Арыс» бағытындағы жол құрылысы жүргізілмек. Аталған жобаны іске асыруға Қытайлық «China Railway Asia – Europe Costruction Investment Co LTD» компаниясы қызығушылық танытты.
Сондай-ақ, облыс аумағында «Белдеу және жол» Қытай-Қазақстан заманауи майлы дақылдар индустриялық паркін құру жоспарлануда. Жобаның құны — 140,7 млн АҚШ доллары. Нәтижесінде, 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаны іске асыруға қытайлық «Jinxin (Si’an) Seed Technology Co., Ltd.» компаниясы пейілді болып тұр.
Бұдан басқа, өңірде «Бір белдеу бір жол» трансшекаралық тауар сауда орталығының Орталық Азиядағы филиалын» ашу көзделген. Жоба құны — 160 млн АҚШ доллары. Нәтижесінде, 1000 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Жобаны қытайлық «Portuguese-speaking (Xi’an) Technology Development Co., Ltd.» компаниясы іске асыруға асық.
Форум аясында өткен панельдік сессияларда қатысушылар цифрлық және ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты, Орталық Азия мен Қытай елдерінің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту, агроөнеркәсіптік кешендегі инновациялық тәсілдер мен тау-кен металлургия саласындағы басымдықтарды пысықталды. Қатысушылар тәжірибе алмасуға, озық технологияларды енгізуге және мемлекетаралық инвестициялық әріптестікті кеңейтуге ниетті екендерін жеткізді. Форум B2B және B2G форматындағы келіссөздермен аяқталды.
Қазақстан мен Қытай компаниялары арасында жалпы сомасы 24 миллиард АҚШ долларынан асатын 58 коммерциялық келісімге қол қойылды.
Екі күнге жалғасатын саммит аясында Түркістан облысы мен шетелдік инвесторлар арасында жалпы 5 ірі жоба бойынша меморандумға қол қойылады. Өңір мен Қытайдың Шэньси және Хубэй провинциялары арасында бауырластық келісімін орнату жоспарда бар.