ҚАЗАҚ-ҚЫТАЙ СЕНІМДІ СЕРІКТЕС

Астанаға арнайы келген ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев зор құрметпен қарсы алды. Екі ел басшылары бизнес саммитке қатысып, сауда-экономикалық, көлік-логистика, инвестициялық әріптестікті нығайту бағытында келіссөз жүргізді.

Сан қырлы қазақ-қытай ықпалдастығының мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық әріптeстік рухында және бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келе жатқанын мемлекет басшысы ерекше ықыласпен атап өтті.  Қытаймен ортақ тарихымызда ешқандай түйткілдер немесе тосқауылдар болмаған. Тек қана өзара достық пен ықпалдастық, түсіністік пен жылы лебіздер басым болып, қытай халқының қазақ халқына ешқандай зиян келтірмегенін айтты, Президент, жылдан жылға нығайып келе жатқан қатынастың жаңа «алтын кезеңге» қадам басқанын мәлімдеді. Достық байланыс екі елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына және халықтардың әл-ауқатын жақсартуға зор септігін тигізіп жатқаны да жасырын емес.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев

– Қытай Қазақстанмен арадағы ынтымақтастығында қандай да бір саяси шарт қоймаған. Біздің егемендігіміз бен қауіпсіздігімізге көрсеткен қолдауыңызды бағалаймыз. Қытайдың бейбітшілік бастамаларын қолдаймыз. Еліңіздің әділ әлемдік тәртіп орнату әрекеттерін қуаттаймыз, – деді.

Президент екі елдің БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК секілді халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында, сондай-ақ БРИКС + және «Орталық Азия – Қытай» форматында жоғары деңгейдегі ықпалдастық орнатқанын, ҚХР-дың Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық серіктесі екенін атап өтті. Былтыр екіжақты сауда-саттық көлемі 44 миллиард долларды құрап, рекордтық көрсеткішке жеткен.

Сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық сала бойынша елімізде мәдениет орталықтары, Лу Бань шеберханалары, Қытай жоғары оқу орындары мен ғылыми-техникалық орталықтарының филиалдары жұмыс істеп тұр. Қазақстан Конфуций орталықтарына қолдау көрсетеді. Биылғы жыл «Қазақстандағы Қытай туризмінің жылы» болып жарияланып, екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге, өзара сенімді нығайта түсуге мүмкіндік берді. Президент келелі кеңесте атом энергетикасы саласына арнайы тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев: 

– Біз Қазақстанда бірнеше, тым болмағанда екі-үш АЭС салу туралы шешім қабылдадық. Осы маңызды жобаға ірі компанияларды тартуға қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі құрылды. АЭС құрылысы бойынша Қытайдың CNNC компаниясын сенімді стратегиялық серіктес ретінде қарастырып отырғанымызды ерекше атап өткім келеді. Әлемге әйгілі компания біздің нарықта өз орнын табатыны анық. Сонымен қатар Қазақстан Қытайға табиғи уран мен ядролық отын жеткізіп отырған сенімді ел, – деді.

Өз кезегінде Си Цзиньпин ерекше сый-құрмет үшін Президентке ризашылығын білдірді. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстанның ұлттық жаңғыру жолына түскенін, ел дамуында тың табыстарға қол жеткізіп келе жатқанын айтты.

 

Си Цзиньпин:

– Тату көрші әрі стратегиялық серіктес ретінде біз Сіздердің жетістіктеріңізге тәнтіміз. Сіздер үшін қуаныштымыз. Қытай мен Қазақстанның қарым-қатынасы құбылмалы әлемнің сынына төтеп беріп, қарқынды дамып келеді. Бұл – тек географиялық тұрғыдан жақындықтың, ғасырларға ұласқан достықтың арқасы ғана емес, елдеріміздің өркендеу жолындағы табиғи сұранысы. Соңғы жылдары бірлескен күш-жігердің нәтижесінде тағдыры ортақ Қытай мен Қазақстан арасындағы ықпалдастық жаңа мән-мазмұнмен толығып жатыр. Бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалардың жүзеге асырылуы қос халыққа айтарлықтай пайда әкелді. Мен Өзіңізбен тізе қосып, Қытай-Қазақстан достығын нығайтуға, өңірдің және жалпы әлемнің дамуына елеулі үлес қосу үшін екі елдің сан қырлы ынтымақтастығын одан әрі ілгерілетуге әзірмін, – деді.

 

Екі ел ынтымақтастығының барлық бағыттағы басымдықтар бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин жүргізген келіссөз нәтижесінде 24 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда, энергетика, аэроғарыш, цифрландыру, кеден, ауыл шаруашылығы, электронды сауда, туризм, зияткерлік меншік, медицина, медиа, ғылым, өңіраралық байланыс салаларындағы ынтымақтастықты қамтитын құжаттармен алмасты. Олардың ішінде инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау, техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімдер бар.

 

Aqorda_resmi